27 Мамыр, 2014

Стенограмма

666 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
18(166)Сағадат Нұрмағамбетов! Жайдары да кішіпейіл, ақкөңіл де қарапайым осы бір аяулы жанмен біздің түрлі жағдайда, әртүрлі кездерде төрт рет кездесіп, сұхбат­тас­қанымыз бар. Алғашқы жүздесу 1980 жылы «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенде, одан кейінгі жолығысу 1990 жылы «Қазақстан коммунисі» жур­налында қызмет атқарған кезде болған еді. Ал асыл ағамен жолымыз үшінші рет «Халық кеңесі» басылымындағы дөңгелек үстел үстінде түйісіп, төртінші әңгімелесуіміз «Егемен Қазақстанның» тапсырмасымен 2006 жылы тәуелсіз­дігі­міздің 15 жылдығына тұспа-тұс келген-тін. Сондағы сұхбат-әңгімелер өз кезінде жоғарыдағы аттары аталған газет-журналдарда жарияланған. Оқырмандардан лайықты бағасын алған. Жүрекке жылы сезім ұялататын сол сәттерді Сағадат Қожахметұлының туғанына 90 жыл толу қарсаңында еске алу да бір ғанибет қазір. Содан туған әсермен үлкен әскери қайраткер, жоғары адамгершілік пен биік парасат иесінің бізбен жүздесулердегі айтылып, сақталып қалған стено­граммалық жазбаларды қайыра қарап шыққанымыз бар. Сонда олардың ішінде әлі де өзіндік айтары бар дүниелер мол болып шықты. Осыларды көргеннен кейін төменде біз бір кездегі газет талабына сай қысқа ғана айтылып, шолақ қайы­рылған және қысқарған пікірлерді кеңейтіп, материалдарды жазу кезінде оларға сыймай, қалып қойған деректер мен дәйектерге толы ой орамдарын жинақтап, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. – Ж.А: Жас кезіңізде кім болу­ды армандаған едіңіз? Сондағы қиялдаған мамандығыңыз қазіргі кәсібіңізбен үйлесім тапты деп ойлайсыз ба? – С.Н: Жоқ. Мектеп қабыр­ға­сында жүргенде мен география пәнінің мұғалімі болуды арман­дай­тынмын. Бұған деген ынтызар­лы­ғымды ұстазым Клавдия Ивановна Белецкая оятқан еді. Сол кездері біздерге, 7-8 класс оқушыларына осы пәннен сабақ берген ол кісі мек­тептегі жалғыз көрнекі құ­рал – ұстай-ұстай ақжемденіп кет­кен құрлықтар глобусын шыр айналдыра отырып, Магеллан, Миклухо-Маклай, Пржевальский саяхаттарын сөз етіп, қиял құсын Еуропа, Азия елдеріне ұшырғанда: «Шіркін, сол жерлерге барар ма еді, көрер ме еді?» – деп ойлайтынмын. Балаң кезде бүр жарған арманның бірі – Еуропаны көруін көрдім. Бірақ мен ол жерге саяхатшы, географ емес, екінші дүниежүзілік соғыстағы азаттық армиясының солдаты болып бардым. – Ж.А: Ел басына күн туған сол бір сұрапыл жылдардағы фото­суреттерден біз петлицаны, сонан соң..., погонды майдангер аға, әкелерімізді жиі көреміз. Әңгіме орайында, Қызыл Армия жауын­герлерінің Ұлы Отан соғысындағы әскери формасының не себепті өзгергендігі жөнінде айта кетуге болмас па екен? – С.