Саясат • 02 Қараша, 2022

Бар жақсылық – балаға

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттіктен үміткер Қарақат Әбден Алматы облысындағы Есік қаласының сайлаушыларымен кездесу өткізді. Сайлауалды жиынға жергілікті тұрғындар, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мамандары қатысты.

Бар жақсылық – балаға

Жиын барысында үміткердің сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, әлеуметтік сала, білім беру мен бала тәрбиесі жайлы өзекті сұрақтар көтерілді.

«Балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Балалардың жағдайын жасау үшін күндіз-түні жұмыс істейтін ата-аналар бар. Бірақ олар көп жағдайда балаларын қалдырып кететін жер таба алмай қиналады. Сондықтан тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу керек. Сайлаушылар тарапынан бұл мәселе қолдау тапты. Тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшаларды мемлекеттік балабақшалардың негізінде ашып, жұмыс уақытын ұзарту арқылы іске қосуға болады. Бұл шешімнің бірден-бір артықшылығы – мәселе шешімі үлкен қаражат жұмсауды қажет етпейді», деді Қ.Әбден.

Бұдан бөлек, жиында балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, отбасылық тәрбие туралы сөз қозғалды. Үміткердің айтуынша, аталған мәселелер оның сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан.

Қарақат Әбден еліміздің 10-ға жуық өңірінде сайлауалды кездесулерін өткізді. Республика бойынша үміткердің 20 штабы, сондай-ақ еріктілер де белсенді жұмыс атқарып жатыр. Сайлаушылар әлеуметтік сала, білім беру, зейнеткерлерді қолдау, қолжетімді баспана сияқты өзекті сұрақтар бойынша өз ұсыныстарын білдіруде.