Қоғам • 01 Қараша, 2022

Халық тілегі қабыл болған күн

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республика күні қарсаңында Жетісу облысында бір­қатар әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне бе­рілді. Бұлардың қатарында спорт алаңы мен халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің цифрлық кеңсесі және бес медициналық орталық бар. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам ауыл тұрғыны сапалы медициналық қызметпен қамтылды.

Халық тілегі қабыл болған күн

Әуелі мерекенің шымыл­ды­ғы Көксу ауданына қа­расты З.Тамшыбаева ауы­лында түрілді. Шаңырақ­тарына көптен күткен көгілдір отынның келуі тұрғындардың кө­ңілін шат-шадыман етті. Табиғи газға 400-ге жуық отбасы қол жеткізді.

Одан кейін Ескелді ауданында 1 900-ге жуық адам тұратын Абай, Теректі және Қоржымбай ауылдарында үш блок-модульдік медициналық пункт ашылды. Үш нысанның жалпы құны 105 млн теңгені құрайды. Әр фельдшерлік пунктте акушер-гинекологтер мен фельдшерлер тұрақты жұмыс істейтін болады. Облыс орталығынан мамандардың келуі де ұйымдастырылмақ.

Аталған құрылыс нысанына отандық өндірістен металл конструкциялар мен сэндвич-панельдер пайдаланылған. Ішінде ыстық су, әжетханасы бар. Ғимараттар қайта жөн­деуді қажет етпейді. Маман­дар 30 жылдан 50 жылға дейін кепілдік беріп отыр. Міне, осылайша, блок-модульдік фельдшерлік пункттер ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселе­сін қысқа мерзімде шешуге мүм­кін­дік бермек. Бұл ғима­раттар құрылыстың жылдамдығы ғана емес, сапасымен де ерек­шеленеді. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжат­тар әзірлеуді қажет етпейді.

Осындай әлеуметтік нысан Алакөл ауданына қарас­ты Еңбекші ауылында да бой көтерді. Бір мыңнан астам халқы бар елді мекенге мо­дуль­ді дәрігерлік амбулатория ауадай қажет болатын. Қара­пайым халық бір жасап қалды. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған денсаулық сақтау нысанының жалпы құны 78 млн теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 110 шаршы метр. Ғимарат бір қабаттан, жеті бөлмеден тұрады. Дәрігерлік амбулатория 8 адамды жұ­мыс­пен қамтиды. Сондай-ақ Көксу ауданында да 1 500-ден астам адам тұратын Жамбыл ауылы халқының игілігіне фельдшерлік-акушерлік пункт­ пайдалануға берілді.

Одан бөлек Сарқан қала­сын­да заманауи спорт нысаны ашылды. Ақын Сара атындағы орта мектептің стадионы қолданысқа берілді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 59 млн теңге жұм­салған. Жыл соңына дейін Сарқан ауданында барлығы 4 футбол стадионы, 8 балалар ойын алаңы және 5 воркаут-алаң іске қосылмақ. Мерекеге орай ауданда енгізілген тағы бір нысан – «цифрлық кеңсе» бөлімшесі болды. Бұл кеңсеге күніне 100-ге жуық адам бара алады.

Қуаныштың үлкені Үш­төбе қа­ласында болды. Ұлт­тық мерекеге орай 30 пә­тер­­лі баспананың кілті та­быс­­талды. Салтанатты іс-шара­ға аудан әкімі Ерлан Исабеков, Үштөбе қаласының тұрғын­дары және мердігер мекеме өкілдері қатысты. Тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында салын­ған. Үй құрылысына 405,6 млн теңге жұмсалған. Жаңа үйде 2 бөлмелі 10 пәтер және 3 бөлмелі 20 пәтер бар. Қоныс той иелері қата­рын­да 20 пәтерге – 1 және 2-топ­тағы мүгедектер, Ауған соғысының ардагерлері, то­лық емес отбасылар, зейнеткерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы азаматтар ие болды. Сонымен қатар 5 пәтер жетім балаларға, 5 пә­тер көпбалалы отбасыларға бұйырды. Аудан басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, ауданда жақын арада 40 пәтерлі коммуналдық үйдің құрылысын бастау, сондай-ақ «Көкдала» шағын ауданында 20 жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын қуанышпен жеткізді.

 

Жетісу облысы