Н: Қызыл Армия жауын­гер­лері Мәскеу түбіндегі атақ­ты шайқастан кейінгі іргелі бет­бұ­рыс­­тың әрбір кезеңін Жеңіске жа­қын­дата түскен күн деп білді. Олар ертең басқыншыларды өз жерінен қуып шығып қана қоймай, Еуропа халықтарын фашизм құлдығынан құтқару миссиясына да қатыспақ. Сонда өздерін азат етуші кеңес жауынгерлері мен оның офицер кадрларының әскери белгілерін жұрт қалай танып білмек? Сол уақытқа дейінгі жағаға тағылып келе жатқан петлица бұл міндетті атқара алмасы анық. Оның үсті­не кеңес елі армиясының сырт тұл­ғасы, жалпы көрінісі бірден ерек­шеленіп, басқалар үлгі алар­лықтай болып тұруы керек қой. Міне, КСРО басшылығы  біздің жауын­герлеріміздің рухын көте­ретін осындай жайлардың өзін елеусіз қалдырмай, алдын ала ескере отырып, Жеңіс күніне дейін оларды жаңа әскери формамен жабдықтауды дұрыс деп тапты. Бұл шешім – 1943 жылдың ақпан  айында жүзеге асырылды. – Ж.А: Ұлы Отан соғысының 1418 күнге созылғаны бәрімізге жақсы мәлім. Осы уақыт ішіндегі сіздің өміріңіздегі ең ауыр, ең мазасыз, ең бақытты үш сәт деп қандай жайттарды айтар едіңіз? – С.Н: Бұл дүниеде не ауыр десек, ол өзің қаламаған нәрсені көзбен көрген қиын екен. Мәселен, жан алып, жан беріскен шайқастан соң жауды бір адым болса да ары жылжыттық-ау деген қуанышпен әрбір елді мекенге ентелей жетіп келгенде көп ретте төбеден ұрғандай тұрып қалатынсың. Көз алдыңда жүректі сыздатар сурет: діңінен қақ айырылған ағаштар... терезесі үңірейген үйлер...  желден ысқырық тартқан мұржалар шалынар еді. Міне, мен үшін осыларды көру со­ғыс­тағы ең ауыр сәттер болды. Жоғарыдағы қойылған сұра­ғың­ның екіншісіне келер болсақ, сол уақыттардың ішіндегі көбірек мазасызданған кезім деп мынаны айтар едім. Ол біздің 301-атқыштар дивизиясы (бұған 1052-полк, соның ішінде мен басқаратын 2-батальон да кіретін) жауынгерлерінің 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Кубань-Днепр-Молдавия-Польша жерлерін басқыншылардан азат ете отырып, ескі герман шекарасы Мангушев плацдармына иек артқан шақ. Готикалық стильмен салынған неміс қалашығы Кюстринді көр­ген­де жүрек шіркін соғыстың аяқ­талуына аз қалғанын, жеңіс күнінің таяғанын сезгендей еді. Не керек, өз басым ертең шабуылға шығамыз деген 1945 жылғы 14 қаңтардың сол бір бозамық таңын шыдамсыздық се­зім­мен мазасыздана күткенім бар. Ал соғыстағы менің өмірімдегі ең бақытты сәт дегенге келер бол­сақ, ол әрине: «Көруге күн жазса...» дейтін ақ тілек арманым – ұлы Же­ңіс­ке куәгер болуым. Мұны сөз­бен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. – Ж.А: Сіз бен біз мына бір өмірлік факт төңірегінде ойла­найықшы: жүйкені жұқарта­тын бомба үні, ысқырған оқ астында шабуылға шығу. Оның үстіне сан­даған тәуліктерді ұйқысыз өт­кізу, сақылдаған сары аязда сағаттар бойы қар үстінде қимылсыз жату, мезгілімен тамақтанбау, барлауда өзен жалдап өту... Бұл соғыс кезін­дегі жауынгерлер басы­нан кешірген қиындықтар. Бір таңғаларлық жайт, сонда олар тіпті, бейбіт кезеңдегі бел алатын сырқат – тұмау, суық тию, құяңмен ауырмаған ғой. Өз ойыңызша адам­дардың со­ғыс кезіндегі осын­дай төзімділік қа­сиетін немен түсіндіруге болар еді деп ойлайсыз? – С.