Жақында осы корпорацияның ұйытқы болуымен Корея Республикасына баспасөз сапарымен барып қайттық. Қазақстандық бірнеше БАҚ өкілінің басын қосқан сапар барысында Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесінің Пусан қаласында өтуіне үлес қосып жүрген аталған компанияның өз қаласы – Samsung Digital City-ге арнайы ат басын бұрдық. Ресми түрде айтсақ, Samsung компаниясының Сувон қаласында орналасқан Штаб пәтеріне бардық.
Сеулден 65 шақырым қашықта жатқан қалашықты Samsung-тің «жүрегі» деуге де болады. Себебі мұнда компания қызметкерлері үшін салынған емхана, саябақ, тұрғын үй, футбол, гольф алаңдары, музейден бөлек, ең маңыздысы – ірі зерттеу кешені бар. Кешен бірнеше көпқабатты үйді, соның ішінде R4 зерттеу орталығын қамтиды.
37 қабатты жерүсті және 5 қабатты жерасты биік ғимараттың тік көлемі көзді шағылыстыратын шыны панельдермен қапталған. Әлемнің сен тұр, мен атайын деген мықты сәулетшілерінің өздері бұл ғимаратты көлемі мен кеңістігі, сондай-ақ сыртқы әрлеуіне қолданған сапалы материалдарына қарап «Samsung-тің үстемдігін айшықтайтын кешен» деп жоғары бағалаған.
Samsung City-ге кез келген адам кіре алмайды. Кіргендердің өздері тыңғылықты әрі жан-жақты тексеруден өтеді. Оның себебі де түсінікті. Штаб пәтер – әлемге әйгілі Samsung-тің өткенін ғана емес, болашағын да жалғайтын тарихи мекен. Дәл осы қалашық орналасқан жерде – Сувон қаласында компанияның алғашқы зауыты орналасқан. Бастапқыда, нақтырақ айтсақ, 1970 жылы осы зауыттан ақ-қара, содан кейін түрлі-түсті теледидарлар құрастырылып, шығарыла бастайды. Алғаш рет осындай үлкен жетістікке қол жеткізгеннен бері компания тұрмыстық техника мен электроника саласында көш бастап келеді. Компанияның қарқынды дамуы жаңа технологияларды енгізу және әртүрлі тұрмыстық техниканы шығарумен, жоғары технологиялық электроникаға қарай кеңеюмен қатар жүрді. Әлемдік технология тарихындағы нағыз сенсация жедел жад чиптерін, СКД мониторларын, жалпақ экранды теледидарларды жасаумен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта Сувондағы бір кездегі алақандай ғана жерді алып жатқан зауыт – үлкен кешен, жұмыс істеуге және демалуға қажеттінің барлығы бар шағын қала.
Әрине, компанияның бүкіл сыр-құпиясы сақталған бұл кешендерге бізді кіргізген жоқ. Бұл қалашықта журналистерге есігін айқара ашқан бір ғана мекеме бар. Ол – SIM – Samsung Innovation Museum – Samsung инновациялық музейі.
Музейде қазақстандық БАҚ өкілдерін Samsung Electronics-тің корпоративтік вице-президенті Ким Хен дже мырза қарсы алды. Алғысөзінде компания өкілі Пусан қаласында ЭКСПО-2030 Дүниежүзілік көрмесін өткізудің маңыздылығы мен тарихи мәнінен кеңінен тоқталды.
«Әрине, біз Пусан қаласында ЭКСПО-2030 көрмесін өткізуді қолдаймыз. Өйткені Корея да «Болашақ энергиясы» деген тақырыппен 2017 жылы Халықаралық мамандандырылған көрме өткізген Қазақстан сияқты өз тәжірибесі мен инновацияларын әлеммен бөлісе алады деп санаймыз», дейді Ким Хен дже мырза. Ал біздің «Кореяда көрмені өткізудің Самсунг үшін қандай пайдасы бар?» деген сұрағымызға компанияның вице-президенті: «Samsung Electronics IT технологияларында тәжірибесі мол, жан-жақты сараптамаға да ие. Дүниежүзілік ЭКСПО-2030 көрмесін елімізде өткізу арқылы корпорация жаһандық қоғамның дамуына өз үлкен үлесін қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдыруға мүмкіндік алады. Ал бұл мақсатты жүзеге асыруда Samsung өнімдері мен қызметтерін көрсете алатын тамаша алаң болып саналады. Себебі бұл – біздің басты миссиямыз»», деп жауап берді.
Samsung-тің туған жері – Сувонда орын тепкен музей алып кешеннің 5-қабатты ғимаратында орналасқан. Мұнда электрондық инновациялар тарихындағы ең үздік үлгілер ұсынылған. Музей қызметкерлерінің өздері бұл өнертабыстарды «адамзат өмірін жақсартатын өнімдерді дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік беретін технология» деп таныстырды. Музей табалдырығын аттаған әр келушіге адамзат өркениетінің қайдан және қалай өмірге келгенін түсіндіріп қана қоймайды, әртүрлі санаттағы Samsung өнімдерін жасау үдерісінде қайдан шабыт алғанын көрсетеді.
