27 Мамыр, 2014

Уақыт керуені, өмір өрнегі

611 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік алғанға дейін өткеніміз бен өштесіп, асылымызды танымай, аузы­мызды қу шөппен сүртіп келдік. Бұл «Көрмес – түйені де көрместің» кебі бола­тын. Иә, бұған ең алдымен ұлттық енжар­лық пен тарихты таразылай алмаған сана­мыз­дың, талғамымыздың төмендігі (әдейі төмендеткені) кінәлі. Тіпті, бұрынғы күніміз қараң еді, жаппай сауатсыз қара қазақ ғасыр­лар бойы қара танымай тексіз күй кешті деп өткенімізді күйелеп келгеніміз де рас. Зейнолла-26,05Құнарлы топырақ, қабілетті халық, еңбеккер ел ер тудырмай тұрсын ба, ХХ ғасыр да толғағын тоқтатпай дүниеге елінің ғылымы мен салтын, абы­ройы мен даңқын шығаратын, өнері мен мәдениетін өсіретін ұрпақтарын ала келді. Олар жиырмасыншы ғасырдың ақ таңы алдында дүние есігін ашып, кеңестік кезеңнің озық ойлы интеллигинттерінің көшін бастаған пионерлер. Ұлттық интел­лигенциямыздың үшінші буынына жататын, білімді тектілер­дің қолына су құйып, ақ батасын алған кешегі Зейнолла Жарқынбаев еді. Зекең қазақ арасынан шыққан ең алғашқы жоғары білімді кәсіпкер журналистер қатары­нан болатын. Сұрапыл соғыс қар­саңын­да қалам ұстап, елге жеңіспен ора­лы­сы­мен баспасөзге қайта оралған, қазақ журналистикасының күрт дамуына өлшеусіз үлес қосқан үлкен бір шоғыр бар. Солардың бірі де, бірегейі де осы кісі. Ол ел баспасөзі тарихына аттары алтын әріппен жазылған Қ. Шәріпов, К. Үсебаев, А. Арыстанов, т.б. қатар қаламдас болған. Алғаш КИЖ-ден жоғары білім алып, соғыстан кейін сол білімін Мәскеудегі жоғары партия мектебінде тереңдетіп қайтқан. Сонымен, ол – журналист... Он төрт жылдық өмірін осы қиындығы қым-қуат, қызығы қыруар қызметке сарп еткен. Сол тұста Зекең Қазақ­стан журналистерінің үлкен бір тобына тәрбие дарытты. Қазақтың Хамит Ерғалиев, Балғабек Қыдырбекұлы, Сейділда Төлешев, Төлеубай Ыдырысов, Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Мұқан Иманжанов, Әзілхан Нұршайықов, Ұзақ Бағаев, Нәс­реддин Серәлиев сияқты алғашқы қадам­дарын газеттен бастап, кейін көрнекті қа­лам­гер болған таланттар да Зейнолла Көш­тайұлының «таяғын жеп» ысылғандар. Ал, Сыр бойына келсек, С.Алдабергенов, С.Әл­­жіков, Қ.Әбенов, Қ.Ажаров, С.Сейтенов, Ш.Ерәлиев, Н.Уәлиев, Ж.Бекхожаев, Д.Смайылов, М. Исаев, Қ. Мырзахметовтер абзал ағаның «күртесінен» шыққандар. Бір нәрсеге таң қалмасқа болмайды. Зекеңнің еңбек өтілі пайғамбар жасына тең болатын. Туған елінің игілігіне 63 жыл қызмет етті. Әйтсе де осы жылдардың бірінде де жанға жайлы, маңдайынан сипаған мейірімді жылдар деуге болмайды. Бозбала шағы коллективтендіру, аштық жылдарына тұстас келді. Одан кейін сталиндік қуғын-сүргін, ғаззабат соғыс, жеке адамға табыну, қит етсең тырнақ астынан кір іздеп, жалтақтатып қойған жалаң қылыш саясат... Осының бәрі тәнді де, жанды да жаралады. Оған ердің ері ғана төтеп берер еді. Зекең осы кезеңдердің, солақай саясаттардың куәгері-тін. Алдымен журналист Жарқынбаев сол солқылдақ баспалдақтардан сүрінбей өтті. Өйткені ісіне, тіліне, дініне берік еді. Адал болды — ала жіп аттамады. Басшы ретінде талапшыл болды. Қамқорлық шуағын қарамағындағыларға аямай төкті. Ала қойды бөле қырыққан жоқ. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті (қазіргі “Егемен Қазақстан”) редакторының бірінші орынбасары болып жүріп Орталық партия комитетінің жолдауымен Зекең 10 жылдай партиялық қызметте жүрді. Оңтүстік Қазақстан обкомының хатшысы кезінде де адам тәрбиесіндегі, жұртшылық бойына рухани қазына ұрығын сіңірудегі, үгіт-насихат, ұйымдастыру-көпшілік жұмыстарын жүргізудегі еңбегі де сол кезең талабынан шығып отырды. Сөйтіп, әр қадамы есептеулі тұстың өзінде жаласы көп өңірден тері тестірмей кетті. Бұл тұста да оны сол адалдығы, тазалығы аман алып шығып еді. Тазалық дегеннен шығады, Зекең респуб­ликадағы білікті кеңес қызметкері бол­ғаны да көпке аян. Он сегіз жыл бойы табан аудармай Қызылорда облатком төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Талай білік-білімі терең, адамгершілігі мол адамдармен, ауыздығын шайнаған тарпаңдармен де қызметтес болды. Облыста сол тұста атқарылған шара­лар­дың бәрінде ол кісінің сүбелі үлесі бар. Жаңа институт, орталық стадион, театр, облыс­тық, қалалық аурухана, баспасөз үйі, перзентхана, т.б. жүздеген мектеп, ондаған мәдени ағарту мекемелері Зекеңнің араласуымен, мұқтажын іздеп зыр жүгіруімен салынып, қалыптасып кетті. Тыңдаушысын тамсандырған «Сыр сұлуы» бастаған өнер отаулары да оның тікелей басшылық, жанашырлық жасауымен дүниеге келді. Ағамыз ол қызметтен де, ол кезеңнен де абыройына дақ түсірмей зейнет демалысына шығып еді. Омырауын үш орден, бес медальға толтырып, Жоғары Кеңестің Кұрмет грамотасымен төрт рет марапатталыпты. Зекең өктем саясаттың қылышынан қан тамып тұрған тұста еліне 63 жыл қызмет етті дедік. Бірақ осынша уақыт ішінде бір де бір рет партиялық немесе әкімшілік жаза алмаған екен. Шынында да бойтұмардай қасиеттеп, кие тұтар үлгі-өнеге. Асылы бұл адами адал қасиет, татаусыз тазалық, сырбаз сыпайылық, бекзаттық оның бойына шыққан тегінен, ана сүтімен келсе керек. Әкесі Көштай ақсақал ескіше сауаты бар, көкірегі ояу, халқына қалаулы, ісіне тиянақты, сейіс те сері адам екен. Баласына: «Жоғары білім алмай, әскерге бармай үйленбе. Абай айтқан: өсектен, өтіріктен, мақтаннан, еріншектіктен, дарақылықтан, оған қосарым – ішімдіктен, насыбай мен шылымнан аулақ бол», деген екен. Ата ақылы кесімді еді, баласы да мәрт екен. Өмірден озғанша Зекең әкеге берген сол антын аттамай кетті. Мұның үстіне қазақтың Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, Д.Қонаев, І.Омаров, М.Әбдіқалықов, И.Тәжиев, С.Тоқтамысов, М.Сужиков, М.Ықсанов, Х.Бектұрғанов, І.Еділбаев сияқты зиялы қайраткерлерімен үзеңгілес, сыйлас, пікірлес, көбімен қызметтес болуы да оның бойына тәлімді нәр жүгіртіп еді. Зейнолла Жарқынбаев қаланың оңтүстік бөлігінде коммуналдық үйде тұрды. Ертелі-кеш жұбайын — республикаға еңбегі сіңген ұстаз Балхия апайды қолтықтап, балаларын ертіп, немере, шөберелерін кұшақтап, еңсесі еңкейгенмен бойы сырықтай, бір қарағанда жүзі суықтау ақсары ақсақал серуенге шығатын. Айтпақшы, Зекең мен Балхия апайдың демалысындагы қариялық тірлігі тіпті қызық болды. Көшеге шықса дос-жармен, ағайын-туыспен, шәкірт қауыммен сәлемдесуден ауыздары да, қолдары да босамайтын. Үйге келсе өздерінен өрген 8 бала, 15 немере, 2 шөбере, бәріне жоғары білім әперген. Жоғарыда аталған еңбек жолдары өз алдына әңгіме етуге тұрарлық өнегелі кезең. Әйтсе де З.