Н: Бұл сұрақ маған май­дан­гер жазушы Константин Симонов­­тың «Соғыс күнделіктері» дей­тін шығармасындағы мына бір оқиғаны еске түсіріп отыр. Сол кез­дері «Красная звезда» газетінің майдандағы тілшісі болған ол 1943 жылдың қақаған қара суығында «инелік» деп аталатын әуе көлігі «У-2»-мен көршілес дивизияға бармақшы болады. Самолет жер­ден көтеріле бергенде тілшінің тұма­ғын жел ұшырып әкеткен. Константин Симоновтың мұндағы айтайын деп отырғаны, барар жеріне бас киімсіз жеткендігін баян­дау емес, мәселе сол естеліктің соңындағы: «Уақытында ұшып түсіп ауырмағаныммен сырқат ізі кейіннен біліне бастағандай болды. Қазір басым суыққа өте төзімсіз. Сәл салқын тисе, қақсап қоя береді», деген сөйлемде. Байқайсың ба, күздің сондағы өткен қара суығы Константин Симоновқа кейіннен біліне бастаған. Содан ол өмір бойы зардап шеккен. Соғыста адамдар неге ауырма­сын... Ауырды. Бірақ сол кезде олар­дың ойында, санасында бір ғана жауапкершілік – Отанды қор­ғау жауапкершілігі атой салып тұр­ды. Сондықтан да: «Бүгін етігім­нен су өтті, ертең ауырамын-ау», – деген жай кездегі жаныңды күйт­тейтін ой ол кезде біз үшін жат еді. – Ж.А: Сіздің үйіңізде қазір сол соғыс жылдарындағы өзіңіздің жауынгерлік жолыңызды еске түсіретін заттар сақталған ба? Сақталса ол нендей дүниелер? – С.Н: Шайқас күндерінен қалған бір белгі – тапаншамның кобурасын 1946 жылы Мәскеудегі оқудан Қазақстанның 25 жылдық тойына келгенде Алматыдағы орталық музей қызметкерлерінің аттай қалап сұрап алғаны бар. Ал өзімде қалғаны – жаңбыр там­шы­ларынан парақтарына сия жайы­лып кеткен ескі блокнот, әйнегі сынған қол сағат пен былғары куртка ғана. – Ж.А: Мынадай сұраққа жауап берсе­ңіз... Сіздің әскери қыз­метіңіздің көптеген жылы Кеңес Армиясы қатарында өтті. Сол уа­­қыт ішінде ірі-ірі де­ген қолбасшылармен кездесіп, жүздесудің сәті түсті ме? Олар кімдер? Бұл кісілердің қазақ хал­қына, оның жауынгер ұлдарына деген ілтипат-лебіздері қандай еді? – С.Н: Иә, өз өмірім­де мен көптеген әскери қайраткерлермен кез­де­­­сіп, жүздескен жа­йым бар. Оған ал­дың­­­ғы кезекте Ке­ңес Ода­­ғының маршалы К.К.Ро­коссовскийді ай­тар едім. Кон­стантин Кон­­­стантиновичпен мен 1965 жылы Мәскеу түбіндегі қорғаныстың 24 жылдығы ме­ре­кесінде кездестім. Атағы аңыз­ға ай­налған қолбасшымен Воло­колам, Истра, Горюны, Нахабино елді мекендерін бірге араладық. Дубосеково разъезіне келгенімізде ол кісі маған қазақстандық жауын­­герлердің ерлік істерін ұмыт­­пағанын айта келіп былай деді. «Енді қаншалықты өмір сүреті­ні­міз­ді кім білсін, жолдас генерал. Бірақ сізге мына бір сөзімді ашық айтуға тиіспін. Қазақстан біздің ортақ жеңісіміз үшін қолдан кел­геннің бәрін істеді. Соғыс жылдарында біз бұл республикадан шығатын қорғасынның, көмір мен темірдің, оның колхоздарында өндірілетін азық-түліктің Отаны­мыз­дың қорғаныс қуатын арт­тыру­ға қаншалықты зор үлес болып табылатынын жақсы білдік. Сол кездері тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ісінен майдандағы жерлестерінің ерлігі асып-түспесе кем болған жоқ. Қазақстаннан келіп шайқасқа кірген әскери бөлімдер қай жерде болмасын өжет қимыл танытты. Мәселен, мен, 1941 жылдың күзінде 16-шы армияға жетекшілік еткен кезімде осы республикадан жасақталған 8-ші гвардиялық дивизияның қарамағыма келіп, Москваны жанкештілікпен қалай қорғағанын өте жақсы білемін. Сіздің жерлестеріңіз