
Дегенмен бұл облыс әкімдігі деңгейінде шешілетін мәселе емес. Сондықтан да осы салада еңбек ететін 25 мыңға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақташылардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қолдау болатынынан үмітті. Елордаға қарап елеңдеген диқандар Президент пәрменімен оң өзгеріс болатынына сенеді.
Наразы шаруалардың бір тобы облыс әкімдігіне келіп өзекті мәселені көтерсе, Шардара ауданындағы мақташылар тас жолды жауып, мақта бағасын көтеруді талап еткен болатын.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды диқандармен және өңірдегі мақта өңдеу зауыттары басшыларымен, халықаралық трейдерлермен кездесу өткізіп мән-жайға қаныққан соң, мәселеге қатысты ұсыныс-пікірін білдірді. Әйтсе де осы бір өзекті мәселені, шаруалар шарасыздығын өз пайдасына жаратқысы келген, хайп құмар жандар да табылып, диқандарды арандата әкімдік алдына қайта жинағаны және ол бір келеңсіз оқиға әлеуметтік желі арқылы жұртқа таралғаны мәлім. Ал мәселенің негізі тереңде жатыр. Сараптап көрелік.
Шаруаның шағымы
Биыл мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 330,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. Бүгінде 305 мың тонна мақта жиналған. Шитті мақтаны қабылдау үшін 22 мақта өңдеу зауытының 187 қабылдау бекеті жұмыс істейді. Зауыттар шитті мақтаны 200-250 теңгеден алдын ала төлем бойынша алады, ал кей серіктестіктер 330-370 теңгеден қабылдауда. Алайда шаруалар бағаға байланысты дабыл қағып, мақталы аудандарда тоқыма-тігін кәсіпорындарының ашылғанын қалайтындарын айтып отыр. Диқандар ала жаздай тер төгіп, 40-50 градус ыстықта бала-шағасымен жабылып өсірген мақта жұмсалған шығынды ақтамайтынын, шит те, селитра мен солярканың да қымбаттығын айтады. Мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, субсидия берілгенін қалайды. Биыл шитті мақтаны сатып алу бағасы төмен болып, агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Ресми жауаптарға жүгінсек, оның негізгі себебі – әлемде болып жатқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілер күрделеніп, тасымалдау шығындары бірнеше есе өскен. Бұл мақта сатып алушы шетелдік компаниялардың Қазақстан нарығына сұранысын төмендетіп, шитті мақта бағасының тұрақсыздығына алып келді. Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінге Ливерпуль биржасында орта талшықты мақта бағасының 1 тонна баға көрсеткіші 93,75 индекс, шитті мақтаның болжамдық бағасы 231,9 мың теңге болып отыр. Яғни шаруалар ала жаздай еңбек етіп өсірген өнімін шығынын өтейтіндей бағамен сата алмай, өңірде әлеуметтік шиеленіс туындады.
Өткен жылдары егістік алқаптарын әртараптыру арқылы мақтаның аумағын азайту жөнінде ұсыныстар айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген де болатын. Алайда былтыр баға шаруаға тиімді болғандықтан, биыл мақта алқабының аумағы облыста 16 мың гектарға ұлғайған. Биылғы өнім де жақсы. Жылда трейдерлерге тәуелді етіп, шығынын ақтамайтын өнімнен бас тартуға жергілікті шаруалар да мүдделі.
