Қоғам • 31 Қазан, 2022

Заңды білмейтіндер зар илеп жүр

6762 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары теңгенің құн­сыздануына байланысты халықтың тұр­мысы төмендеп, көптеген азамат екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қыруар кредит алып, қарызға белшеден батқаны мәлім. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойып, бұрын-соңды болмаған əлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған еді.

Сөйтіп кепілсіз тұтынушылық қарыз алып, қиын жағдайда қалған 500 мыңнан астам азаматтың – көпбалалы, асыраушысынан айырылған және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың, атаулы əлеуметтік көмек алатын азаматтардың, жетім балалардың шамамен 115 млрд теңге қарызы бір жолғы тәртіппен кешірілген. Бұған қоса, 1,2 млн азаматтың 33,6 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары мен өсімпұлдары өтелген.

Сол жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың тым көп несие алуына тағы да назар аударып, Үкімет пен Ұлттық банкке екі ай ішінде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепіл­дік беретін тетіктерді енгізуді тапсырған. Нәтижесінде, Ұлттық банк басқармасы 2019 жылғы 26 қарашада «Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы» №209 қаулысын қабылдап, ол Әділет министрлігінде тіркеуден өткен соң, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Аталған нормативтік-құқықтық актіде жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні мүлік кепілімен қамтамасыз етілген жағдайда берілген микрокредит сомасының 20 пайызы мөлшерінде, ал мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген жағдайда берілген микрокредит сомасының 25 па­йызы мөлшерінде белгіленген. Ол респуб­лика аумағында екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының барлығы өз қызметінде бұлжытпай басшылы­қ­қ­а алуға міндетті құжат болып саналады. Алайда көптеген микроқаржы ұйымы оған «пысқырып» та қарамай, бұрынғыша шектеусіз өсімқорлығын ешкімнен именбей жалғастырып, табысы төмен адамдардың қанын теспей сорғандай озбырлық көрсетіп отыр.

Мысалы, Астана қаласындағы бір микроқаржы ұйымы өткен жылғы қараша айында К. деген азаматқа 45 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 400 мың теңге микрокредит беру туралы шарт жасасыпты. Алты айдан соң әлдебір себеппен тиісті төлемді төлеуге жағдайы келмеген аза­матты микроқаржы ұйымы енді сотқа беріп отыр. Бұл ретте бізді қызықтыратын жайт – сот микроқаржы ұйымы Ұлттық банк бас­қармасының №209 қаулысының талабын орындамағанын ескеріп, оның азамат К.-мен жасаған шартын заңсыз деп таныр ма екен?

Жалпы, елімізде осы жылдың бірінші жартысында микроқаржы ұйымдарына берешегін 90 күннен астам өтемеген 550 мың қарыз алушы бар екен. Олардың арасында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 30 мың пайызға дейін жеткен қарызгерлер де бар болып шықты. Жоқшылық екі бүйірінен қысып, еңсесінен езгенде есі шығып, көзіне «далада тегіннен-тегін жатқан батпанқұйрықтай» болып көрінген қарыз шартын мұқият оқымастан қолын қоя салғанымен, кіріптарлыққа түскенін кейін түсінген борышкерлердің бір бөлігі мұндай жүгенсіздікке шыдамай, қарыздарын төлеуден әдейі бас тартатын көрінеді. Бірақ олардың ішінде сотқа жүгініп, өздерінің аяққа басылған құқықтарын қорғап жүрген азаматтар некен-саяқ екен.

Ал қолданыстағы заңнаманы білме­гендіктен, микроқаржы ұйымдарына сыйақы мөлшерлемесі белгіленген шектен әлдеқайда жоғары қарызын ай сайын әрең төлеп, зар илеп жүрген қазақстандықтардың саны қанша екені бір Аллаға ғана аян. «Ештен кеш жақсы» демекші, ондай азаматтардың да әділдік іздеп сотқа жүгініп, артық төлеп келген қаражатын қайтарып алуға заңды құқығы бар. Осы орайда оларға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көмек көрсетіп, арандарын ашқан тойымсыз микроқаржы ұйымдарын тәртіпке шақыратын уақыты жетті деп ойлаймыз.

Соңғы жаңалықтар