Сталин­град шайқасында да үлкен өнеге­лілік көрсетті. Мен ол кезде сондағы Орталық майданның қолбасшысы едім. Сол бір қысылтаяң, қиын уа­қыт­та Қазақ ССР-інен келіп жетіп, шайқасқа кірген 72-ші, 73-ші дивизиялар тылдағы жерлестерін ұятқа қалдырған жоқ, өшпес ерлік­тің үлгісін көрсетті. Сол үшін де осы қос дивизия «гвардиялық» деген құрметті атаққа ие болды». Қазақстандық жауынгерлер ту­ралы дәл жоғарыдағыдай жү­рек­жарды шын сөзін айтқан екін­ші бір адам ол әскери жазушы В.Карпов­тың «Қолбасшы» атты дерек­ті романындағы (айтпақшы, В.Карпов екеуміз Ташкентте бір бөлімде қызмет еттік, кейін ол подполковник шенінде отставкаға шығып, жазушылыққа біржолата бет бұрды) басты кейіпкер армия генералы И.Е.Петров еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқты ерлік жолынан өткен осы бір тама­ша адам 1946-1950 жылдар ара­­лығында Түркістан әскери округінде қолбасшы болғанда мен осы кісінің қол астында қызмет еттім. Иван Ефимовичтің айрықша бір қасиеті Орталық Азиядағы 5 рес­публиканың өзіне тән ерек­шеліктерін өте жақсы білетін. Оған қарапайымдылық, ұлттық әскери кадрларға деген қамқорлық, халықтардың, соның ішінде, қазақ халқының салт-дәстүрлерін терең сезіммен сыйлай білушілік сияқты қасиеттер тән еді. Біздің халқымызға деген мұн­­­дай сүйіспеншілікті армия гене­ралы С.И.Лучинскийден де бай­қағаным бар. Осы бір өте ірі әс­кери басшы шын мәніндегі нағыз интернационалистің өзі еді. Ол Түркістан әскери округіндегі ди­ви­зия, полкке жетекшілік ете­тін командирлердің арасында жер­гілікті ұлт өкілдері болуы қа­жет екенін батыл жақтап, бұл ойын іс жүзіне асыра да біле­тін. Оның айқын бір дәлелі, осы қол­басшының тұсында екі қазақ офи­цері – полковник Есбол­ған Қалиев және сол кездегі подполковник ше­ніндегі мына мен Түркістан әс­кери округінің тари­хында тұң­ғыш рет полк коман­дирлері болып бекі­геніміз бар. Бұл 1949 жылы еді. Жанболат ага 1– Ж.А: КСРО кезінде оның Қарулы Күштерінде өзіңіз сияқты 6-7 қазақ генералы болды. Былайғы жұрт ондай ағаларымыздың аты-жөнінен хабардар болғанымен, істеген ісін, атқарған қызметін көп біле бермейді. Бүгінгі жастар­ға үлгі-өнеге болсын деген ниет­пен сұрап отырмыз, сіз сол қазақ генералдарының бәрін болмаса да өзіңіз өте жақсы білетін кей­біреулерінің қасиеттерін, қабі­леттерін айтып бере алар ма едіңіз? – С.Н: Бұл бағыттағы әңгі­мені ге­нерал-майор Шәкір Жексен­баев­­тан бастағанымыз жөн шығар деп ойлаймын. Неге десеңіз, ол біз­дің ғасырымыздағы екі үлкен соғысқа – 1918-1920 жылдардағы азамат және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жан. Содан кейін жалпы бұл кісі кеңес дәуіріндегі қазақ әскери кадр­ларының ішінен генералдық дәрежеге бірінші болып көтерілген адам. Бұл 1943 жылы болатын. Тұңғыш қазақ генералы оның тағы бір ерекшелігін айтайын, ол кеңес армиясындағы химиялық қаруды алғаш сынақтан өткізуге қатысқан, оның қыры мен сырын өте жетік меңгерген маман еді. Осындай өмірлік тәжірибесі бай адаммен мен алғаш рет Ұлы Отан соғысынан кейін Алматыда, Қазақстанның 25 жылдық тойында жолықтым. Сол алғашқы