Саясат • 27 Қазан, 2022

Арал мәселесі Еуропа назарында

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының Экономикалық мәселелер, ғылым, техноло­гия және қоршаған орта жөніндегі комитетінің кеңесіне онлайн түрде қатысып, сөз сөйледі. Онда ЕҚЫҰ өңіріндегі экономикалық және эко­ло­гиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқы­ланды.

Арал мәселесі Еуропа назарында

Қазақстан өкілі, Парламенттік Ассамблея Төрағасының орынбасары және Ассамблеяның Орнықты даму саласындағы мақсаттар жөнін­дегі арнаулы өкілі болып табыла­тын сенатор өз сөзінде Арал теңізінің проблемасына еуропалық парламент­шілердің назарын аударды. Бұл тек 60 млн-нан астам халқы бар Арал аймағындағы мемлекеттер үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін де сын-қатерге айналды.

Арал теңізінің құрғауы БҰҰ-ның адам әрекетінен туындаған ең ауыр экологиялық апат ретінде танылғаны баршаға белгілі және оны шешу үшін бүкіл әлем қоғамдастығының күш-жігерін біріктіру қажет.

Осы мәселені шешу мақсатында ЕҚЫҰ-ның ықтимал үлесін тал­қылау үшін комитет депутаттарына, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның мүдделі парламентшілеріне ахуалмен егжей-тегжейлі танысуға Арал өңіріне бару ұсынылды.

Бұл бастаманы Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы жүзеге асып жатқан күрес аясында қарас­тыр­ған жөн. Ағымдағы жылдың шілде айында Бирмингемде өткен ЕҚЫҰ ПА-ның жыл сайынғы сессия­сында Қазақстан мен Өзбекстанның парламенттік делегациялары Арал теңізін құтқаруға байланысты жобаларды үйлестіруге қатысуға донор елдерді шақырған болатын.

Комитет бюросы осы мәселе бойынша 2023 жылдың бірінші жар­­тысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының делегациясын Арал өңіріне жіберу туралы ұсыныс­қа қолдау білдірді.