Мазмұнды жиынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашып, тарихшы ғалымның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, ғылыми еңбектері туралы жан-жақты сөз қозғады.
–Тұрсынхан Зәкенұлы – Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін Қытай Халық Республикасынан тарихи Отанына алғаш оралған азаматтың бірі. Елге орда бұзар отызында келіп еді енді, міне, асқаралы алпысқа толып отыр. Ол содан бері қазақтың білімі мен ғылымына аянбай еңбек етіп келеді. Оның тарихшы ғана емес, қытайтанушы ғалым екенін жұртшылық жақсы біледі. Осы бағытта жазылған «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» атты монографиясы қытайтану саласындағы құнды еңбек саналады. Сондай-ақ қытай ғалымы, тарихшы Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» мен «Қазақтың жалпы тарихы» атты төрт томдығын қазақ тіліне аударды. Бұдан бөлек, «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» және «Ойратнама: Жоңғар мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, жойылуы» атты еңбектері де тарих ғылымына қосылған сүбелі дүниелер. Сонымен бірге «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгітас», «Балқан тауға барғандар» атты әдеби шығармаларын оқырмандар жылы қабылдады, – деп мерейтой иесіне лебізін білдірді.
Одан кейін сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев шығыстанушы ғалымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта «Құрметті Тұрсынхан Зәкенұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын! Жоғары оқу орындарында жемісті жұмыс істеп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп, білім саласының өркендеуіне атсалысып жүрсіз. Әдеби-тарихи туындыларыңыз бен ғылыми-зерттеу еңбектеріңізде түркі әлемінің аса көрнекті ұлы тұлғаларының күрескер жолы туралы тың деректерді алға тарттыңыз. Көне түркі ескерткіштеріндегі құндылығы өте жоғары шежірені де оқырман назарына ұсынып, құрметке бөлендіңіз. Алдағы уақытта ғылымның іргелі басуына және білікті мамандар даярлау ісіне күш-қайратыңызды жұмсай беруіңізге тілектеспін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, игілік тілеймін», деп жазылған. Сондай-ақ Қуаныш Асылханұлы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың да құттықтау хатын табыс етіп, өзі қызмет істейтін ведомство атынан профессорға Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасын тапсырды.
«Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы Тұрсынбек Зәкенұлының көрші Қытай елінен атажұртына қазақтың жоғалған тарихын ғылым сөзімен жалғап әрі көркем сөзімен әдіптеп, отыз жасында үлкен қоржынмен келгендігін айтты.
«Тұрсекеңнің осы екі қасиеті – тәуелсіздігіміздің мазмұнын кеңейтіп, тереңдетті. Оның біріншісі – ғалымдығы болса, екіншісі – жазушылығы. Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза «Көк бөрілердің көз жасы» атты тарихи романын «Бүгінгі прозаның топжарғаны» деп айтқан. Бұл – үлкен баға. Оның осы қасиеті бір кездегі Алаш зиялыларының еңбегін еске түсіреді. Тұрсекең прозадағы Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Софы Сматай ағаларымыз бастаған тарихи романдар легін одан әрі жалғап, биікке көтерді. Бұл кісілер халқымыздың басынан өткен XVII-XVIII ғасырдағы аса күрделі кезеңді жазса, біздің Тұрсекең одан арғы тарихты үңгіді», дей келіп, оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын тапсырды.
Сондай-ақ ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы ғылым мен әдебиеттің қос қанатын қатар алып жүрген азаматтың атамекенге алғаш келген кезінен естелік өрбітті.
«Тұрсынхан жөнінде аз айтуға да, көп айтуға да болады. Қазір оны қөзіқарақты қауым жақсы таниды. Қарап отырсам, оның тарихи Отанына оралғанына отыз жыл толыпты. Зымырап бара жатқан уақыт. Мен ол жылдары Жазушылар одағында поэзия секциясында кеңесшімін. Бір күні маған Үрімжідегі Әрмиябек Сағындық есімді азамат «Қазақстан егемендігін алды, біз соған қатты қуандық. Енді атамекенге оралғымыз келеді, сол үшін бес жігітке шақырту жіберсеңіз деген тілегіміз бар», деп хат жолдапты. Хатта ол Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің Үрімжіде ұзақ жылдар сот болып қызмет істеген жақын ағасы арқылы жазыпты. Сөйтіп, мен оларға өз атымнан шақырту жіберіп, келетін күні оларды Жағда Бабалықұлы ақсақал бастап вокзалдан күтіп алдық. Сол бес жігіттің бірі – Тұрсынхан», деп өткен күндерден сыр шертті. Ақын Алмас Ахметбекұлы Т.Зәкенұлының шығармашыл тұлға болып қалыптасуына оның туған жері – Алтайдың ерекше әсер еткенін жеткізді.
«Алтай – біздің ұлттық рух пен ежелгі сананың соңғы аралы секілді өлке. Онда халқымыздың ежелгі өмірі XX ғасырдың соңына дейін сақталды. Соны Тұрсынхан бала күнінен көзімен көріп, тарихи романдарына арқау етті. Ғалымның болмысына әсер еткен тағы бір дүние – 70-ші жылдарға дейін созылған Шығыс Түркістан көтерілісін бастаған батырлардың қарсылығы. Олардың соңғы тұяқ серпуі 1971 жылы аяқталды. Осы жағдайды ол көзімен көрді. Бұл да Тұрсынханның ұлттық санасының қалыптасуына бір негіз болды», дей келіп, тарихшыға арнаған өлеңін оқыды.
Келелі жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, Жазушылар одағының өкілі Ғалым Қалибекұлы, қоғам қайраткері Қайрат Мусин және тағы басқа зиялы қауым өкілдері тарихшының ғылыми еңбектері мен әдеби шығармалары туралы сөз қозғап, ғалымға құрмет көрсетті. Ал «Шығыс өркениетін зерттеудің дәстүрі мен жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция секция отырысына ұласып, онда көрнекті түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы, Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара, тарихшы, деректанушы Бақыт Еженханұлы және т.б. тарихшы ғалымдар баяндама жасап, Шығыс елдерін зерттеудің теориялық және методикалық аспектілеріне, шығыс халықтарының және түркі дүниесінің рухани-мәдени құндылықтарына, олардың тарихына жаңаша көзқарастағы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар іс-шара аясында мерейтой иесінің «Қытай тарихнамасындағы қазақ тарихы», «Күлтегін ескерткіші тарихи-деректанулық зерттеу» және «Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі тарихының қытайша деректері» атты үш жаңа ғылыми еңбегі таныстырылып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Тұрсынхан Зәкенұлына «Күлтегін» медалін тапсырды.