Бірақ мамандар топырақтың сорлануы, ағын судың тапшылығы бұл жерлерде басқа дақыл егуге мүмкіндік бермейтінін айтады. «Бірден басқа дақыл өсіру емес. Жердің құнарлылығы, тұздануына қатысты мәселелер бар. Бір жыл мақтаның бағасы төмен болды деп, дақылдан бас тарта салған дұрыс емес», дейді Жетісай ауданындағы «Нұралы жол – Ж» шаруа қожалығының төрағасы Ербол Ералиев. Мақта өндірісі –
оңтүстік аудандардағы шаруалардың негізгі табыс көзі. Ал табыс әкелерлік өнімнің бағасы төмендеуі салдарынан шаруалар несиелерін және басқа қарыздарын жаба алмайды. Табыстың болмауы күзгі агротехникалық шараларды өткізу, қысқа отын мен мал азығын дайындауға да кері әсерін тигізері анық. Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов мақташылардың мәселесіне қатысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысының миллионнан астам тұрғынының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өндірісіне тікелей байланысты екенін атап өтті. «Қаражаттың болмауына байланысты шаруалар агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмайды, сапалы тұқымдардың болмауы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді. Орташа өнімділік пен мақта бағасының төмендігі шаруаларды қатты қүйзелтіп отыр. Бұл жағдайға алып келіп отырған негізгі себеп, өндірілген өнімнің басым көпшілігі делдал арқылы экспортқа шығарылады, ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының күрт өсуіне байланысты мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен сұраныс күрт төмендеді. Бұл жай біздің экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр. Ерекше атап өтетін жағдай, мақта егетін аймақта бірде-бір тоқыма фабрикасы жоқ екендігі. Оның болуы қазіргі жағдайға оң әсер ететіні сөзсіз еді. Ал көрші мемлекетте әр облысында бірнеше мақта-тоқыма фабрикалары бар, сондықтан ол жерде мақтаның бағасына және оны сатуға қатысты проблема жоқ», дейді депутат өз сауалында. Мақтаны дайын өнімге дейін жеткізетін өндіріс орнының жоқтығы бағаға әсер ететінін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов та айтты. «Мақтаның бағасы тікелей трейдерлік компанияға байланысты. Бізде тігін-тоқыма фабрикасы мүлде жоқ. Бәрі Қырғызстан, Өзбекстанмен салыстырады. Өзбекстанның өзінің тігін-тоқыма фабрикасы жеткілікті. Олар сыртқа сатпайды. Өзі жинаған мақтасын өңдеп, әртүрлі зат шығарады. Міне, осы бағыт бізде өте нашар дамып отыр», дейді Т.Оспанов.
Иә, мақта бағасына қатысты наразылығын шаруалар соңғы жиырма жылда шырылдап айтып келеді. Қайбір жылдары жекеменшік мақта зауыттарына бәсекелес болсын, баға көтерілсін деген ниетпен мемлекеттік мақта зауыты салынған. Бірақ ол зауыт үмітті ақтамады, ақыр аяғында жекешеленіп кетті. Бүгінде мақта шетелге шикізат күйінде экспортталып, арзанға сатылады. Ал жіп иіретін, мата тоқитын кәсіпорындар салынған жоқ. Ілгеріде Шымкентте мақта-тоқыма кластерін дамыту үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Сол кезде «мақта-тоқыма өндірісін дамытамыз» деген мақсатта мемлекеттен миллиардтаған қаражат алған кәсіпорындар да болды. Олар қайда, қаржы қалай жұмсалды? Ақиқаттың алдаспаны атанған Шераға, Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, «Қайда кеттi үкiметтiң сол мол ақшасы, қай қалтаға түсiп кеттi? Неге жетпейдi ауылға?». Өкінішке қарай, бүгінгі тығырықтан шығу үшін жергілікті әкімдер мақта зауытының басшыларын тігін фабрикаларын салуды қолға алуға шақырып, шетел инвесторларына шұғыл түрде жіп иіру фабрикасын салуды ұсынуда. Мысалы, жуырда Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек көршілес Өзбекстан елінің Anteks Group компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында шетелдік қонақтарға аудандағы өсірілген мақта шикізатын диқандардан нарықтағы қалыптасқан бағамен сатып алу