27 Мамыр, 2014

Тасымал қарқыны артып, кедергі азаяды

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Маңғыстау өңірінің тасымалдық-өткізгіштік қолайлылығы бұл әлеуетті қазіргіден де зор, ауқымды деңгейге көтеру мүмкіндігін тудырады. Әлемнің бірқатар елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда байланысты нығайтқан еліміздің жол-көлік саласындағы көкжиегі кеңи түсетіні анық. поездМемлекет басшысы Н.Назар­баевтың идеясы негізінде 20 жыл бойы пісіп-жетіліп, енді аз күндерден соң елордамыз Астанада тұсауы кесілгелі тұрған Еуразиялық экономикалық одақ біздің еліміздің көлік саласын жаңа бағыттармен байытып, тасы­мал­дық әлеуетін көтере түседі деп ойлаймыз. Атауы айтып тұрғандай, бұл – одақ­қа қатысушы тараптарды таза эко­номикалық тұрғыда әріптес ететін, жаһандану иірімінде өзара күш біріктіре әрекет етудің жолы. Жуырда Мәскеу қаласында ре­сей­лік зиялылар мен жастар алдында дәріс оқыған Н.Назарбаев «Одақ тұжырымдамасы біздің елдеріміздің барлық азаматтарына бірдей жақын және түсінікті шындыққа негізделеді. Ортақ тарих, өзара экономикалық тар­тымдылық, мәдениеттердің тығыз өзара байланысы мен адамдар­дың жақындасуға ұмтылысы біз­дің ха­лық­тарымызға көпқырлы мем­ле­кетаралық байланыстардың жаңа үлгісін құруға мүмкіндік береді», деп одаққа бастама болған идеяның мәнін ашып, одан әрі оның мақсат-міндеттері мен келешектегі бағыт-бағдары, межесі туралы нақты айтып өтті. Қатысушы мемлекеттер тәуел­сіздігіне қауіп төндірмей, әлеу­меттік-экономикалық, сауда жә­не гуманитарлық, сондай-ақ шекара­лық кеден бағытында біртұтас кеңіс­тік құрудың мән-мағынасы егжей-тег­жейлі ашылып, талдай түсін­дірілді. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері негізін құрған еуразиялық кеңістікте жүзеге асатын инновациялық-тех­но­логиялық қарқындылық бағдар­ламасы, бірлескен ғылыми-зерттеу кластерлерін құру, шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін айтқан Н.Назарбаев одақ кеңістігінің озық инфрақұрылым алаңына айналуы тиіс екендігіне тоқталды. Әсіресе, бірлескен еуразиялық телекоммуникациялар жүйесін құру, Минск-Мәскеу-Астана-Алматы бағытында теміржол магистралін салу, Батыста Еуропаға, Шығыста Қытайға шы­ға­ратын барлық қолданыстағы авто және теміржолдарды жаңғырту сияқ­ты жобаларды іске асыру идеясы  жол-көлік саласына жаңаша екпін беретін жобалар болмақ. Маңғыстау облысы теңіз арқылы Ресей, Иран, Әзербайжан және Тү­рік­менстан елдерімен шектеседі. Қа­зіргі таңда біздің еліміздің қақпасы ретінде Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты жаңғыру үстінде. Жүк тасымалдау көлемі мен жүк түрлерін ұлғайтуды мақсат еткен портта кіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Транзиттік жүк, экспорттық-импорттық мультимодельдік тасымал жүйесіндегі «желілік орталық»  – Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының дамуы өңірдегі теміржол саласының да жұмыс көлемін арттыра түседі. Өйткені, кемеге тиелетін немесе түсірілетін жүктерді жеткізу теміржол тасымалының құзырында. Маңғыстау түбегінің құрлықта Ресеймен қарым-қатынасы Атырау облысы арқылы жүзеге асады. Соның өзінде бізде Ресей елімен тауар айналымы төмендеген емес. Мәліметтерге жүгінсек, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы Маңғыстау жол бөлімшесінен  2014 жылдың 1-тоқ­са­нында Ресей Федерациясына бар­лығы 14649 тонна құрайтын 304 вагон жүк экспортталған. Жүктердің құ­рамы мұнай өнімдері, құрама жүк­тер, химиялық ұнтақ пен химиялық тыңайтқыштар, көкөністер мен азық-түлік тауарлары, металл бұй­ым­дары, өнеркәсіп тауарлары мен жабдықтардан тұрады. Ал Бела­русь Республикасымен әзірге айта қаларлықтай тасымал түрлері қарқын алып тұрған жоқ. Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ аясында бұл елмен де ауқымды байланыстар жолға қойылуы бек мүмкін. Одақ шеңберінде оған мүше мем­лекеттер арасындағы теміржол қатынастарын реттеу, ортақ тариф­тік саясатты қалыптастыру мәсе­ле­лері шешімін тауып, Кеден одағы елде­ріндегі жол-көлік саласына қатысты келісімдердің арнасы кеңи түсетін болады. Дәл қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы Маңғыстау жол бөлімшесі алдына көлік тасымалына қатысты қиындық туғызып тұрған күрделі мәселе жоқ, әйтсе де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында кең көкжиектер, көлемді жұмыстар мен экономикалық нығаю күтіп тұрғанын түсінеміз. Ғалым АЙТЖАНОВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ» Маңғыстау  облыстық бөлімшесі бастығының орынбасары. Маңғыстау облысы.