Кино • 01 Қараша, 2022

Алғашқы Абай фильмі

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1945 жылы хакім Абай­дың туғанына 100 жыл толды. Дәл осы айтулы датаға байланысты Ал­маты көркем және хроно­логиялық фильмдер студия­сы «Абай әндері» фильмін түсіруді қолға алды. Бұл туындыны соғыс жылдарында Қазақстанға келген, сол кездегі Одаққа та­нымал режиссерлер – Григорий Рошаль мен Ефим Арон түсірді. Сце­нарийін заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жазды.

Алғашқы Абай фильмі

Фильмде басты кейіпкерді  атақты актер Қалибек Қуа­ныш­­баев сомдаса, басқа рөл­дер­ді Қапан Бадыров, Серке Қо­жам­құлов, Елубай Өмірзақов, Шә­кен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары ойнады. Айта кетейік, әйгілі актирса Әмина Өмірзақованың экрандағы жолы осы кинодан басталды. Бір жағынан, осындай ұлттық театр және кино өнерінің сүт бетіне шығар қаймақтары топтасқан құрам фильмнің сапалы шығуына үлкен әсер етті.

Әсіресе басты рөлді сомдаған Қалибек Қуанышбаевтың ақын­ның бейнесі мен ішкі жан дү­ниесіндегі ой-арпалысын жет­кізудегі шынайы шеберлігіне тәнті боласыз. Актердің ойшыл кемеңгерге ұқсаған бет әлпеті, дене тұрқы, жүріс-тұрысы, ба­йып­ты мәнері, сабырлы болмысы Абай атамыздың бейнесін көз алдымызға әкелді. Соның да әсері болса керек, оның рөлін өнерсүйер қауым жоғары бағалады.

Белгілі ғалым, жазушы Тұр­сын Жұртбайдың «Қали­бек Қуанышбаев» атты деректі хикая­тында арқалы актер өзі сомдаған «Абай» бейнесі тура­лы былай депті: «1940 жылы Абайдың пьесасын қой­ғанда, ақынның рөлін мен ойна­ғанмын. Содан бастап Абайды бұрынғыдан жете зерттеуге тура келді. Менің бұл кездегі тапқаным – Абайдың кітабы болды. Соны қай­­та-қайта оқып, оқыған сайы­н ой қосып, шама келген­ше білгенімді тереңдете бер­дім. Әсіресе Абай образын күшей­тетін нәрсе – Абайдың қара­сөздері. Мен оны төрт-бес рет оқып шықтым. Абайдың тамаша еңбектері оның аса гуманист, ақылды, ұлы адам екенін мей­лінше жете ұғындырады. Тек соны іздеп тауып, таза ұққан жағдайда ғана ұлы адамның бейнесін көре де білесің, бере де білесің. Әрине, мен Абай образын толық жасадым деп айта алмаймын. Ондай ұлы адамның бейнесін жете суреттеу – аса қиын іс».

Шын мәнінде, кинода ұлы тұлғаның өмірі, жұмбақ болмысы, ақындығы барынша нанымды суреттелген. Режиссер кейіпкер образын ақын өмірінен ғана емес, айналасындағы адам­дардың іс-әрекеті арқылы аша білген. Негізгі оқиға Абайдың шәкірті, ақын Айдардың ескі дәстүрді бұзып, көрші ауылдағы жесір келіншек Ажарды ұрлаған тұсынан өрбиді. Екі жас жасырын қосылып, қуғыншылардан қашып, ақынды келіп паналайды. Жастардың ісін қараған билер сотында Абай оларды қор­ғап сөйлейді. Олардың тойы үстінде Шәріп қымыз құйған ке­сеге у салып, бақталасы Ай­дар­ды өлтіреді. Бұл ақынға соққы болып тиді. Оның ауы­лына Нар­мамбеттің сотқар жігіттері жесірін даулап келеді. Со­йыл­­­шылардан халық Абайды жақтап, оны қорғап қалады. Фильм соңында өз заманынан жапа шексе де келешектен үмітін үзбеген ақынның биіктеген тұлғасын көресіз.

«Бұл фильм Мұхтар Әуезов­тің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің бас­ты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшыл­дығын, ақындығын, халық қам­қоры екендігін, озат ойлы адам­­дармен жақындығын, жаңа­ша жастармен бірге екенін суреттеген», деп жазады «Абай әндері атты мақаласында белгілі қоғам қайраткері, публицист Камал Смайылов.

Бір қарағанда, фильмнің мазмұны кино-спектакльге жа­қын. Өйткені оның стильдік шешімі, режиссурасы, актерлер ойыны театр өнерімен үн­десіп тұрғанын байқайсыз. Алайда 1946 жылы Мәскеуде өткен фильмнің премьерасын көрермендер жылы қабылдаған.

Биыл бұл туындының жа­рық­қа шыққанына 77 жыл толды. Содан бері хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы ту­ралы бірқатар көркем де де­ректі фильм түсірілді. Бірақ со­ның басында ақын бейнесін алғаш экранға шығарған «Абай әндері» фильмі тұрғаны анық.