Ауданы 11 мың шаршы метрге жете ғабыл музейге кіре салғанда сізді жылжымалы экран ретінде жабдықталған таныстыру қабырғасы қарсы алады. Үлкендігі екіқабатты үйдей болатын экраннан көрсетілген компания миссиясы мен тарихы туралы бейнебаянды тамашалап тұрып, өзіңізді құдды бір сол әлемнің ішінде жүргендей сезінесіз. Тек таныстырылым аяқталғаннан кейін қабырға бірнеше бөлікке жарылып, айналма есікке айналғанда ғана инновациялық технологиялар музейіне келгеніңіз есіңізге түседі. Жалпы музейге келушілерді іште осындай 30-дан астам экран қарсы алады.
Музейде компанияның 200-ге жуық өнертабысы мен өнімі қойылған. Бізді таңғалдырған бір факт – мұнда Samsung-тен бөлек өзге де компаниялардың экспонаттары кездеседі. Мысалы, экспонаттардың қатарынан алғашқы Apple iPhone немесе Sony Trinitron теледидарын кездестірдік. Музей қызметкерлерінің айтуынша, дәл осы өнімдер «Samsung-ке өз өнімдерін дамытудың және пайда табудың сенімді жолын көрсетіп берген». Яғни бұл да бәсекеге қабілетті ортаны құрудың бір жолы деп түсінген дұрыс болар. Ал музейге қойылған өнімдер мен олардың даму тарихына сүйенсек, смартфондардың қазіргі дәуірі Samsung Galaxy S II-ден басталады.
«Өнертапқыштар дәуірі», «Индустриалды инновациялар ғасыры» және «Құру кезеңі» – музейдің үш негізгі көрме залы осылай аталады. Яғни компания өнімдерінің тарихы үш негізгі тақырыпқа бөлінген – «Инновация тұқымдары», «Инновацияның өзегі» және «Шабыттандыратын инновация». Алғашқы залда электр шамын ойлап тапқан Томас Эдисон, «телефонның түп атасы» Грейам Белл мен электр қозғалтқышының алғашқы моделін жасап шығарған физик Майкл Фарадей өнертабыстарының түпнұсқа үлгілері сақталған. Мәселен, осы залдағы интерактивті мөлдір экраннан 1875 жылы Александр Грейам Белл жасаған телефонды көре аласыз.
Екінші залға Samsung пен өзге бәсекелес компаниялардың қызықты, бірақ ескі өнімдері қойылған. Мұнда Samsung-ті тұрмыстық техника бөлімін құруға шабыттандырған Maytag электр кір жуғыш машинасы мен Hoover шаңсорғышы да табылады. Бұл жерде, тіпті өткен ғасырдың тарих еншісінде қалған компанияның алғашқы қалта телефондары, соның ішінде IBM Simon personal Communicator қалта компьютері, Samsung SCH-V200 камерасы мен Motorola Startac флип-флопын да кезіктіресің. 1999 жылы Samsung шығарған Watch Phone функционалды сағатын тағу бір кездері Қазақстанда да ерекше сән болып еді.
Тарихи жәдігерлердің арасында Джон Логи Бэрд жасап шығарған, ең алғаш сатылымға 1930 жылы шыққан алғашқы коммерциялық теледидар да бар. Ал 1975 жылдан бастап шыққан Econo ақ-қара теледидары Samsung-тің энергия тиімділігі арқасында теледидар нарығындағы алғашқы сәтті өнімдерінің бірі атанған. Осылайша, үш жылдан кейін компания Корея нарығының 40 пайыздан астамын жаулап үлгереді. Ал Samsung Galaxy S II 40 миллион данадан астам сатылған компанияның өте сәтті смартфоны болып саналады.
Үшінші зал Samsung компаниясының B2B шешімдері мен «Ақылды үй» санатындағы өнімдеріне арналған. Оңтүстік Кореяның жетекші компаниясының тарихы мен философиясы туралы сыр шертетін тарихи зал, әр экспонат туралы ақпарат беретін мөлдір, интерактивті экрандар, 4K ажыратымды және 180° көрінісі бар әсерлі панорамалық экран – осының барлығы Samsung-тің инновациялар арқылы әлемді қалай жақсарта түскені туралы сыр шертеді. Сол себепті де болар SIM мектеп оқушылары экскурсия жасайтын жай ғана музей емес, бүкіл корей ұлтының мақтанышына айналған мекен болып саналады. Өйткені мұнда технология әлемінің өткені мен бүгіні ғана бейнеленбейді, мұнда тұтас бір ел тарихының жүріп өткені даңғыл жолы жатыр.
ТҮЙІН. Бүгінде Samsung корпорациясының 300 мыңдай қызметкері әлемнің 70-тен астам елінде жұмыс істейді. Құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін бір ғана философияны ұстанып келе жатқан бренд «Әлемді жақсартуға көмектесетін тауарлар мен қызметтерді өндіру» дейтін бағытынан алшақтап кеткен емес. «Бұл мақсатқа жету үшін технологиялық және адами ресурстарды пайдалану қажет», дейді корпорация әкімшілігі. Ал оны жүзеге асыру үшін қызметкерлердің біліктілігін үнемі арттырып, оларға жақсы еңбек жағдайын жасау, талантты мамандарды іздеу әрі қатарға қосу – міне, тарихы шағын ғана отбасылық кәсіпорыннан басталып, санаулы жылда трансұлттық корпорацияға айналған Samsung-тің басты кодексі осындай.
АСТАНА – СЕУЛ – ПУСАН – АСТАНА