ҚЫЗЫЛОРДА. 27 мамыр. Байқоңыр қаласының прокуратура қызметкерлері аумақтағы еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізу барысында «Инфракос» РМК қызметкерлеріне тиесілі айлық жалақының төленбей келгенін анықтады. Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Тексеру нәтижесінде республикалық мемлекеттік кәсіпорынның 152 қызметкерге жалпы сомасы 7 800 214 теңге жалақылары уақытылы төленбей, олардың конституциялық құқықтарының бұзылғаны белгілі болды», - делінген хабарламада.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы 2-тармағына сәйкес, әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 134-бабы 1-тармағына сәйкес, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді», - деп мәлім етілген баспасөз парақшасында.
Осыған қарамастан, «Инфракос» РМК басшылығы тарапынан қызметкерлеріне жалақыларын уақытылы төлемей, олардың конституциялық құқықтарына едәуір нұқсан келтірген. Бұл ретте, қала прокуратурасы дер кезінде енгізілген прокурорлық ықпал ету актісінің қаралу қорытындысымен «Инфракос» РМК-ның барлық қызметкерлеріне 7 800 214 теңге көлемінде жалақылары және әрбір кешіктірілген күнтізбелік күн үшін 128 320 теңге өсімақы толығымен төленуі қамтамасыз етілді.
Құрыш Нұрымбет.
Дереккөз: Қызылорда облыстық прокуратурасы.
Фото: mgorod.kz.