Әлем • 31 Қазан, 2022

«Лу Бань шеберханасы» іске қосылмақ

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселесі жақында ҚХР-да талқыланып, екіжақты келіссөз нәтижесінде елімізде Қытайдың «Лу Бань шеберханасы» ашылатын болды.

«Лу Бань шеберханасы» іске қосылмақ

Сыртқы істер министрлігінің мәлімде­уінше, Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Тяньцзинь қалалық партия тұрақты комитетінің мүшесі, Білім істері комитетінің хатшысы Ван Сюймен келіссөздер жүргізген. Кездесу барысында білім және ғылым сала­сын­дағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралып, осы жылдың 14 қыр­күйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында қол жет­кізілген бірқатар мәселені іске асыру жолдары талқыланды. Атап айтқанда, Ш.Нұрышев қазақстандық тараптың ҚХР Төрағасының елімізде кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық жобасы – «Лу Бань шеберханасын» іске асыру туралы бастамасын қолдап отырғанын жеткізді.

Бұл ретте Қазақстан ел аумағында түрлі әлемдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамаларды біріктіріп, оларды іске асыру жолдарын әзірлеуді ұсынды. Осы мақсатта Қа­зақ­стан елшісі жақын арада екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен университеттері арасындағы келіс­сөз­дерді ұйымдастыруға бастамашы болды.

Өз кезегінде Ван Сюй ғылым мен білім саласы Қазақстан мен Қытай ара­сындағы ынтымақтастықтың серпінді бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Қытай тарапының оны одан әрі кеңейтуге дайы­н екенін айтты. Ол «Лу Бань шеберханасы» ха­лықаралық жобасымен таныстырып, Тяньцзинь кәсіптік университетінің Қазақ­станның жоғары оқу орындарымен прак­тикалық ынтымақтастыққа дайындығын атап өтті. Енді екі тарап қол жеткізілген келі­сім­дерді іске асыруға кіріспек.

«Лу Бань шеберханасы» – Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы халық­аралық ынтымақтастық жобасы. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген Қытайдың ұлы шебері және өнертапқышы Лу Баньның есімімен аталатын жобаның мақсаты – кәсіптік-техникалық білім беру орталықтарын бірлесіп құру арқылы шетелдік техникалық оқу орындарына білікті кадрлар даярлауға көмек көрсету. Бүгінгі таңда әлемнің 19 елінде 20 «Лу Бань шеберханасы» жұмыс істейді.

Қазақстан-Қытай қатынастарының жаңа кезеңі екі елдің ғылыми-мәдени кеңістігіне жол ашты. Қазір екі елдің 40-тан аса университеті арасында тығыз байланыс орнаған. Сондай-ақ ҚХР қазақ жастарын шәкіртақымен қамтып отыр. Қазіргі уақытта Қытайда 18 мыңға жуық қазақстандық білім алуда, ал Қазақстан бойынша бес Конфуций институты және Қытай мәдениеті мен тілін насихаттайтын оқу орындары жұмыс істейді.

Конфуций институттары, ең алдымен, түрлі байқау мен іс-шара арқылы Қытайдың тілі мен мәдениетін насихаттауға арналған. Олардың негізі-нде арнайы курстар ұйымдастырылады, қытай тілінен (HSK) біліктілік тестілері, Қытайға арналған ғылыми конференциялар өткізіледі. Сондай-ақ қытай тілі бойынша оқу әдебиеттерін әзірлеп, Қытайда студенттік және оқытушылық тағылымдамалар, оқыту бойынша консультациялар ұйымдастырады. Қазақстанда Астана, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында Конфуций институты жұмыс істейді. Астанада институт Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында құрылса, Алматыда 1999 жылы ҚазҰУ-дың қытай тілі орталығы базасында Ланьчжоу университетімен бірлесіп ашылған. Конфуций институты 2010 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының базасында, 2011 жылы Қарағандыда техникалық универ­ситет базасында құрылды. Конфуций институттарының жүйесі –  мәдениетті кеңейтіп, тілді танымал етудің тиімді механизмі. Кон­фуций институттарының қызметі және Қытай мемлекетінің тілі мен мәдениетін танымал етудегі белсенділігі қазіргі уа­қытта қытай тілінің 40-тан астам елдің ұлт­тық білім беру жүйесіне енуіне әкелді.

Ал 2015-2017 жылдар аралығында Шанхай, Бейжің, Далянь және Сиань университеттерінде төрт «Қазақстан орта­лығы» ашылып, жұмыс істеп келеді. Орталықтар қазақ тілін, қазақ мәде­ниеті мен өнерін үйренуге көмек көрсетіп, сту­денттер мен оқытушыларды Қазақ­стан­ның тарихы мен қазіргі өмірі туралы хабардар етеді.

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024