Аймақтар • 28 Қазан, 2022

Мерекедегі қуаныш

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күні мерекесінде Ақмола полицейлері жаңа қызметтік автокөліктерге ие болса, шалғайдағы шағын ауылдың мектептеріне оқушыларды тасымалдауға қажетті жиырмаға жуық автобус берілді.

Мерекедегі қуаныш

Өңірде мерейлі мерекеге орай көптеген іс-шара жос­пар­лан­ған болатын. Көпшілікке қуаныш сыйлаған айтулы кездесулер мен жиындар да ұйымдастырылды.

– Бұл біз үшін өте қуанышты сәт. Ауданымыздың 8 білім ошағына 320 оқушы ауылдардан қатынап оқи­ды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, уақтылы қаты­на­уы­на көрсетілген жақсы қамқорлық болды, – дейді Біржан сал аудандық бі­лім бөлімінің басшысы Ақкенже Ақшалова.

Мерекелік іс-шаралар аясында үлгілі ұстаздар, дәрігерлер, бойындағы күш-қайратын адал еңбекке арнаған қарапайым жұмысшылар жоғары марапаттарға ие болды. Олар өзде­рінің нәтижелі еңбектерімен қоғам байлығын еселеуге, бірлікті нығайтып, берекені молайтуға үлес қосуда.

– Қазақстанда өмір сүргелі жарты ғасырдан асты. Алғашқыда спорт саласы арқылы келген едім. Кейін кең пейіл халықтың ыстық ілтипатын ұнатып, осы жердің суын ішіп, бұйырған дәмін теріп жүрмін. Осынша уақыт бойы өзімнің сүйікті Отаныма айналған елге сүбелі үлес қосып, тырбанып еңбек етудемін. Ең бастысы, бір-бірін алаламайтын бекем бірлігі бар елдің берекесі де мол, – дейді Шортанды ауданының шаруа қожалығының басшысы Шалва Джахуташвили.

Сөз арасында өңірдегі өнеркәсіп саласы айрықша қарқынмен дамып келе жатқандығын айта кетсек, артықтығы болмас. Осы жылы сала серпіні бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жыл басынан бері 1,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Әсіресе аграрлық сектор, металлургия, химия өнеркәсібінде даму қарқыны өте жоғары. Айтпақшы, мереке қарсаңында отыздан астам нысан пайдалануға берілді. Тұрғын үй, өнеркәсіп нысандары, шалғайдағы шағын ауылдардағы спорт алаңдары мен стадиондар халық игілігіне берілді. Осының барлығы ел еңсесін көтеруге бағытталған ауқымды іс екендігі белгілі.

ква

 

Ақмола облысы