Шаһар басшысының айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты күшейту. Сондай-ақ осы бағытта инвестиция тарту жалғаса беретінін және сол арқылы жаңадан ашылатын жұмыс орындарының қатары артатынын жеткізді.
Айта кету керек, жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар бас қосқан жиында жалпы 12 жаңа жоба таныстырылды. Мәселен, «Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймағын мал азығы өндірісін ашуды көздеп отырғанын айтты. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1 200 тонна өнім шығаруға қауқарлы. 2023 жылы жүзеге асырылатын жобаның нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар «SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы 9 гектар жерде бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Оның біріншісі – 13 млрд теңгені құрайтын сәбилердің жөргегін шығаратын отандық ірі кәсіпорын болса, екіншісі – 9,3 млрд теңге болатын шыны талшықты терезе профильдерінің өндірісі. Аталған жобаларды қолға алу арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азаматқа келешекте тұрақты жұмыс табылады.
Бұдан бөлек, «AnDa Company» ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыттың жобасымен таныстырды. Жылына 500 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағы «Тассай» индустриалды аймағынан салынады. Жобаның құны – 1 800 млн теңге. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Құрылыс аяқталған сәтте 35 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Инвестор аталған жобаны іске асыру үшін жергілікті әкімдіктен құрылыс нысанын электр жарығымен, газ, ауыз су, ағын сумен және байланыспен қамтамасыз етуді сұрап отыр.
Штаб отырысында бұдан басқа аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттар өндіретін, тұрғын үй және коттедж құрылысына қажетті тағы басқа да ірі оннан астам жоба қаралды. Қала әкімі әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен шаһардың бұл тұрғыдағы жоғары мүмкіндіктерін баяндап, барлығын зерделеп шығу үшін жетекші сала басшыларына арнайы тапсырмалар жүктеді.
Басты жаңалықтың бірі, биыл жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдер өндіретін өзбекстандық «Dentafill» және шұлық өндірісімен айналысатын түркиялық «Ekol Ihracat» зауыттарын іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар штаб жиынында 35 елдің 310 компаниясын қалаға инвестиция құюға шақыру мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдықтар өндіретін «GE Healthcare» компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier», италиялық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияны Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
ШЫМКЕНТ