Өнер • 28 Қазан, 2022

Бауырластық бастауы

473 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстандағы Қыр­ғыз Респуб­ликасының мә­дениет күндері аясында қыр­ғыз суретшілерінің «Бас­тау» атты көрмесі ашылды.

Бауырластық бастауы

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос халықтың түбі бір тамырластығы мен тонның ішкі бауындай бауырластығы ешқашан ажыраған емес. Ірге­лес екі елдің тарихы да, жүріп өт­кен жолы да ұқсас. Өткен дәуір­лерге көз жібергенде, қазақ пен қыр­ғыздың жақсылары мен жай­саңдары үнемі бір-бірін қолдап, көтермелеп отырған. Оны әріге бармай-ақ Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың аға­лы-інілі достығынан көре­міз. Болотбек Шамшиев, Төле­міш Өкеев секілді қырғыз режис­сер­лері қазақ киносында айшықты қол­таңба­сын қалдырды. Қазақ пен қырғыз сурет­шілерінің шы­ғар­машылығы да өте жақын. Тіпті бөліп-жара алмайсыз. Біз оны көркемдігі мол көрмеде анық аңғардық. Оған 30-ға жуық қырғыз суретшілерінің пейзаж, кескіндеме, графика, майлы бояу жанрлары мен сюжеттік тақы­рыпта салынған 50-ден аса туынды ұсынылды.

Мазмұнды шарада ал­ғаш­қы болып сөз алған Ұлттық музей ди­рек­­торы­ның міндетін атқарушы Айбек Сыдықов Қырғыз елінің мәде­ниет күндері аясында өтіп отырған көрме­нің маңызына тоқталып:

– «Қазақ – қырғыз бір ту­ған» деген сөз бар. Қос халық­тың қиын-қыстау жылдары ғана емес, бейбіт кезеңде де байланысы үзілген емес. Оған соңғы жылдары екі елдің арасында өтіп жатқан мәдени, ғылы­ми бағыттағы көптеген іс-шараны мысал етуге болады. Ағайынды екі халықтың болмысы ғана емес, өнері де ұқсас. Бүгінгі көрме де екі мемлекеттің мәдениетіне алтын көпір болып, жаңа көкжиектерге жол ашып отыр. Екі республика арасындағы достық қатынасымыз нығайып, мәдениетіміз тереңдей берсін, – деді.

4

Одан кейін Қырғыздың ха­лық суретшісі, халықаралық сурет­шілер одағының вице-президенті Талабек Усубалиев сөйледі.

– Қазақстанда үш күннен бе­рі біздің еліміздің мәдениет күн­дері өтіп жатыр. Өзім осы айтулы шарадан үлкен әсер алып жүрмін. Аса көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезов пен Шың­ғыс Айтматовтың қос халықтың мәдениеті мен руханиятының дамуына қосқан үлесі зор. Біз осы тұлғалардың тәлімін алып, театр, кино немесе бейнелеу өнері болсын бір-бірімізбен жақын араласып, мәдениетімізді өркендетуіміз керек. Өнері үстем елдің беделі де биік. Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Аспанмен бой тірескен ғимараттар әсемдігімен көз тартады. Әсіресе маған Ұлт­тық музейдің ғимараты ерекше ұнады. Осы мұражайдан көне­ден сыр шерте­тін жәдігерлерді көріп, қазақтың ­те­рең тарихымен таныстым. Бүгінгі көрмеге қырғыздың аға, орта және жас буын өкілдерінің жұмыс­тары қойылды. Оған астаналықтар ­өз бағасын береді деп ойлаймын, – деді қырғыз суретшісі.

Қырғыз қылқалам шебер­ле­рінің көркемдікке толы кар­ти­на­лары сан қырлы бояуы­мен, шы­найылығымен, сыр­шыл­дығымен көрмеге келу­ші­лерді бірден баурап алды. Әр туын­дының астарынан бір оқи­ғаның сұлбасын көресіз. Мәселен, суретші Ш.Анар­беков «Таулар құлаған шақ­та» ат­­ты ең­бегінде шоң жазу­шы Шың­ғыс Айтматовтың парасатты бол­­­­мы­сын шебер бейнеле­ген. Осы порт­ретті көріп, қабырға­лы қалам­гер­дің тұлғасы да асқақ Алатаудай биік екендігін сезіне­сіз. Сондай-ақ суретші Талабек Усубалиевтің «Ток­тогон Алтыбасарова Ленин­град блока­дасының балаларымен» деген жұмысы адамды толқытпай қой­майды. Соғыс жылдарында же­­тім қалған балаларды бауырына басқан ананың мейірімін бояу түсімен келісті бедерлеген.

а

Суретші Бахрамжан Темиров «Түс» атты картинасында ұйық­тап жатқан кішкентай қыздың бейнесі арқылы балалық пен тазалықты әсем жеткізген.

«Бұл – менің қызым. Негізі, мен реалист суретшімін. Көбінесе туған ауылымды, өскен ортамды, отбасымды бейнелеймін. Қазақ суретшілерінің де еңбектерін жо­ғары бағалаймын. Әсіресе маған Ерболат Төлепбайдың туындылары ұнайды» дейді автор. Сонымен бірге басқа да қырғыз қылқалам шеберлерінің пейзаж жанрындағы жұмыстары өзгеше мазмұндағы көркемдігімен тәнті етті.

п

Айтпақшы, Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің же­лісі­мен қырғыз режиссері Бо­лот­бек Шамшиев түсірген фильм­­дегі басты кейіпкер – Бақ­ты­­ғұлды сомдаған атақты актер, Қырғыздың халық әртісі Сүй­мен­құл Шоқморовтың өнердегі жолы суретшіліктен басталған. Ол Бішкек көркемсурет училищесін тәмамдаған соң, қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы Кескін­деме, мүсін және архитектура инс­титутының кескіндеме фа­куль­тетін бітірген. Оның «Тау жолы», «Ұзату» атты картиналары мен «Ана», «Манасшы» және «Саяқ­бай Қаралаев» портрет­тері көзіқарақты қауымға жақсы таныс. Бірақ суретшілік пен ак­тер­лікті қатар алып жүрген талант­ты тұлғаның көрмесін өз елінде ең алғаш өткізуге айтулы ақын, сол кезде Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшісі болған Мұхтар Шаханов ұйытқы болған. Осы оқиғаның өзі қос халықтың қан­ша­лықты жақындығын дәлелдейді.

Қорытып айтқанда, Қырғыз Респуб­лика­сының еліміздегі мә­дениет күндері аясында өткен қырғыз суретшілерінің көрмесі жұртшылықты жылы әсер­ге бөлеп, қызығушылығын ту­ғызды.

а