Саясат • 30 Қазан, 2022

Арнайы аймақтың мүмкіндігі

542 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. Отырысқа комитет төрағасы Серікбай Трұмов бастаған сенаторлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы, Энергетика министрліктерінің өкілдері, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, арнайы экономикалық аймақта тіркелген кәсіпкерлік нысандарының басшылары қатысты.

Арнайы аймақтың мүмкіндігі

Көшпелі отырыста арнайы экон­о­микалық аймақтардың тиім­ділігін арттыру мәселесі талқы­ланды. Комитет төрағасы Се­рік­бай Трұмовтың айтуынша, елі­мізде Мемлекет басшысының Жар­лығымен құрылған 13 арнайы эко­номикалық аймақ бар. Мұндай аймақтарды құрудағы басты мақсат – инвес­тиция тарту, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өндірісті дамыту, жаңа технологияларды іске қосу арқылы импортты алмастыру, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту. Қазір арнайы экономикалық аймақтарда 300-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар 21 мыңнан астам адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Сол себептен арнайы экономикалық аймақ­тардың тиімділігін одан әрі арт­тырып, түйінді мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс жүргізілуі қажет.

– Арнайы экономикалық аймақта инфрақұрылым нысандарын салуға бюджеттен 398,7 млрд теңге жұм­салды. Дегенмен әлі де шешімін таппаған бірқатар өзекті мәселе бар. Осыған байланысты біздің комитет биылғы көктемде «Арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін бағалау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізген еді. Оның қорытындысы бойынша Үкіметке бірнеше ұсыныс жолданды, – дейді С.Трұмов.

Мәселен, Атырау облысында 2007 жылы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы эконо­микалық аймағы құрылған еді. Көмірсутек шикізатының басым бөлігі өндірілетін өңірдегі технопарк елімізді шикізат тәуелділігінен арылуға, химия өнеркәсібін өркен­детуге септігі тиетін бәсекеге қа­білетті өнім шығаруға жол ашуға тиіс. Сондықтан бұл аймақта бір­неше мақсатты іске асыру көзделген. Біріншіден, көмірсутек шикізатын терең өңдеу, қосылған құны жоғары әрі бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімдерін өндіретін әлемдік деңгей­дегі зауыттар құру. Екіншіден, сер­пінді инвестициялық жобаларды іске асыру. Үшіншіден, химия өнер­кәсібіне қажетті сапалы өнімдер өндіру жоспарланған.

Әр өңірдегі арнайы экономикалық аймақтың қандай артықшылығы бар? Ұлттық экономика министрінің орын­­басары Азамат Әмриннің баян­­дауына қарағанда, мұндай ай­мақ­­тарда салық жеңілдіктерінің тиімділігі қарастырылған. Қазір Аты­рау об­лы­сындағы осындай ай­мақта 16 кәсіп­орын тіркелген. Былтырдан бері оның сегізі жұмыс істей бастады.

– Осы кезге дейін мұнайлы өңір­дегі арнайы экономикалық ай­мақтың аумағында  инфрақұрылым желілерін жүргізу үшін бюджеттен 176,1 млрд теңге бөлінді. Ал арнайы аймақта тіркелген кәсіп­орын­дар 30 млрд теңгеге жуық салық төледі. Демек бюджеттен қарас­тырылған қаражаттың 17,3 пайызы салық түрінде кері қайтарылды. Қолайлы салық режімі енгізілуінің нәти­жесінде арнайы экономикалық аймақ­тағы кәсіпорындар 2011 жылдан бері 78 млрд теңгеге жуық қара­жа­тын үнем­деді, – дейді Азамат Әмрин.

Сенаторлар мұнайлы өңірдегі екі нысанның жұмысымен танысты. Алғашқысы – арнайы экономикалық аймақтағы полипропилен шығаратын кешен. Бұл кешен екі кезеңнен тұра­ды. Бірінші кезеңі – полипропилен өндірісін құрып, жылына 500 мың тонна өнім шығару. Екіншісі – полиэтилен өндірісі. Кешен құрылысын жүргізуге жалпы ауданы 193,55 гек­тар жер телімі бөлінген. Бұған қо­сымша көлік қатынасына арналған темір жол, станса, сұйытылған пропанды құю эстакадасы, автомобиль үшін кірме жол бар. Ал 71,29 гектарда сумен, электрмен және газбен қамту желілері тартылған.

Екіншісі – Атыраудағы кабель зауыты. Бұл жоба 2015 жылдан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске қо­сы­лып, жылына телекоммуникация, көлік, құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті талшықты-оптикалық кабель шығарылады. Жылына 20 мың шақырымдық талшықты-оп­тикалық кабель шығарылады. Жо­баның құны 715 млн теңгені құ­райды. Зауыт жұмысын жолға қою үшін Қытайдан 1 млн доллардан асатын қаржыға сатып алынған жаңа технология орнатылған.

– Біздің зауытта шығарылатын кабель сапалы болуы үшін шикізатты Еуропа елдерінен, АҚШ пен Жапо­ниядан алдырамыз. Кабель шығару ісіне жергілікті мамандар тартылды, – дейді зауыт басшылары.

 

Атырау облысы