Қазақстан • 02 Қараша, 2022

Қазақстанда колледждердің оқу ақысы қымбаттады

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда колледждердің оқу ақысы шамамен 20%-ға қымбаттады. Еліміздің бір өңірінде бағаның өсуі бірден 66%-ды құрады, деп хабарлайды Egemen.kz finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда колледждердің оқу ақысы қымбаттады

Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында техникалық және кәсіптік орта білім беру саласында қызмет көрсету көлемі 84,2 млрд теңгеге жетті, бұл былтырғымен салыстырғанда 14,5%-ға артық көрсеткіш.

Бюджет қаражаты есебінен – 73,8 млрд теңге, халық есебінен – 9,8 млрд теңге, кәсіпорындар есебінен – 669 млн теңгеге қызмет көрсетілген.

Өңірлік тұрғыда көрсетілген қызметтің ең көп көлемі Алматы қаласына тиесілі: 11,1 млрд теңге – былтырғыдан 18%-ға артық. Одан кейін Түркістан облысы (5,6 млрд теңге) мен Шымкент қаласы (5,5 млрд теңге) кіріп отыр.

Ең аз қызмет көрсету көлемі Ұлытау облысында байқалған – бар болғаны 1,5 млрд теңге. 

Техникалық және кәсіптік орта білімге келсек, ең жоғарғы көрсеткіш елордада – жылына 27,1%-ға өсім көрсетіп, 4,6 млрд теңгеге дейін қызмет көрсетеді.

Биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша кәсіптік орта білім беру бағасы бір жылда 19,5% өскен.

Бағаның ең көп өсуі Атырау облысында байқалған – жылына 65,9%-ға көтерілген. Кейінгі орын Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарына тиесілі – 35,4% пен 34,5%. Ең аз баға өсімі Ақмола облысында тіркелді: жылына 1,3%-ға.

Техникалық және кәсіптік орта білім беру саласында қызмет көрсететін кәсіпорындардың 76,7 пайызы мемлекеттік. Жыл басынан бері мемлекеттік мекемелер 64,6 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Көрсетілген қызметтердің тағы 23,3%-ы жеке кәсіпкерлікке (19,7 млрд. теңге), ал тек 1,9 млн теңге – шетелдік кәсіпорындарға тиесілі.