Өйткені оқушы кезінен зеректігімен танылған жас өрен туралы «Ең үздік» журналында мақала жарияланған. Өмірбаяндық дерегі «Дарындының дара жолы» кітабында жарық көрген. БҰҰ-ның Model Congress халықаралық конференциясына қатысып, «ХХІ ғасыр үздігінің моделі» атанған.
Нұрсипат кіндік қаны Жылыой ауданында тамғанын мақтан тұтады. Аудан орталығы – Құлсары қаласындағы Д.Жазықбаев атындағы №16 жалпы орта мектепті үздік бітірген. Қазір ол АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Пейс университетінің нейрохирургия факультетінде оқып жүр. Қазақ қызына кампуста тегін тұру үшін арнайы грант берілген. Сондай-ақ 150 мың доллар көлемінде тағайындалған стипендия алады.
– Әлеуметтік желіде отандық медицинаның осал тұсы жөнінде жиі сын айтылады. Әрине, медицинада әлі де түйінді мәселелер бар. Білікті мамандар тапшылығы байқалады. Болашақта бұл мәселенің бәрі оң шешімін табады деп ойлаймын. Отандық медицинаны дамыту үшін осы саланы таңдадым. Жақсы білім мен тәжірибе алу мақсатымен шетелде оқуға шешім қабылдадым. Оқуымды бітірген соң елге оралып, жеке клиника ашуға жұмыс істеймін. Мақсатым – науқасқа дұрыс диагноз қоятын, сапалы ем жүргізетін білікті маман болу, – дейді Н.Нұрманбетова.
Атырау облысы