кездесуде де, одан кейін­гі жүздесулерде де Шәкір Жексен­баев менің жадымда өзінің жинақы, ширақ жүріс-тұрысымен, мәдениетті, тәрбиелі сөздерімен, нағыз педагогқа ғана тән ерекше қасиетімен ұмытылмастай болып қалып қойды. Сөз орайында тағы бір қазақ генералы Нұрлы Бәйкенов ту­ралы айтпай кете алмаймын. Осы бір тамаша, абзал азаматпен менің таныстығым ең алғаш рет 50-жылдардың орта тұсында бас­талды да достық, сыйластық қарым-қатынасымыз ол кісі өмір­ден озғанша үзілген жоқ. Осы күнге дейін есімде, мен М.В.Фрунзе атындағы академияны бітіргенімде, ол Термездегі әскери бөлімде полк командирінің орынбасары еді. Содан кейінгі 30 жылға жуық уақыт ішінде Нұрлы Бәйкеновтің бойындағы шыншылдық, адалдық, өз жұмы­сына шексіз берілгендік, жас кадрларға қамқорлық сияқты қасиет­терге ерекше тәнті болдым. Көп жылғы әскери қызметімде мен талай генералдармен араласып, сыйласқан жанмын. Бірақ солардың ішінен қарапайымдылығы, кіші­пейіл­ділігі және мәдениеттілігі жағынан Нұрлы Бәйкеновке тең келетін адамды көргенім жоқ. Бұл өмірде ондай адамдар аз, иә... аз. Өзіміз әңгіме етіп отырған тақырыпқа байланысты сөзімнің соңын генерал-лейтенант Жансен Кереевпен аяқтайын. 53 жылдық аз ғана ғұмырының ішінде ол қатардағы училище курсантынан КСРО Қарулы Күштері Бас штабының басқарма бастығына дейінгі жолдан тез өтіп үлгерді. Ойлап қараңыз, біз сөз етіп отырған азамат кезінде жас болуы себепті Ұлы Отан соғысына қатыспаған. Әскери қызметін тек бейбіт күн­дері, 50-жылдары ғана баста­ған. Соның өзінде КСРО Қарулы Күштерінің күрмеуі көп күрделі қызмет баспалдақтарынан сүрін­бей өте білді. Оған себеп болған Жансен Кереевтің әскери тума таланты мен қызмет бабындағы, жұмыс барысындағы кез келген істе зеректік, алғырлық, сергектік және принциптілік танытуы деп ойлаймын. Амал жоқ, ерте қай­тыс болып кетті. Әйтпесе, жұл­дызы одан да жоғары жарқырайтын жан еді. Тағдыр оған оны көруді жаз­дыртпады. – Ж.А: Кеңес өкіметі кезінде бізде қатеге айналған қағидалардың көп болғаны тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ашық айтылып, елге енді белгілі болып жатыр ғой. Солардың дұрыс емес екендігін біле тұрсақ та уақытында іштей булығып, оған тек күйінетінбіз де қоятынбыз. Сондай сәттер сіздің басыңызда да болды ма? Болса ол қандай жайларға байланысты еді? – С.Н: Бұл сұраққа мен мына төмендегі бір мәселені айта оты­рып жауап бергім келеді. Өзің де жақсы білетін болуың керек, бізде көп жылдар бойы ұлт­тық намысымызға тиетін жаң­сақ ұғым қалыптасып келді. Ол 1917 жыл­ғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының тек 2-ақ пайы­зы сауатты болды деген қате қағи­­да еді. Бұл – көпе-көрінеу бұр­малау, бізге жасалған қиянат болатын. Олай дейтінім, Ресейдегі 1897 жылы өткен тұңғыш халық сана­ғының деректері бойынша қазақ даласындағы 9 бен 49 жас аралығындағылардың сауат­­­тылық дәрежесі 8,1 пайыз бол­ған. Мұны Мәскеуден 1985 жылы шыққан «Демографиялық энцик­лопедиялық сөздіктің» 117-бетіндегі мәлімет анық дәлел­дейді. Сондағы 8,1 пайызға қазақ ауылдарындағы мұсылманша білім алып, араб әрпімен хат танығандардың санын қосатын болсақ, халқымыздың сауаттылық дәрежесі кем дегенде 15 пайыздың үстіне шығары даусыз. Кезінде мен, міне, осыған қатты күйініп, намыстанғаным бар. Құдайға шүкір, қазіргі қол жеткізген тәуелсіздігіміздің арқасында қатеге айналған сол қағидалар түзетіліп, қалпына келтіріліп жатыр ғой. Егемен елдің еркін азаматы ретінде осыған қуанамын, осыған ризашылығымды біл­ді­ремін. – Ж.