
Сарапшылар форумының жұмысына Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының эксперттерінен бөлек, белгілі саясаттанушылар мен әлеуметтік ғылым бағытындағы сарапшылар, академиялық қоғамдастық өкілдері, университет оқытушылары, заңгерлер де атсалысты.
Талқылау кезінде еліміздегі саяси өзгерістер, жүргізіліп жатқан реформалардың бағыт-бағдары мен алғашқы нәтижелері, биыл 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауының ерекшеліктері жөнінде сөз қозғалды. Сондай-ақ, форумға қатысушылар «Жүйені өзгертеміз бе, әлде қоғамды өзгертеміз бе?», «Қоғамның қозғаушы күші кімдер?», «Жастардың бойына қандай жаңа құндылықтарды сіңіреміз?» деген сұрақтар төңірегінде пікір таласып, тұжырымды баяндама жасады.
Басқосуда сарапшылар тобы елімізде жүріп жатқан саяси реформаларға кеңінен тоқталып, Парламентте қабылданғалы жатқан заңдар, қоғамдық сананың трансформациясы, жаңа замануи көзқарастар мен трендтер барысын қызу талқылады. Дискуссия форматында өткен іс-шарада тың ойлар айтылып, нақты ұсыныстар да ортаға тасталды. Жиын соңында қатысушылар «мұндай эксперттік талқылаулардың елімізде көп болғаны қажет» деген ойларын ашық білдірді. «Өйткені осындай саяси талқылаулар мемлекетімізде өзінің зерттеу саласы бойынша маманданған эксперттер қауымының қалыптасуына оң ықпал етеді», дейді сарапшылар.