27 Мамыр, 2014

Ақтаудағы айтыс: әр мен әсер

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Береке басы – бірлікте» деп аталатын республикалық ақындар айтысы Ақтауда өтті. «Нұр Отан» ХДП-ның 15 жылдығына арнап аталмыш партия мен Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы бірлесіп ұйымдастырған айтысқа еліміздің әр түкпірінен қатысқан 10 ақын, бес жұп боп сайысқа түсті. «Сөз дегенің де бұйым ба, Сөйлеу дегенде қиын ба? Талай да талай сөйледік, Сатырлаған да жиында» деп толғана төкпелеген дүр ақындар мен жырдан дауыл тұрғызған дүлей жыраулардың мекені Маңғыстауда аламан айтысты қызықтап, еліміздің әр өңірінен келген суырып салма жүйріктердің ауызынан шыққан өлеңге қанығу үшін көрермендер көп жиылды. Бес сағатқа созыл­ған айтысқа ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты О.Асанғазы, рес­публикалық Ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Ө.Озғанбай, «Ара» жур­налының бас редакторы К.Әмір­­бек, айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының директоры М.Тазабек, Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры М.Тәжімұрат қазылық етті. Қазіргі қазақ қоғамы үшін бере­ке-бірлік ең басты қажеттілік, даму­дың кепілі. Айтыс тақырыбы да осы бағытта болғандықтан, айтыс­кер ақындар береке-бірлікті, елдік­ті жырлауға көп көңіл бөлді. Қоғам­дағы өзекті мәселелер, киелі Маң­ғыстау даласының қадір-қасиеті ай­тыс тақырыбынан тыс қалған жоқ, сон­дай-ақ қазекемнің нағашылы-жиен­дік, жеңге-қайнылық, қатар-құр­былық жарасымды әзіл-қалжыңы да өлең шумақтарына айналып жатты. Нәтижесінде атыраулық ақын С.Нұрманов бас жүлдеге тігілген 2 млн. теңгені қанжығасына байлап кетті. 1-орынның бәсі 1,5 млн. теңгені Тараздан келген ақын Ә.Дүйсебаев олжаласа, 1 млн. теңге қаржылай сыйы бар 2-орынды Алматының ақыны Қ.Мырзахан иеленді. 750 мың теңге тігілген қос 3-орын Семейден келген ақын қыз С.Тоқтамысова мен қызылордалық М.Ниязовқа бұйырды. Айтысқа қатысқаны үшін оралдық Т.Мықи, павлодарлық Р.Қайдар, қарағандылық А.Жұмағұлов, ақ­тө­белік О.Қиынбаев және маң­ғыс­таулық А.Жолмағанбетов әрқайсысы 500 мың теңгелік сый-қаржымен марапатталды. Айтыс соңында Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О.Асанғазы сөз алып, ұйымдастырушылар мен ақындарға ризашылықтарын білдірді. Бірақ, Нұрым, Қашаған, Абыл, Аралбай,  Ақтан, Түмен, Сәттіғұлдар жырынан «шекер жеп дәніккен» жұрттың өкілдері бұған дейін де айтыс сүйер қауымның айызын қандырып жүрген Мұхтар, Сара сынды ақындарға риза болумен қатар, Маңғыстаудың «туын ұстап шыққан» ақын ұлдарының аяқ алысы мен сөз саптасына көңілдері толған жоқ. «Чемпион ақын» Мэлстің, әзілқой ақын Нұрланның соңынан айтыс арғымағына мініп, аламанға атойлай қосылған ұланның болмауы – маңғыстаулықтардың алаңдап жүрген жәйі. Ақын жоқ па, әлде оны тауып, баптай алмай жүрміз бе деген ой қалды бәрінің көкейінде... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.