А: Ал жеке өміріңізде ше? Айталық, оңашада отырып, өткен кезіңізге көз салып қарағаныңызда, кеудеңізде әттеген-ай дейтін немесе қателік пен ағаттықты неліктен солай жіберіп алдым екен деген өкінішіңіз жоқ па? – С.Н: Бір оқиға есімнен кетпейді. Сол жағдай соңғы кездері ойыма жиі оралып, жанымды жегідей жейді. Төлеген Нұрмағамбетов деген бауырым бар еді. Өзім туып-өскен Ақмола облысындағы Ақкөл ауданының Еңбекші ауылында тұратын. 1984 жылы Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары болып жүргенімде сол інімнен хат келді. Онда 1965 жылы өмірге келген Кеңес деген баласының әскери міндетті борышын өтеуге шақырылып, Ауғанстанға баратынын жазыпты. Артынша телефонмен хабарласып, ұлы үшін әке көңілінің алаңдайтынын айтты. Әскери адаммын ғой. Соғысты да, басқа да қиындықтарды көп көргеніммен, соншалықты қатыгез, тікбақай адам сияқты емес едім. Сол жолы жаңылыстым. «Ештеңе жоқ. Елдің баласының бәрі барып жатқан жер ғой. Әлі-ақ аман-есен оралады», – дедім. Содан көп кешікпей өзім де кеңес әскерлері «Оңтүстік» тобына қарайтын 40-шы армия қолбасшысының орынбасары болып Ауғанстан шекарасы іргесіндегі Кушка қаласына аттандым. Екі айдан соң суық хабар естідім. Он екіде бір гүлі ашылмаған Кеңес Төлегенұлы Нұрмағамбетов Кабул қаласының іргесінде оққа ұшыпты. Міне, менің принциптілігімнің түрі. Міне, менің ақжүрек, адалдығымның құны. «Сол кездері інімнің тілін алып, қарамағымдағыларға бауырымның баласын штабтағы кеңсе жұмысына ауыстыруға пәрмен берсем, ештеңем кетпес еді. Сонда есіл боздақ тірі қалар ма еді, қайтер еді», –  деп өзімді-өзім іштей жазғырамын. Өкінемін. Өмірде сирек қателесетін адам едім. Сол жолы дұрыс шешім жасамадым. Ал оның салдары жоғарыдағыдай болды. Өмірдегі ең үлкен ағаттығым осы болды, қарағым. ... Сағадат ағамен 1980, 1990, 1994 және 2006 жылдардағы кездесулерден қалған қойын дәптерлердегі жоғарыдағыдай оқиғалар мен өмір суреттері өте көп. Олар сені жігерлендіреді. Ойландырады және күрсіндіреді. Бұлар осынысымен де қызықты, құнды әрі мәнді. Мақаламыздың соңын сондағы жүздесулерде жүргізілген стенограмма жазба­ларындағы мына бір штрих-деталь­мен аяқ­тайық. 2006 жыл­ғы әңгімелесу барысында: «Бос уақытыңызда немен шұғыл­дана­сыз?» деген сауалға ол кісі: «Кітап оқуды,  одан ешқашан жа­лық­қан емеспін», – депті де:  «Әдебиет пен өнерге көз­қара­­сыңызды білсек», – деген сұраққа өте қызықты мысалдар арқылы жақ­сы жауап қайтарыпты. Олар кезінде газетте жарық көр­ген­діктен, бұларды қайталап тәп­тіш­теп айтып жатпай, қарт жазу­шы Адырбек Сопыбековтің осы тақырыпқа қатысты тосын әңгі­месімен толықтырайық. Жанболат Аупбаев, «Егемен Қазақстан».