Парламент • 01 Қараша, 2022

Сенатта әскердегі әлімжеттік мәселесі қаралды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын іске асыру тұрғысынан әскерде қайтарымсыз шығындардың алдын алу және оларды жою туралы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта әскердегі әлімжеттік мәселесі қаралды

Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед дөңгелек үстелде Қазақстан армиясында әскери қызметшілердің қаза болуының жиілеп кеткеніне Мемлекет басшысы назар аударып отырғанын атап өтті.

Сенатор қалыптасқан жағдайға бақылау жасауды күшейту және әскери қызметшілердің қордаланған күрделі мәселелерін шешуде бірлескен күш-жігерге қарқын берудің маңыздылығын атап өтті.

«Бұл оқиғалардың себептерін анықтап алып, әскердегі әскери қызметшілердің заңсыз әрекеттерін жою керек. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз көріністердің алдын алу үшін заңнамалық деңгейде шаралар қабылдау қажет», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенатор Сергей Ершов отырыс барысында тағы бір мәселені қозғады. Депутаттың айтуынша, қазір келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілердің еліміздің қарулы күштерінен жаппай кетуі тіркелуде. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер Қарулы күштердің жалпы санының 70 пайызын құрайды. Сенатор тиісті әлеуметтік қолдаудың жоқтығы мен жалақының төмендігі осындай жағдайдың орын алуына себеп деп есептейді.

 «Әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдай мен кадр әлеуетінің ұлғаюы қаупін ескере отырып, әскери қызметшілердің әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру керек деп санаймын. Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде әскери қызметтің беделін арттыруды, Қарулы Күштерді материалдық түрде жарақтандыру және Отанына адал, кәсіби дайындықтан өткен офицерлер мен әскери қызметшілер құрамымен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті», деді сенатор Ершов.

Еліміздің бас әскери прокуроры Дастан Секенов, қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов, денсаулық сақтау министрінің орынбасары Бейбіт Есенбаев және тағы басқа сөз алғандар да Қарулы күштер саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде ұсыныс айтты.