Сөзіміз айғақты болу үшін жуырда ғана Атыраудағы Бауыржан Момышұлы атындағы №25 мектептегі оқиғаны алға тартуға болады. БАҚ пен әлеуметтік желіні қатар дүрліктірген жайттың ұзын-ырғасы мынадай: 4-сынып оқушыларының сабаққа барудан бас тартуына жоғары сыныптағылардың қорқытып, ақша жинап, түсініксіз құрғақ ұнтақты жеуге мәжбүрлегені себеп болған. Әке-шешелерінің «балаларымыз белгісіз заттан уланып, ауырған соң ғана бұл жағдайды білдік» деп байбалам салғанын естідік.
Бұқараны ойландырмай қоймайтын мұндай оқиғалар Атырауда ғана емес, барлық өңірде кездеседі. Ең өкініштісі, көп жағдайда мектептегі озбырлықты құзырлы мекемелер қалай бақылайды, тыя ала ма деген сауал туындайтыны даусыз. Бірақ бұл мәселеде халықаралық ұйымдар белсендірек екенін мойындау қажет. Мысалы, таяуда USAID қолдауымен «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы аясында Еуразия қоры «Қазақстандағы мектеп буллингі: мәселені шешу жолдары» тақырыбын қозғады. Кейінгі 10 жылда Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге көз салсақ, орта есеппен балалардың 14-тен 65%-ына дейін мектепте озбырлық көреді. Сондықтан ата-аналар қауымдастығының жоғарыдағыдай дабылынан кейін, коммерциялық емес ұйымдар түрлі жобалар ұйымдастырып жатады. Ал енді әр өңірде қылаң беріп қалатын бесіктен белі шықпаған «қылмыскерлерге» қарсы үкіметтік емес ұйымдар қауқар көрсете ала ма?
Мәселен, «Just Support» қорының атқарушы директоры Светлана Богатырева: «Біздің қор «Періште» балалар қауіпсіздігі орталығымен бірге «Буллингке қарсы қоғамдастық» жобасын бастады. Кейінгі жылдары балалары бопсалауға ұшыраған ата-аналардан өтініш көп түскендіктен, осы орталықпен күш біріктіруге шешім қабылдадық. Қоғамдастықта әлімжеттік пен қиянат салдарын жеңуге көмектесетін сарапшылар, психологтер, медиаторлер, балалар қауіпсіздігі жөніндегі жаттықтырушылар бар. Ата-аналар әлеуметтік желілер арқылы өтініш беріп, тегін көмек ала алады. Егер заңгерлік кеңес, құқықтық көмекке қажеттілік туындаса, ынтымақтастық туралы үшжақты мәміле жасалған «Қадыр-Қасиет» қоғамдық бірлестігіне жүгінеміз», дейді.
Биыл көктемде бірнеше мектепте әлімжеттік мәселелерінің алдын алу үшін бағдарлама әзірлеп, қыркүйек айында әрекетке көшкен «Қадыр-Қасиет» ҚБ үйлестірушісі Бағила Жұбатова «Адам құқықтарының фокусы: әйелдер мен балалар» жобасының тәсілі азаптау сияқты басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын немесе жазалайтын нысанаға айналмау құқығына негізделгенін айтады.
Оған қоса қазір мемлекеттік мекемелер де осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын түсіну өте маңызды.
Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова: «Биылғы сәуір айында бала құқығын қорғауға қатысты мектептерде буллинг дегеннің не екені анық көрсетілген және оған тыйым салуды ресми түрде бекіткен жаңа заң қабылданды. Қазір Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мектептерге міндетті түрде кіріктірілетін әлімжеттіктің алдын алу қағидаларын әзірлеп жатыр. Бірақ осы ережелер бекітілгенге дейін-ақ мектеп оқушылары арасындағы озбырлыққа қарсы құралдар әзірлеген едік. Ашық және тегін көрсетілетін қызмет буллингті болдырмау, жағдайды реттеу үшін ғана емес, әлімжеттікке ұшыраған және оны бастаған балаларға да өз құқықтарын білуі, сыйлауы және оны сақтауы үшін қажет», дейді.
Өкінішке қарай, осыған қарамастан, мектептерде әлімжеттік мәселесі бар екенін және оны жүйелі түрде шешу керек екенін ұмытпаған жөн. ҮЕҰ, мемлекеттік мекеме өкілдері мен балалары әлімжеттік көрген ата-аналар арасындағы әңгімеден түйгеніміз, жасөспірімдер арасындағы қылмыскерлердің пайда болмауына отбасы, мектеп, кәмелетке толмағандар инспекторлары, қоғамдық бақылау мен БАҚ сияқты барлық тарап мүдделі болуға тиіс.