Туризм • 02 Қараша, 2022

Рай көлі

1270 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұрт біле бермейді-ау, білсе, ендігі маңайына қаптатып небір зәулім үйлер салар ма еді? Әлде мемлекет қасиетті жердің қадірін кетірмеу үшін көз салмай отыр ма? Емге шипа, дертке дәру тұзды суды ел игілігі үшін пайдаланса несі бар, табиғаттың өзі бар тамашасын тарту етіп отырғанда. Әйтсе де, жұрт жер шалғай, жол жоқ, жетем дегенше ауруымыз асқынып кете ме деп те алаңдайды. Ал жергілікті билік әдеттегідей қолдан келгенін істейді, бірақ онысы қауқарсыз құр әлек пе дерсіз.

Рай көлі

Дертке дәру

Былайғы жұрт Рай көлі атанып кеткен тұзды көл Ақсу ауданының Матай ауылы аумағында орналасқан. Қасиетті нысан көркемдігімен, табиғи емдік шипасымен қызықтырады. Көлдің суы мен тұн­басының денсаулыққа пайдалы екенін білетіндер жыл сайын келуді әдетке ай­налдырған. Сондай-ақ оны білмей­тіндердің де қатары көп.

Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде осы өңірде Рай есімді әйел адам тұрған деседі. Үстіне шыққан жарадан ауыл адамдары шошынып, оны елсіз жерге апарып тас­тайды. Ол жапан далада күнелтіп, тұзды көлге шомылып жүріп жарадан арылады. Мұны көрген ауыл тұрғындары оны еліне қайтуға үгіттегенімен, көл басында өмір сүре береді. Қартайған шағында қайтыс болады. Басына тобылғылы зират тұр­ғы­зылады. Бұл зират қазір де бар. Осы аңыз бойынша тұзды көл «Рай көлі» атанып кеткен.

Шын мәнінде, Рай – өмірде болған адам, Бабеке батырдың жары. Бабеке ер Тоқ­панбеттен бата алып, Айтқожа бидің ал­ғысына бөленген. Лепсі өзенінің алқа­бында «Бабеке тобылғылары» деген жер атауы бар.

Өлкетанушы Қажет Андастың айтуынша, Рай көлі емдік, шипалық қасиетімен танымал. Әдетте, судың құрамында натрий мөлшері көп болса, фтор, йод, сульфат сияқты емдік металдардың мөлшері артады. Рай көлінде магний, кальций, калийдің мөлшері жоғары, ал марганец, кобальт, молибден, мыс пен йод, фтор, бром мен бордың  мөлшері аз екені зертханалық тал­дау барысында анықталған. Сондай-ақ көлдің табанында шөккен тұнбалардың физикалық-химиялық қасиеті шипажай мен физиоемдеуде қолданылатын емдік балшықтың көрсеткішіне сәйкес келеді. Оның құрамында магний, кальций, натрий, мыс, хром, марганец, ион мен сульфаттың үлесі басым.

Рай көлі күн сәулесімен емделуге тиімді. Соның нәтижесінде жүректің жұ­мысы, тыныс алу түзеліп, адам ағзасына оттегінің келуі көбейеді. Ағзадағы зат алмасу үдерісі реттеліп, дене шынығады. Көлдің табанына шөккен тұнбаның құра­мындағы тұз, өсімдік шіріндісі буын, тері ауруларына шипа болумен қатар, ішкі секреция бездеріне әсер етіп, ағзадағы зат алмасуды реттейді, ауырсынуды басады. Көл суындағы химиялық элементтер кейбір сырқатқа кері әсер беруі де ықтимал. Сондықтан көлге барудан бұрын дәрігер кеңесіне жүгінген жөн.

Тағы бір ескеретін жайт, көл түбіндегі тұнбаның емдік қасиетін түсінгендер бұрын қайтарында қалталап алып кету­ді әдетке айналдырған. Табиғаттың бүлін­беуін қадағалағандар көлге кіреберіске «Тұнбаны шелектеп алып кетуге тыйым салынады!» деп ескертілген тақта іліп қойыпты. Демек жергілікті жұрт көлдің экологиялық жағдайын қорғауды өз жауапкершілігіне алғаны көрініп тұр. Ал дәрігерлер тұнбаны тек көл бойында денеге жағып, суға түскенде ғана әсер етіп, дертке шипа болатынын айтады. Алып кетіп қолданған балшықтың ешқандай емдік қасиеті болмай қалады.

