Саясат • 28 Қазан, 2022

Ұлттық киім ұлықталса...

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер Қарақат Әбден астаналық сайлаушылармен кездесті. Сайлауалды жиынға қала тұрғындары, ұлттық киім өндірушілері және қолөнер шеберлері қатысты.

Ұлттық киім ұлықталса...

Жиында Қарақат Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол өз сөзінде ұлттық киім өндірушілерінің еңбегі еленбей жатқанына назар аударып, ұлттық киім өндірісіне мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсету керектігін айтты. «Ұлттық киім – эстетикалық сән ғана емес, халқымыздың тәлім-тәрбиесін, жастардың бойына патриоттық сезім сіңірудің ең тиімді құралы. Дәстүр де, өнер де, халқымыздың философиясы да  ұлттық киімімізде жатыр. Бұрын тек Наурыз мерекесінде есімізге түсетін ұлттық киім қазіргі кезде сұранысы бар өнімге, трендке айналды. Осы орайда ұлттық киім өндірушілерінің еңбегі зор. Біз ұлттық киім өндірушілеріне барынша қолдау көрсетуіміз керек. Менің сайлауалды бағдарламам ұлттық мәдениетімізді негізге ала отырып жасалғандықтан, бұған баса мән беремін», деді Қарақат Әбден.

Кездесу барысында Қ.Әбден ұлттық киімдер шеруін өткізуді ұсынды. Бұл өзекті ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болды. «Қарақат Әбденнің  ұлттық құндылықтарды дәріптеп, біздің мәселелерімізге көп көңіл бөлгені қуантады. Үміткердің осы салада өзіндік пайымы, танымы бар екендігі көрініп тұр. Ұлттық киімдер шеруін бірлесіп өткізуге дайынбыз», деді «Берген» тоқыма мектебінің өкілі Ләйлә Лаврқызы.