жұмыстарын шұғыл түрде ұйымдастыру және оны жергілікті зауыттарда өңдеу арқылы экспортқа шығару, мақта талшығын терең өңдеу үшін ауданда қуаттылығы 5 мың тонна жіп иіру фабрикасын салу жөнінде ұсыныстар айтылған. «Инвесторлар біздің ұсыныстарды қабыл алып, аудан аумағынан мақта шикізатын қайта өңдейтін кәсіпорын ашатын болса, біз жан-жақты көмектесуге дайынбыз. Жер беру, инфрақұрылыммен қамту, инвестициялық субсидиялау, кедендік, салықтық құжаттандыру және басқа да әкімшілік кедергілерді болдырмау бойынша қолдау көрсетілетін болады», дейді аудан әкімі. Осы арада айта кетелік, әлем бойынша мақта талшығын негізгі өндірушілердің көш басындағы елдер тізімінде болмағанымен, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдері арасында экспорт бойынша екінші орында. Агро сала мамандары мақта өндірісін дамыту үшін арнайы тұжырымдама қажеттігін айтады. Бір кездері қолға алынған мақта кластері іске аспады. Жұрттың есінде болар, сол кездері ақпарат құралдарында елiмiз тәуелсіздік алған жылдардан берi мақта саласына үлкен қолдау жасалып, мақта-тоқыма кластерi дүниеге келгені жарияланған болатын. «Бүгiнгi таңда өскен шиттi мақтаның 35 пайызы облыстың тоқыма кәсiпорындарында өңделуде. Ендiгi мақсат – 2020 жылға дейiн шиттi мақтаның 90 пайызын облыстың кәсiпорындарында өңдеудi қамтамасыз ету. Сонымен қатар шиттi мақта көлемiн 54 пайызға өсiру жоспарланған, ол 420 мың тоннаны құрайды... Ал «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағынан тоқыма фабрикалары iске қосылды. Ғылыми-зерттеу институты, фабрика жұмыс iстейдi. «Мақта саласын дамыту туралы» заң қолданысқа ендi. Ағын су тапшылығын жою мақсатында қыруар қаржы бөлiнiп, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы атындағы жаңа канал салынды», деген жағымды жаңалықтар да жария етілді. Алайда жақсы жоба жүзеге асырылмады, сөз жүзінде қалды. Тағы бір түйткіл – мақтаның өнімділігі төмен. Шаруалар сапалы тұқым мен жаңа технологияларды пайдаланса, 1 гектардан 50 центнерге дейін өнім алуға болады екен. Сапаға терім кезіндегі жұмыстар да әсер етуде. «Кеңес өкіметі кезінде қолмен терілген мақта ең қымбат болып саналатын. Қазір қол терімі өте сапасыз жүргізілуде. Адам баласы қолмен күнделікті 110 килодан артық тере алмайды, мүмкін емес. Ал қазір қолмен 400-500 кило теретіндер бар. Әрине, таза терілмей, бәрі араласып кетеді, сөйтіп, сапаның төмендеуіне әсер етеді. Тағы бір мәселе – мемстандарттың өзгеруі. Мақтада ылғалдылық, талшықтың ластануы деген түсінік бар. Зертханаларда таза мақтаның шегерілімі шығарылады. Қолмен таза теретіндер де, барлық технологияны сақтайтын шаруалар да бар. Бірақ ортақ қазанға түскен соң олардың жұмысы көрінбейді. Қымбат та сапалы тұқым еккеніне де, басқасына да бірдей төленеді. Таза мақтаның түсіміне қарай төленуге тиіс. Көрші өзбек елінде стандарт өзгерген жоқ, кеңестік дәуірдегі күйінде қалды. Сосын оларда тұқым шаруашылығы дамыған, жұмыс жүйеленген. Сырттан ешкімді кіргізбейді. Технология толық сақталады. Дайын өнімге дейін өңделеді. Ал біздің жұмыста бірізділік болмай тұр. Субсидия мәселесі де жүйелеуді қажет етеді. Гектарына берілуге тиіс, тоннасына немесе басқалай төленсе сыбайластық көбейеді», дейді шаруа қожалығының төрағасы Ербол Ералиев. Бұл саланы дамыту үшін жеңіл өнеркәсіпті де өркендету керек. Қазір Қазақстанда мақта-мата ғана шығарылады. Оның өзі боялмаған, өнделмеген, яғни қосымша құн қосылмаған күйінде сатылады екен. Мақтадан талшық, тұқым, мата, май, сабын, дәрі-дәрмек, оқ-дәрі, бояу, мал азығы сынды жүзден астам түрлі өнім алынады. Ал мақтадан жасалған матаның құны түспейді. Осы орайда отандық өндірушілер саланы дамыту үшін мемлекеттің демеуі, ол үшін жеңіл өнеркәсіп комитетін құрып, нақты тұжырымдама әзірлеу керектігін айтуда.
