27 Мамыр, 2014

Бұл жерде шыбын-шіркей, сары маса...

714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ертіс ауданынан жолсапардан келе жатып, жолай Ақтоғайға соғып едік, аудан орталығына кіреберістен-ақ бізді ызыңдаған сары маса қарсы алды. Қарсы беттен кеп соғылған шіркейден машинамыздың әйнегі де сарыжағал болды да қалды. Жалғыз Ақтоғай ауданы емес, жалпы өзі, жыл сайын жаз шыға Ертіс өзені жиегінде отырған ауыл­­­дарды сары маса, шыбын-шіркейдің мазалайтыны рас. Биыл аудан орталығы Ақтоғайда 3114 түп ағаш, 1115 көшет егіліпті, шыбын-шіркей жиналмас үшін ауылдардан 4684 тонна қоқыс шығарылған екен. Ал, негізінен, сары маса, шыбын-шіркейлерді улау жұмыстары облыстағы үш қалада – Ақсу, Екібастұз және облыс орталығында жүргізілуде. Улауға республикалық бюджеттен 160 миллион теңге бөлініп, 26 мыңнан астам гектар жер тазаратыны әкімдікте болған отырыста да айтылды. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев шыбын-шіркейді құр улай салу еш нәтиже бермейтінін ескертті. Улау құралдарының сапасы, құрамы қандай деген де мәселе бар. Бұл жұмыс гидротехникалық-санитарлық жүйелі шаралар нәтижесінде қолға алынуы тиіс. Қалаларға маса қайдан келеді демеңіз. Мысалы, Екібастұздың айналасындағы 60 су қоймасын қамыс басып кетіпті. Қоймаларды тазалау оңай жұмыс емес. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Оспанованың айтуынша, жалпы, облыс көлемінде жаңа талап, өркениеттілік тұрғысынан қарағанда инновациялық гидротехникалық-санитарлық жұмыстар жөнді қолға алынбай тұрған сияқты. Егер бұл жүйе бүтіндей қолға алынса, онда ауыл-қала деп бөлмей кешенді түрде жұмыс жүргізуге болушы еді. Ақтоғайлықтар сияқты басқа аудан орталықтарының тұрғындары, ауылдар да сары маса, шыбын-шіркейге таланбайтыны анық. Фарида БЫҚАЙ,  «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.