Қаржы • 31 Қазан, 2022

5 миллионнан астам салымшы өтемақы алады

414 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық банктер жеке тұл­ға­лардың 2022 жылғы 23 ақ­па­нына дейін ашылған теңгедегі депозиттері бойынша 10 пайыз көлемінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда. Сыйлықақыны алу үшін салымшылар 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін өтініш-келісім беруі керек.

5 миллионнан астам салымшы өтемақы алады

Өтемақы төлеудің шарттарын, тәртібі мен мерзімін әр банк өз бетінше анық­тайды. Сондықтан бұл ақпараттарды білу үшін салымшылар депозит ашылған банкке тікелей хабарласуы қажет. Тиісті ақпарат екінші деңгейлі банктердің ресми сайттарында да бар.

«Біз салымшыларды өтемақы алу мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Егер сізде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін депозит ашылған болса, сіздің бұл сыйлықақыны алуға құқығыңыз бар. Өтемақы салымының ең жоғары сомасы 20 млн теңге болғанымен, статистика көрсеткендей, өтемақы төлеуге негізінен 1 млн теңгеге дейінгі депозиттер жатады», деді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Әділ Өтембаев.

Төлемдерді банктер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін ережелерде белгіленген мерзімдерде жүргізеді. Жинақ, мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ білім беру жи­нақтау салымдары және тұрғын үй құ­рылыс жинақтары жүйесіндегі жи­нақтар мен салымдар өтеуге жатады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ақпаратына сәйкес 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 5 млн-нан астам салымшының салымдары өтемақыға жатады. Олардың ішінде салымшылардың 97 пайызында 5 млн теңгеге дейін депозит болса, соның басым бөлігінде (86 пайызы) 1 млн теңгеге дейін салым бар екен.