Қоғам • 01 Қараша, 2022

Бірінші сынып оқушыларын планшетпен қамтамасыз ету жоспарлануда

4810 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бірінші сынып оқушыларын планшетпен қамтамасыз ету жоспарлануда

«Ауыр сөмкелер мәселесін шешудің, сондай-ақ мектептердегі цифрландыру деңгейін арттырудың кешенді шарасы ретінде планшеттерді пайдалану ұсынылып отыр. Біздің ұсынысымыз – 2023 жылы сервистік модель механизмі арқылы бірінші сыныпқа баратын 400 мыңнан астам оқушыны планшетпен қамтамасыз ету», деді Бағдат Мусин үкімет отырысында.

Ол ұсынылған механизмнің негізгі артықшылықтарын атап өтті.

«Біріншіден, сервистік модельді пайдалану кезінде, тікелей сатып алудан айырмашылығы, 4 жылға келісімшарт сомасын бөлу арқылы бюджетке түсетін бір реттік жүктеме төмендейді, оның барысында оқушы бастауыш сыныптағы білімін аяқтайды. Бұл модельді қазірдің өзінде байланыс операторлары халық пен бизнеске телефондар мен планшеттер сату кезінде белсенді түрде қолданады», деді министр.

Министрдің айтуынша, сервистік модель аясында планшеттерді жалға беру қызметтерінен бөлек, мектеп оқушыларын арнайы тарифпен мобильді интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ планшеттердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет көрсету қызметтері сатып алынады.

«Үшіншіден, маңызды фактор - рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімін жаңарту үшін планшетке қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі. Ең бастысы, шетелдік өндіріске тәуелділікті азайту үшін бұл механизм тек отандық өндірушілерге ғана қолжетімді болады», деп қосты Бағдат Мусин.