Жеріміздің бүгінгі тұтастығы көңілге демеу. Бірақ «еліміздің ынтымағы мен біртұтастығының деңгейі қандай?» деген сауалға шынайы жауап берілмей көңілді семірту, өзімізді өзіміз алдарқату адастырады. Сонымен қатар «Қазақстан азаматтарының ортақ мүддесі не?» деген сұраққа да қоғам ішінен жауап берілуге тиіс. Ал халықтың ортақ мүддесі нақтыланбай, оның айналасына жиналмай ел бірлігі мығым деп арқаны кеңге салу әбестік болар еді.
Бүгінде қоғамымызда халқымыздың мызғымас бірлігіне күмәнмен қарайтындар баршылық. Олар ел бірлігінің нығайып келе жатқанын дәлелдегісі келіп жанұшырып жүргендердің сөздеріне сенбейді әрі оған кекесінмен қарайды. Демек атқарушы билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, ел бірлігіне түскен қандай сызаттар бар екенін зерттеп-зерделеп, одан қорытынды шығарып, егер қандай да бір кінәраттар табылып жатса, олардың бастауында тұрған себептерді анықтап және оларды жою керек. Біз бұл сөзді тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені ел ынтымағының бүгінгі деңгейіне қатысты айтылып жүрген сын-ескертпелер негізсіз емес. Бұған қоғамымызда кездесіп жататын ұлтаралық келіспеушілік сыңайындағы оқиғаларды қоса алғанда әлеуметтік желілердегі көңіл күйлер ауаны дәлел бола алады. Осы жерде айта кетейік, ұлтаралық келіспеушілік, өкпе-реніш, дау-жанжал ыңғайындағы оқиғаларды «тұрмыстық келіспеушілік, жанжал» деп, бірлігіміздің мықтылығына шаң жуытқымыз келмейді. Бұл олқылық мәселенің мәнісіне тереңнен үңілуге мұрша бермейді. Осылайша, «жауыр жаба тоқылып» кете барады. Бұлай жалғаса берсе түбінде бірлігіміздің шынайы деңгейімен не көрінісімен бетпе-бет келіп, құтымыз қашып, есімізді жия алмай қалуымыз әбден мүмкін.
Хандығымыздан айырылып, ел тізгіні өзгенің қолына түскен кезден тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі аралықта қазақты менсінбеушілік, төмен санаушылық сияқты жағымсыз үрдістер белең алды. Бірақ бұл үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін өз «жүрісін» тоқтатуы керек еді, олай болмады. Қайта үдеп барады.
Мойындауымыз керек, біз тәуелсіздік алған алғашқы сәттердегі қоғамымыздың ішкі қайшылықтарынан әлі күнге ажыраған жоқпыз. Нақтылай айтқанда, қазақ ұлтының атының озуына бүкіл жан дүниесімен қарсы шыққан, қазақ десе жүрегі қатайып, қақайып қалған жерлестеріміздің сол кездегі тудырған қоғамдық көңіл күй ауаны әлі күнге сейілмей отыр. Дәлірегі тәуелсіздік таңы атқан тұстағы саяси-қоғамдық ауыр атмосфераның ауылынан қарға адым алыстамадық. Бейне бір уақыт көшінен түсіп қалып, сол тоқсаныншы жылдарда қалып қойғандаймыз.
Кеңестік жүйе ыдыраған тұста өз отандастарымыздан құқайдың неше атасын көргеніміз естен шығар ма? «Интернационалдық міндет», «ұлтаралық тең қатынас», «мызғымас достық», «халықтар достығы жасасын» деген тіркестерді күн сайын жақтары талмай айтатын көптеген азамат Қазақстанның егемендігі сынға түсіп, ақырында Құдай бұйыртып тәуелсіздік таңы атқанда қабақтарын тарс жауып, сырт айналғандары, жас тәуелсіз елдің алғашқы қадамдарына кедергі жасап баққаны ұмытқың келсе де ойдан кетпейді. Бір өкініштісі сол, олардың көпшілігі жоғары білімді, түрлі деңгейдегі басшылықтарда қызмет етіп жүрген азаматтар еді. Осындай кертартпа көзқарастағылардың ішкі пиғылы – Қазақстанның дербес ел болмауы. Міне, осындайлар, қазаққа төбеден менсінбей қарағысы келетіндер легі қазіргі таңда да азаймай отырғанын анық сезесің. Мұндайларды біз өзімізге қаншалықты тартсақ та олар өзін Қазақстанның төл баласы деп есептей алмайды. Бұрынғы отаршылдық көзқарастан ажырамаған кесірлер керуені әлі күнге дейін өз көштерін түзеп келе жатқаны қынжылтады. Отыз жылдан астам уақыт өтсе де жат пиғылдылардың үні әлі күнге қатты шығуда. Бұл бізді ұлт ретінде ұйыстыра алмай отырған ұлттық идеологияның жоқтығының нақты көрінісі. Бұл – үлкен кінәрат. Оны жоймай, тәуелсіздігімізді баянды жолға түсіру қиын.