Елорда • 01 Қараша, 2022

Астанада мектеп құрылысы жүргізілетін жер учаскелері белгіленді

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов мектеп салынатын 100-ден астам орын белгіленгенін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада мектеп құрылысы жүргізілетін жер учаскелері белгіленді

«Мектеп салу – өзекті мәселе. Елорда тұрғындарының жыл сайын артып келе жатқаны ескеріліп, оқу орындары орналасатын жер учаскелерінің де санын көбейттік. Қазіргі уақытта мектеп салынатын 102 жер учаскесін белгіледік. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында орналасқан. Мәселен елорда тұрғындары көбірек шоғырланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында мектеп салынатын – 49 учаске, Алматы ауданында – 29 учаске және т.б.

Мектеп пен өзге де маңызды әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскелерінің саны жыл сайын артады. Әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕТЖ) арнайы бағыт бекітілді», деп жазды әкім Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 23 аса ірі мектептің жобасы жасалды. Бұл 23 мектеп 2 ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді.

- «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ошақтарының құрылысын келесі жылы бастаймыз. Осылайша, біз ауқымды мектептер салуды жалғастырамыз. Осыған дейін Астанада 6 ірі мектеп аштық, олардың әрқайсысы 4 мың оқушы орнына есептелген. Қаланы аралау барысында бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Мысалға бұл мектептер Ұлы Дала даңғылында, Ұлы Дала мен Сауран даңғылының қиылысында, 187-көшеде және Қарасай батыр көшесінде орналасқан. Аталған мектептерді биылғы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз, - делінген жазбада.