Көлге шомылудың да өз тәртібі бар. Бірінші рет келгендер тұзды көлді тұщы көл деп қалады да, суға сүңгіп кетеді. Со­ның салдарынан ащы тұз көзін аштырмай, аузын ашытып, құлағын тұзбен бітеп, біразға дейін мазасыз күйге түсіреді. Әсі­ресе балалар үшін бұлай шомылу өте қауіпті. Сондықтан басты суға батырмай, су бетінде қалқып жүрген дұрыс. Көлдің ең терең жері 4 метрге дейін жетеді. Оның бір жері суық, келесісі ыстық болып келетіндіктен денеге, ағзаға берер шипасы әртүрлі. Сол үшін көлдің әр тұсына баруды ұмытпаған жөн. Айта кетерлігі, «Көлге батып кетемін» деп алаңдаудың реті жоқ. Су ішінде аяғыңызды көтеріп қалсаңыз, су бірден көл бетіне қалқытып шығарады. Сондықтан адамдар көлде барынша сергек жүреді.

Жол азабы

Өкінішке қарай, Рай көліне апаратын жол азабы жолаушыны шаршатып жібереді. Біз Талдықорғаннан Матай ауылы арқылы бардық. Матайдан Рай көліне дейінгі 75 шақырым жолдың тең жартысы – құм ішіндегі ойлы-қырлы жол. Жол талғамайтын көлікпен ғана діттеген жеріңізге жете аласыз. Ойдым-ойдым құм төбелерден бейне асау толқында жеңіл қайықпен жүргендей күй кешесіз. Желді күні бұл жолмен жүру мүмкін емес. Ұшқан құм жолды жауып тастайды. Сондықтан ем алушылар Матай ауылынан күтіп алып, көлге апарып-әкелетін жергілікті тұрғындарға хабарласады.

«Көлге барып демалушылар мен ем алу­шыларды әрлі-берлі жеткізіп жүрге­німе бірнеше жыл болды. Бір адамды апарып-әкелу 6 мың теңге тұрады. Оның ішіне жолақысы, шатыр, су және қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, тамақ пісіретін отын кіреді. Ал азық-түлікті келушілер өздері әкелуі керек. Шатырда түнеп, ас-суын өздері әзірлейді. Көлге келушілер өте көп. Әсіресе шетелден, көбіне Ресейден келіп, айлап жатып, емделіп қайтатындар бар. Жыл өткен сайын жерлестеріміздің де қатары көбейіп келеді», дейді Матай ауы­лының тұрғыны, емделушілерді тасымалдаумен айналысатын Сейсенбек Мұқатаев.

Бүгінде бұл кәсіппен айналысатын­дардың қатары көбейген. Оны көлге барғанда білдік. Олар: «Қаз-қатар киіз үй тігіп, шатыр құрып, демалушыларға жағдай жасадық» десе де, қызмет көрсету сапасының тым жұтаң екені бірден байқалады. Жан-жағын жел кеулеп, желпілдеп тұрған шатырдың өзі демалу­шыларды мезі етеді. Тұзды көлге түсіп келген соң жуынатын су да тапшы. Са­мауыр­ға шай қайнатып, қара қазанға тамақ пісіруге дағдыланған адам болмаса, кәдімгідей қиналып қалады. Сондықтан көл бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсартудың жолын табу керек. Сонда көлге келетіндер көбейіп, осы кәсіппен ай­на­лысатындардың табысы да арта түспек.

Қазіргі кезде дәрінің қымбаттығына, түрлі аллергиялық аурудың көбеюіне байланысты емдік-сауықтыру туризмінің маңызы арта түсті. Оны алыстығына әрі жолдың нашарлығына қарамастан дертіне дауа іздеп Рай көліне  келушілердің көптігі көрсетеді. Болашақта бұл жерді кәсіп­кер азаматтар қолға алып, жолын жасап, маусымдық емдеу орындарын салса, нұр үстіне нұр болар еді. Көл суы жыл сайын азайып барады. Демек оның емдік қасиеті де кеми бастауы мүмкін. Сондықтан көл суы мен тұнба­ның химиялық құрамы мен адам ағза­сына тигізетін әсерін Талдықорған, Алма­тыдағы мамандандырылған зертханаларда талдау жасап, шипажайтанушы ға­лымдар мен бальнеолог дәрігердің қоры­тын­дысын шығарып тұрған абзал. Сонда ғана қасиетті көлдің қадіріне жете аламыз.

 

Жетісу облысы