27 Мамыр, 2014

Сындарлы пікірлер тоғысқан алаң

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Таяуда елордамызда VІІ Астана экономикалық форумы өткені баршаға мәлім. Аз ғана уақыттар ішінде жаһандық үнқатысу алаңына айналып үлгерген осы форумның беделі де жыл санап өсе түсуде. Оған осы алқалы жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы келіп қатысқан шетелдік меймандар пікірлері де нақты дәлел бола алады. Сондай пікірлердің бір тобын төменде оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Снимок-1Мартин САЙДИК, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті: – Мен Астана қаласына соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын сапарлап келген едім. Ал осы жолғы сапарымда көрген Астанадағы өзгерістер мені шынымен де қатты таң- ғалдырды. Өйткені, Қазақстан елордасы осы 15 жыл ішінде өте қатты өзгерген. Астана өз дамуында орасан зор қадам жаса­ғаны көрініп тұр. Бүгінде ол гүлденген ірі шаһарға айналып отыр. Осы орайда Ас­та­наны өркендету бойынша атқарылған жұмыстар мақтауларға лайық. Мен Астана экономикалық форумы секіл­ді ірі экономикалық маңызды шараны өткізуде бағыт беретін рөлі үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды біл­дірг­ім келеді. Маған VII Астана экономикалық форумындағы маңызды пі­кір ­алмасулар мен барлық отырыстардағы терең талдаулар қатты әсер етті. СнимокДәурен МАҚАЖАНОВ,  «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: – Астана экономикалық форумы табыс­ты өтті деуге толық негіз бар. Соған біздің «ҚазАгро» холдингі ұйымдастырған көрме жұмысына келіп тамашалаушылардың мол болуы және осы форумға қатысушылардың «ҚазАгро» холдингінің жұмысына үлкен ықылас танытуы да дәлел бола алатындай. Қазіргі күні бүкіл әлем бойынша аграр­лық секторға үлкен назар аударылып отырғандығы белгілі. Әлемдік рыноктарда азық-түлік бағаларының қымбаттауы көптеген елдер тарапынан өздерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша ұмтылыс танытуына қарай әкеле жатыр. Осындай халықаралық форум барысында біз мұны айқын сезіну үстіндеміз. Елімізде өтетін мұндай әрбір форум халықаралық инвесторлар алдында Қазақстанның зор ауыл шаруашылығы әлеуетін ашып көрсетуге, осы арқылы салаға тиімді инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, біз былтырғы жылы шетелдерден еліміздің агросекторына 1 миллиард доллардың жеңілдікті несиесін тарта алсақ, осыдан 5-6 күн бұрын ғана тағы да 600 миллион еуроның инвестициясын тарту мүмкіндігіне ие болдық. «ҚазАгро» АҚ секілді аграрлық сектордағы ірі холдингтің қаржылай мүмкіндігінің кеңеюі саладағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің жағдайын шешуге ықпал етеді. Егер былтырғы жылы аграрлық секторды қолдауға холдинг тарапынан 105 миллиард теңгенің қаржысы бөлінсе, биылғы жылы 200 миллиард теңгенің қаржысы бөлінуде. Осының өзі біздің жұмысымыздың жақсарып келе жатқандығының бір көрсеткіші болса керек. DSC_6651Михаил ФЕДОРОВ, Ресей Федерациясы, Орал  мемлекеттік экономикалық университет ректоры: – Астана экономикалық форумының осы тектес форумдардан ерекшелігі, әрине, бар. Ол ерекшелік жаһандық дағдарысқа қарсы шараларды қалыптастыруда жатыр.  Менің көзқарасым бойынша, бұл шараларда барлық континенттердің, тіпті, керек десеңіз,  халықтың барлық әлеуметтік топтарының қызығушылығын барынша ескерген дүние болып отыр. Бұл – бүкіләлемдік экономика үшін тың, маңызды құбылыс. Екінші талқыланған маңызды құжат – Н.Назарбаев мырзаның көтеріп жүрген Еуразиялық даму векторы дер едім.  Бұл бүгінгі күннің мейлінше өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. DSC_6762Марта БАРСЕНАС, Мексиканың Түркиядағы елшісі: – Форумдағы ең маңызды деген шара­­лардың бірі – Дағдарысқа қар­сы дүниежүзілік конференцияда жасал­ған баяндамалар легі. Яғни, VII Ас­тана экономикалық форумы өз мақ­сатына жеткен сияқты. Келген баян­да­машылардың ұсынған ақпараты мол. Бұдан өзге, Ұлы Жібек жолына бай­ла­ныс­ты ақпараттар қызықты болды. Сонымен қатар, Астанада өткелі отырған «ЭКСПО-2017»-нің де маңызы жоғары. Қызықты ойлар тізбегінен, әсіресе, жас адам­дар­дың әлеуеті жоғары екендігі байқалады. Бұл – қуанарлық құбылыс. 040146401Гүлнар СЕЙТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты: – Кезекті Астана экономикалық форумы қаржылық дағдарыс жөніндегі өзекті мәселелердің шешімін табу үшін барлық мемлекет боп бас біріктіру қажет екендігін тағы бір еске салған халықаралық үнқатысу алаңы болды. Ал жиынға қатысушылардың келу аумағы ұлғайғандығы, тақырып өзектілігі мен тереңдігі форум маңызын арттырған көрсеткіштер десем артық айтпаған болар едім. Форум аясында халықаралық әйелдер басқосуы өткен еді. Оған қатысқан шетелдік делегаттардың  арасында батыс пен шығыстан, тіпті, араб елдерінен, қара құрлықтан келгендері бар екендігін байқадым. Олардың айтар ортақ ойлары көп. Алмасатын пікір тақырыптары сан алуан болды. Олардың әрқайсысы елдеріне Қазақстан туралы жағымды толыққанды ақпараттармен қайтып кетті. Осы медиа байланыс пен әріптестік құру мақсатындағы кездесулер қатысушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын біртабан жақындата түсті деп ойлаймын. Ал форум делегаттары халықаралық «G-Global» платформасының барынша танымал болуға ниеттес екендіктерін танытты. Өйткені, олар да «G-Global» платформасының жүзеге асқанына мүдделі.