Руханият • 27 Қазан, 2022

Жиырма тілде сөйлеген «Жер иісі»

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жиырма тілге аударылған Баянғали Әлімжановтың жырлары жарты әлемге аттанып барады. Соңына із тастап ағады. Жырлар да жұлдыздар сияқты. Қанша көп болсын, мейлі қай аспанға барып жарқырасын, жұлдызды ешкім көп демейді. Жұлдыздар сияқты жыр да жарық шашады, сәуле түсіреді. Көзбен көріп, қолмен ұстамасаңыз да жан дүниеңізге рухтың сәулесін себезгілейді. Егер санаңызда саңылау болса түседі, әрине. Ал ақын Баянғали Әлімжанов қазақ даласына жырдан шашу шашқалы қашан!

Жиырма тілде сөйлеген «Жер иісі»

Жырлар да жұлдыздар сияқты. Жыр­лар да адамдар сияқты. Жұлдызы жанды дейді ғой кейбір таланттар жарқырап таныла бастағанда. Демек әркім өзінше бір жұлдыз, жану-жанбауы өзіне байланыс­ты. Қазақ-қырғыз даласында Баянғали Әлімжановтың жұлдызы жанғалы аз уақыт болған жоқ. Екінші ширек ғасырға жуықтаған болуы керек. Бұл кісінің жұлдызын жаққан – жыр, жырдан шырақ ұстаған ақынның шығармалары енді Алаш даласын былай қойып, әлем аспа­нына бет алды. Қазақ өлеңінің ме­рейі мен өрісі өсті деңіз. Бір топ шығар­малары, арасында әртүрлі өлеңдері бар, жиыр­ма тілге аударылып даладан – қала­ға, өзеннен – теңіз, мұхитқа, құр­лық­тан құрлыққа озып барады. Және кітап­тың атауы қандай десеңізші?! «Жер иісі» ата­лыпты. Тауып қойған! Қазақ дала­сының иісі мен рухы, киесі мен жыры­ның сарыны Еуразиядан екінші бір бас­қа құрлықтардың тілі арқылы сол жақ­тарда оқылады деген сөз. Баянғали Әлім­жанов­тың шығармашылығы негізінде.

Жыр да жұлдыздар сияқты. Дініне, түріне қарамай, оны барлық адамзат баласы таниды, қабылдай береді. Жаны­на
жақын тұтып өз тілінде оқып ала жө­неледі. Қай елдің баласы болсын жұл­дызға қарап арзу арманын айтады. Жыр оқып, ән тыңдап тебіренеді. Әлімжановтың жырлары да солай, әлемнің жиырма тілі арқылы бірнеше жұрттың аузына, санасына, ойына, рухына көшеді. Өзге далаларда да бүршік жарады. Жеті түнде алқара көкке ұзақ телмірсеңіз, кейбір жұлдыздар жайымен ағып бара жатады ғой. Қазақ аспанын қалдырып қайда бара жатады олар? Басқа елдердің аспанында да жарқырай береді. Дәл Баянғали Әлімжанның жырларындай!

Жиырма тіл дегенде, қырғыз, өзбек, түбі бір түркі халықтарының тіліне аударылған шығар дерсіз. Олар да бар. Ағылшын тілінен бастап, орыс, испан, француз, қытай, араб, түрік, әзербайжан, өзбек, мажар, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, татар, башқұрт, ұйғыр, жапон, моңғол, удмурт тағы басқа тілдерге аударылған әр алуан топ-топ жырлар. Бір тілде жалғыз-жалғыз жырдан емес, бірнеше өлеңнен. Арасында поэмаларынан үзінділер бар.

па

Жұлдыздар да жырлар сияқты. Әр қырынан жарқырап, әртүрлі сәуле таратады. Бір өлеңді бүгін былай түсінсең, ертең одан да тереңірек ұғуың мүмкін. О, бастапқыда тіпті түсінбеуің де мүмкін. Адам да сол сияқты күрделі құбылыс. Автор терең адам болмаса, шығарма да олай бірнеше қырынан жарқырамайды. Иісі қазақ-қырғыз білетін Баянғали Әлімжанов ақын ғана ма? Жазушы, драматург, жыршы-жыраулығымен қоса манасшылығы неге тұрады бұл кісінің?! Сегіз қырлы, бір сырлы демей ме қазақ?! Тап сондай. Бұл кісінің бірнеше кино түсіруге еңбек сіңірген режиссерлігі өз алдына, сценарийін жазған. Әдебиет және өнер зерттеушісі ретінде де аз еңбек етіп жүрген жоқ. Әлем жұртшылығын абдыратқан пандемия кезінде «Пандемия» деген поэма жазып, онысы жинақ болып шыққанын да жақсы білеміз. Ол туындысы жиырма тілде жарық көрген «Жер иісі» деген осы кітабына да еніпті. Жаһан тілдерінде шыққан кітаптың тағы бір артықшылығы оның мұқабасында да көрсетілген: «Негізінен, әр тілге әр­түр­лі шығармалар аударылған. Тағы бір ерекшелігі – әлем халықтарына, түгел түркі елдеріне арналған өлеңдері де бар. Адамзатқа үн қатқан қазақ ақынының ізгі жырлары дүниеге қанатын кең жаяр деп үміттенеміз», делініпті.

Шынымен-ақ мұнда «Ағылшын әуен­­дері», «Америка әуендері», «Испан әуендері», «Француз әуендері» сияқты жыр шоғырлары сол халықтардың тілде­рінде тұс-тұстан менмұндалайды.

Өлең, жыр, поэмалар жинағы Қараған­дыдағы «Глассир» баспасынан шыққаны кеше ғана десе болғандай.

«Альбионның түріп тастап тұманын, Айға атылған арыстандай ағылшын» депті ақын «Ағылшын әуендерінде». Альбионның тұманы түрілгенде аспанынан жұлдыз көрінбеуі мүмкін бе? Кім біледі, Баянғали Әлімжанов сол тұманды жырмен түрер. Сонда... жұлдыздар да жырлар сияқты жарқырайды.