Тізе берсек, шаруалар көтерген, мамандар айқындаған мәселе көп. Ал ол мәселелерді шешу үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуға тиіс?
Не істемек керек?
Өңірде туындаған мақта мәселесін шешу мақсатында жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиын өтті. Оған Сыртқы істер министрлігі, Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов, Мәжіліс депутаттары Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев, сондай-ақ мақта зауыттарының басшылары мен диқандар қатысты. Басқосуда жыл сайын қайталанатын өзекті мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылды. «Биыл мақта бағасы нақты белгіленбей әрі тұрақсыз болып, салдары осы саладағы агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Бұған мақта саласының шикізат күйінде экспортқа бағытталып, өңірде тоқыма-тігін кластерін дамыту тиісті деңгейде қолға алынбауы да себеп болуда. Аталған мәселе жылда қайталанады. Осыған байланысты агроқұрылымдарды қолдап, мәселені жүйелі шешудің жолын қарастырған жөн. Біздің шаруалар шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді болып отыр. Алдағы уақытта ұсыныстарды нақтылап, орталық үкіметтік орган басшыларын өңірге шақырамыз. Шаруалармен, мақта зауыты басшыларымен тағы да кездесеміз. Біз өңір шаруаларының өз жұмысын жүргізіп, отбасыларын асырауларына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүдделіміз», деді Дархан Сатыбалды алқалы жиында.
Шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелділіктен арылу мақсатында өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажет. Бұл жөнінде Үкіметтің алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне қарау үшін ұсыныс енгізілетін болады. Осыған байланысты орталық атқарушы органдарға бірқатар мәселені назарға алып, оң шешілуіне ықпал жасау сұралды. Өйткені мақта мәселесін тек облыс әкімдігі деңгейінде шешу мүмкін емес. Оны кәсіпкерлер де мәлімдеп, саладағы проблемалар бойынша ойларын ашық айтты. Облыста жұмыс істейтін 22 мақта жинау және өңдеу зауыттарындағы құрал-жабдықтарының 80%-ға жуығы тозған. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан мақта өңдеу зауыттарын, тоқыма тігін фабрикаларын салу/кеңейту, құрал-жабдықтарын алу, реконструкциялау жөніндегі жаңа паспортты инвестициялық субсидияларға қосу (өтеу үлесін 50%) және төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелер беру ұсынылып отыр. Мақта талшығының бағасын анықтап, мақта зауыттарынан сатып алу мүмкіндіктерін ұсыну жағы да айтылды. Сонымен бірге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақмерзімді үлкен көлемдегі несие беруді қарастыру мәселесі көтерілді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на мақта талшығын экспорттаушы кәсіпкерлер үшін Мақтаарал – Достық (Алашанькоу) стансаларының аралығында қажетті көлемде вагонды мерзімінде бөлу және мақта талшығын тасымалдау шығынын 50% төменгі бағада белгілеу ұсынылды. Сауда және интеграция министрлігіне мақта талшығын экспорттау көлемін ұлғайту және инвесторларды қолдау мақсатында темір жол, жүк көлігі тарифтерін 50% төмендету мүмкіндіктерін қарастыру, Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетіне мақта талшығын импорттаушы елдердегі (Түркия, Қытай, Беларусь, Ресей, Чехия, Өзбекстан, Молдова, Латвия, Белгия, Германия, т.б.) елшіліктермен бірлесіп, мақта кластерін дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесі көтерілді.
Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов та бірқатар мәселе бойынша шұғыл түрде шараларды қабылдау қажеттігін айтты. Нақтыласақ, біріншіден жергілікті атқарушы орган шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алу бойынша тұрақтандыру қорын құруды тапсыруы қажет. «Облыста өндірілетін 330,3 мың тонна шитті мақтаны 330,0 мың теңгемен тұрақтандыру қоры арқылы сатып алу үшін орташа есеппен 109 млрд теңге қажет. Тұрақтандыру қоры арқылы жергілікті бюджеттен бар-жоғы 2,0-3,0 млрд теңге қаржыландыру мүмкіндігін ескерсек, бұл жалпы көлемнің 2%-ын ғана құрайды. Өз кезегінде тұрақтандыру қорын тиімсіз етеді және толық қамтамасыз етпейтіндіктен тауар өндірушілердің наразылығын тудырады», дейді депутат. Бұл орайда депутат Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы қысқамерзім ішінде мақта талшығының бағасын анықтап, мақта зауыттарынан сатып алуды ұсынады. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап Ливерпуль мақта биржасының индексі өсуіне байланысты, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өнімді экспортқа жоғарғы бағамен өткізеді. «Екінші. Аграрлық кредиттік корпорацияға шаруалар өнімді сатқанға дейін кредиттер бойынша ұзарту мәселесін шешуді тапсыру. Үшінші. Көктемгі дала жұмыстарына 10 қарашадан бастап 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу. Төртінші. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өндірілген өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тоқыма фабрикасын салу мәселесін пысықтау. Бесінші. Қазақстандық мақтаның сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуға тиіс. Алтыншы. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жоғары сапалы мақта сорттарын сатып алу мәселесін пысықтау және өңделген сапалы өнімдерді сұранысы мол Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өткізу жолдарын қарастыру керек», дейді Қ.Абасов.
Айта кетелік, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Сауран ауданында орналасқан «Картекс» мақта өңдеу зауыты 3,0 мың тонна өнімге шетелдік инвесторлармен келісімге келіп, шитті мақтаны тоннасына 330,0 мың теңгеден қабылдай бастаған. Сонымен қатар Мақтаарал ауданындағы «Zhanassyl» мақта өңдеу зауыты 330,0 мың теңгеден және Ордабасы ауданындағы «Нұр-Aгро 73» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауар өндірушілерден шитті мақтаны 370,0 мың теңгеден қабылдауда. Облыста 22 мақта зауытының 3-уі ғана шаруаларға шитті мақта сатып алуды тиімді бағада ұсынғанымен, бұл жиналатын шитті мақтаның 10%-ын құрайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, жалпы мақта шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан көктемгі және күзгі дала жұмыстарына нарықтық бағадан 15-20% арзан бағамен 96,0 мың тонна жанар-жағармай босатылған. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар құнының 50%-ын субсидиялауға 6,1 млрд теңге, пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн теңге, тұқым шаруашылығын қолдауға 600,0 млн теңге қаржы бөлінді, бүгінде 15,0 мыңға жуық агроқұрылымға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, 494 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 1,9 млрд теңге инвестициялық субсидия төленген. Көмек көрсетілуде, алайда онымен мәселе жылдар бойы толық шешімін таппай келеді. Биылғы өнімнің шығымы жақсы екенін, алайда көрші өзбекстандық диқандарға бәсекелес бола алмай ел ерге, ер жерге қарайтындай күй кешетінін айтқан шаруалар Ақордадан, Үкіметтен қолдау күтеді.
Түркістан облысы