Жарқынбаев журналист ретінде Қазақстан баспасөзі тарихынан орнықты орын алатын қаламгер. Алда айтқанымдай, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакторының бірінші орынбасары, 7 жыл Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы) газетінің редакторы болған тұста аяулы ағаның шәкірті, қаламдас інісі ретінде бүгінгі жас журналистерге, БАҚ құралдары жетекшілеріне тәлім болсын деген ниетпен Зекеңнің журналистік қызметтегі ерекшеліктеріне қалам ұшын бұрайын. Бұл орайда оның газет жұмысын ұйымдастыру қабілеті, әділдігі, батылдығы, қызметкерлеріне жасаған қамқорлық ерекшелігі жеке-жеке үйренуге, ғибрат алуға тұрарлық қасиеттер. Алдымен әңгімені ұйымдастыру қабілет-білігінен бастаған жөн болар. «Ленин жолына» Зекең басшы болып келісімен газеттің безендірілу бет-бейнесі, мазмұны мен тақырыбы күрт өзгерді. Редактордың батылдығына дәлел: газет бетінде әділ де шындықты арқау еткен сын көбейді. Газеттің бірде-бір саны нақты фактіге құрылған сындарлы сынсыз шықпайтын еді. Өткір де, қырғи тілмен тұздықталған фельетон жанры жиі көрінетін. Бұл қадам газеттің де, оның журналис­терінің де беделін көтерді. Осы тұста бір мысалды жоғарыдағы сөзіме дәйек ете кетейін. Сол кезде үлкен бір шаруашылықты басқарып отырған республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Сыр бойына аса қадірлі Т.Дәуітбаев деген кісі зәру шаруа­мен Қызылорда теміржол басшыларына барады. Бірақ ондағы таңмойын басшылар оны дұрыс қабылдамайды. Бұл жағдай туралы редакцияға дабыл түседі. Редактор З.Жарқынбаев дереу адам жіберіп, әлгі әдепсіздікті жіті тексертеді. Айтқандай-ақ, хат дерегінде шындық бар екен. Журналист айғақтарын саралап, фельетон жазады. Уақыт өте береді. Сын аяқсыз қалғандай болады. Қорытынды хабар жоқ. Жергілікті партия, кеңес органдары, республикадағы басшылары селт ететін емес. Сосын газет редакторы теміржолдың Одақтағы басшыларына хат жазады. Облпартком пленумында газет дабылы жөнінде сөйлеп, арнайы мәселе көтереді. Содан ұзамай темір­жол бөлімшесінің әлгі өресіз бастығы қызметінен алынып, партиялық жазаға тартылады. Тағы бір жағдай. Бірде облыстық партия конференциясында Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы «Ленин жолы» біздің аудан өмірін өте аз жазады» деп сын айтады. Содан Зекең газет тігіндісін ақтарып, есепті кезеңде бұл ауданнан қанша мақала жазылғанын, оларда не айтылғанының тізімін алады да ертеңіне жарыссөзге шығып, жағдайды толық айтып, аудан басшысының газет оқымайтынын, айтқан сынының дәлелсіз екенін бетіне басады. Ақыры сын айтқан аудан басшысы бір күні келіп газет ұжымынан кешірім сұрайды. Сөйтіп, газеттің де, қызметкерлерінің де облыста ықпал-беделі өсіп, жарияланған мақалалардың әсері күшейді. Бұл редактор З.Жарқынбаевтың сыншылдығының (әділ сын), шыншылдығының, батылдығының анық айғағы. Зекең «тәкаппар» адам-тын. Оның бұл мінезі өзімшіл қараулықтан тіпті ада. Өн бойындағы сыпалық пен талғамшылдық, нәзіктік пен дегдарлық, мейірімділік пен кексіз сұстылық бір-бірімен астасып, аза­мат­тық келбетін айшықтап тұратын. Онысы өзіне ғана қонып, жарасып жататын. Қысқасы, тәкаппарлығы – тақуалығы, тектілігі, бекзаттығы еді ғой. Мен де жақсы ағаның бірер шарапатын көріп едім. Уақыт байыз таппайтын керуен деген осы ғой, әріптес ұстаздың өмірден озғанына да жиырма жылға жуықтады. Тірі болғанда осы күндері 100 жылдығын атап жатар едік. Көзі жоқ болса да жақсының жақсылығын айтуды өзіме парыз санадым. Өтеген ЖАППАРХАН, Қазақстанның құрметті журналисі. ҚЫЗЫЛОРДА.