Конференцияның модераторы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ең алдымен тұлғаның түркі дүниесіне ортақ мұрасына тоқталды. «Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтарына ортақ тұлға. Оның ілімі халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе, түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда реформаторлық идеяларымен ерекшеленеді», деді ол.
Жиын барысында отандық және Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстанның алаштанушы, ахметтанушы ғалымдары баяндама жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай баяндамасында алаштықтардың ұлт руханиятындағы орасан еңбегін атап өтті.
«Ұлттық тәуелсіз сана туралы идеяның тұғырын Әлихан Бөкейхан саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынұлы соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін», деді ғалым.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова «Ахмет Байтұрсынұлы – отарлауға қарсы тұрған ұлт ұстазы» атты баяндамасында: «Жазған сөз жаным ашып Алашыма!» деп өзінің өмірлік ұстанымын айқындап алған Ахмет Байтұрсынұлы Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен бірегей ғалым» екенін айтты.
Сонымен қатар аталған конференцияда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы», А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық «Ұстаз жолы: ауыл мұғалімінен Білім министріне дейін», Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы (Өзбекстан Республикасы) Маханбет Жүсіпов «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ және жалпы тілтанымында тіл, тілдесім, тілдесімдік қызмет, тіл материалы ғылыми ұғымдары концепциясының негізін қалаушы», Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы (Қырғыз Республикасы) Ташполат Садықов «А.Байтұрсынұлы және қырғыз тілтаным терминологиясының қалыптасуы», Баку Славян университеті Түркология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы (Әзербайжан Республикасы) Нурида Новрузова «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдеріндегі терминология принциптері туралы» тақырыптарында баяндама жасады.
Конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі, ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.
Сондай-ақ жиын барысында «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) және Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұсынылған Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» кітаптары таныстырылды.