Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев келіп, аймақтағы интеграция үдерістері жайында айтып берді.
«Өткен жылы облыстың сыртқы сауда айналымының көлемі 3,7 миллиард долларды құрады. Республика көлемінде аймақтың инвестициялар үлесі 2,8 пайызды құраса, бұл ретте сыртқы сауда балансының сальдосы оң нәтижеге ие. Экспорт импорттан 1,6 есе асып отыр», деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары М.Дәрібаев.
2013 жылы Кеден одағы елдерімен сыртқы сауда айналымы 1,6 миллиард АҚШ долларын құрап, ел өңірлері арасында облыс алтыншы орынды иеленген. Облыс айналымында Кеден одағы елдерінің үлесі 42 пайыз болған. Аймақтың КО елдерімен тауар айналымы құрылымында экспорттық жеткізулер 63 пайызды алса, импорттық операциялар – 37 пайыз.
Кеден одағы елдеріне экспорттың негізгі баптары темір кені өнімі мен бидай болып табылады. Жабдықтар, көлік құралдары, шиналар, тұрмыстық техникалар, дәрі-дәрмектер, жиһаздар мен халық тұтынатын өзге де тауарлар импортталады. КО елдері шегінде былтыр облыстың Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 1,5 миллиард АҚШ долларын құраған.
2013 жылы «ЕуразКаспианСталь» ЖШС Қостанай қаласында ұсақ сортты құрылыс бұйымдарын шығару зауыты Ресей инвестициясын тарту есебінен іске қосылған. «Агромаш Холдинг» «ESSIL КЗС-760» астық және «КСК-600-03» жемшөп жинайтын комбайндары ауылшаруашылық техникаларын құрастыру бойынша «Гомсельмаш» беларустік кәсіпорнымен бірлесіп шығару жөніндегі мәселелерді қарастыруда. Қазіргі таңда БК құру бойынша ресми құжаттарды ресімдеу жүргізілуде. Сондай-ақ, жабдықтар жеткізу туралы келіссөздер жүргізу де назарда тұр.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».