Қазақстан • 30 Қазан, 2022

«Үркер» – журналистер жұлдызы

527 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Astana Media Week» медиа апталығы аясында бас­па, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерге тапсырылатын «Үркер» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасы 544 шығармашылық жұ­мыстың ішінен ең таң­даулысын іріктеді. Биылғы бәйге ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының 150 жыл­дығына арналды.

«Үркер» – журналистер жұлдызы

Қазмедиа орталығында өткен салтанатты кеште Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Astana Media Week» – ақпараттық ын­ты­­мақтастықты нығайтуға, отандық бұ­қа­­ралық ақпарат құралдарының қазіргі қо­ғамдағы рөлі мен әлеуетін айшықтауға ар­нал­ған ауқымды диалог алаңы. Әлемдік дәстүрлі медиа мамандары, халықаралық сарапшылар қатысатын коммуникация саласындағы кездесулер, талқылаулар мен тәжірибе алмасулар отандық медианың дамуына тың серпін береді. Ақпарат саласы азаматтық қоғамның қалыптасуына ерек­ше үлес қосып келеді. Азаматтар өз пікірін еркін жеткізіп, журналистер қо­ғам­­дағы өзекті мәселелерді ашық айтады. Бұл елі­мізде әді­лет­ті қоғамды құруға сеп­тігін ти­гізетін маңызды үрдіс», делінген Прези­дент­тің құттық­тауында.

Марапаттау кешіне қатысқан Мем­ле­кеттік кеңесші Ерлан Қарин Ахмет Байтұр­сын­ұлының қазақ тарихындағы елеулі ең­бегіне тоқталып, қолына қалам ұста­ған бүгінгі буын Ақаң­ның сара жолын лайық­ты жал­ғас­тырып келе жатқанын атап өтті.

5

Сондай-ақ салтанатты кеште сөз алған Қырғызстанның Мә­дениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов БАҚ-тың өзекті мәселелерін тал­қы­лаған «Astana Media Week» ап­талығының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, журна­лис­тер еңбегін бағалайтын «Үркер» сыйлығының игі үрдіс еке­нін атап өтті.

Жүзден жүйріктерге жүлде биыл он аталым бойынша берілді. Сонымен қатар үш арнайы сыйлық тағайындалды. Арнайы сыйлықтың бірі биыл 150 жылдығы аталып жат­қан ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы атында болса, екіншісі журналистика жампозы, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, тағы бірі – белгілі журналист Батыр Қазыбаев атындағы арнайы сыйлық.

Марапаттауға дейін әр аталым бо­­йынша үздік үміткерлердің тізі­мі жа­рияланған болатын. Сал­та­­натты кеште солардың іші­нен ­­жал­ғыз жеңімпаз таңдалып, 1 млн теңге қар­жылай сыйа­қы жә­не есте­лік мү­сінше табыс­талды.

Үздіктерге тоқталсақ, «Жыл­дың үздік сұхбаты» аталымы Halyq-uni.kz порталының тілшісі Ая Өміртайға бұйырды. «Жылдың үздік репортажы» аталымында Aikyn.kz сайтының тілшісі Анар Қоныс топ жарды. «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» аталымында Halyq-uni.kz порталының тілшісі Наима Нұрәлі үздік шықты. «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымының жеңім­пазы болып «Egemen Qazaqstan» республикалық газе­тінің жур­налисі Қазбек Құтты­мұ­рат­ұлы танылды. «Жыл­дың үздік аналитикалық ма­териалы» аталымында «Маң­ғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова жеңімпаз атанса, «Халықаралық тақы­рыптағы үздік материа­­лы» аталымын Qmonitor.kz тіл­шісі Сауле Исабаева иеленді. «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталымында Zakon.kz порталы дара шықты. Радио­стан­садағы үздік жоба аталымында Qazaq радиосының «Ой-түйін» бағдарламасы жеңіске жетті. «Жылдың үздік фотосуреті» аталымы Zakon.kz фототілшісі Мейірбек Тажкурановқа бұ­йырды. «Saryarqa samaly» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» деп танылды.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы сыйлыққа «Қырғыз әдебиеті» жобасымен «Таң-Шолпан» журналы ие болды. Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдені белгілі қаламгер, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай иеленді. Батыр Қазыбаев атындағы арнайы сыйлықтан үміткерлер арасында Ernur.kz сайты тілшісі Әйгерім Бегімбеттің жобасы үздік деп танылды.

Мемлекет басшысының медиа апталық қатысушыларына арнайы құттықтау жолдауы мерейлі сәттің маңызын еселей түсетінін айтқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Нағыз кәсіби пікірталас алаңына айналған медиа жиынның «Үркер» секілді беделді байқаумен аяқталуының жөні бар. Өйткені бұл екі іс-шара да журналистиканың жо­ғын жоқтап, қаламның қасиетін құр­мет­теген әріп­тес­тердің бүгінді бағамдап, болашағымызды болжап алуы­на тыныс берген басқосу. Іс-шара Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен әрі бүгінгі қа­лам ұстаған буынның бұлақ бастауында Ахаң тұрғандықтан биылғы «Үркерді» Ахмет Бай­тұр­сынұлының құрметіне ар­надық», деді.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық бәйгенің ұйымдас­ты­рушылары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры. Іс-ша­ра­ның демеушілері – «Қазақстан» РТРК» АҚ және «Хабар» агенттігі» АҚ. 2017 жылдан бері байқауға барлығы
3 377 ма­териал түсіп, оның 300-і шорт-парағына енген.

Биыл «Astana Media Week» медиа апталығына 11 елден 150-ге жуық шетелдік және отандық спикер, медиа менеджерлер, еліміздің ірі медиа ұйымдарының басшылары, журналистер, блогерлер, тәуелсіз сарапшылар, Meta, TіkTok, Nickelodeon, Coursera секілді шетелдік ұйымдардың өкілдері қатысып, са­ладағы өзекті мәселерді тал­қылап, түрлі мастер клас­тар ұйымдастырды.