Тың игерудің орталығы болған бұл өңірдегі атаулардың ақылға қонбайтыны соншалық, жалпақ жұрттың ұлттық рухани тамырынан алынар нәр көзі біржола бітеліп қалғандай әсер береді. Ел тілегіне орай бағзы заманнан бабалардан мирас болып қалған қасиетті жер-су атауларын қайта түлету бүгінгі ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Әне бір тұста қарқын жақсы еді, кейін саябыр тапты. Алғашқы лекпен 1991-2004 жылдары барлығы 112 атау қайта жаңғырды. Сәл таратып айтар болсақ, 6 аудан, 1 қала, 21 елді мекен, 84 көше атауы жаңғыртылып, өзгертілуі көкейге қонымды еді. Мәселен, Алексеевка – Ақкөл, Макинка – Бұланды, Державинка – Жарқайың, Балкашино – Сандықтау ауданы болып өзгерсе, сол кездегі облыс орталығы Кокчетав Көкшетау қаласы болып түзетілді. Зер салып қарасаңыз, бұрынғы тарихи атаулар қандай тамаша! Осы елдің, осы жердің көне тарихын айғақтап, құтты бір әуезді әндей есіліп, өлең жолындай өріліп тұрған жоқ па?!
Екінші лекпен 2004-2007 жылдары 144 елді мекен, 1717 көше жаңа атауға ие болды. Осыдан-ақ көрікті Көкшетау өңіріндегі жер-су атауларының кешегі кеңестік заманда қаншалықты бұрмаланғанын аңғаруға болады. Басқасын былай қойғанда, тамылжыған табиғатымен әйгілі Бурабай баурайындағы аудан Щучинск ауданы болып келді емес пе? Дес бергенде, Бурабай ауданы болып қайта аталды. Ендігі бір мәселе, Щучье қаласының атауы. Аудан ақсақалдары қалаға Алаштың айбынды ханы, бар ғұмырын ел бірлігіне, еркіндік пен бостандығына арнаған ұлы Абылай хан есімін беру туралы мәселе көтерді. Алдағы уақытта Бурабайдың биігінен жарты ғасырға жуық үш жүзге билік құрған Абылай хан есімі курортты өңірдегі, келімді-кетімді адамы көп қалаға берілсе, ақ түйенің қарны жарылған қуаныш болар еді.
2017-2022 жылдары 1 237 көше, 43 елді мекен және 14 білім ошағы ел тілегіне орай қайта жаңғырып, жаңа атауға ие болды.
– Маңызды нысандарға өскелең ұрпаққа ғибратты ғұмырымен тәлімді тәрбие беретін айтулы тұлғалардың есімдерін беруге де назар аударылып отыр, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова, – Көкшетау халқының ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқан орынды тілегі қабыл болып, Еңбекшілдер ауданына осы бір қасиетті топырақтың тумасы, қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Біржан сал бабамыздың есімі берілді. Ежелден сал-серілердің мекені атанған өңірде Үкімет қаулысымен облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың, облыстық спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебіне Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің есімдерінің берілуі өте жарасымды. Өңірдегі 18 Ленин көшесі, 11 Комсомольская көшесі, 9 Советская көшесі, тіпті елді мекендердегі Чапаев, Пугачев, Ворошилов, Буденный, Маркс, Энгельс көшелері де ұлттық тарихтан тамыр тартатын, ұлттық ұғымға етене жақын атаулармен жаңғыртылып, Малотимофеевка, Антоновка, Красноярка, Максимовка сияқты елді мекендердің ежелгі атаулары қайтарылды. Осы арада ел ішінде қайсыбір түсініспеушіліктің бар екенін де айта кету керек. Мәселен, Бұланды ауданының Купчатовка елді мекенін, Целиноград ауданындағы Семеновка елді мекенін қайта атау кезінде бір топ өзге этнос өкілдері наразылық білдірді. Оларға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, мән-жайды күлбілтелемей саналарына әбден жеткізгеннен кейін түсіністік танытты. Әділдікке кім қарсы тұрсын. Жалпы, бұл шаруада асығудың қажеті жоқ дегенімізбен, ел егемендік алғалы қыруар уақыт өтті емес пе? Өңірде әлі де өз кезегін күтіп тұрған атаулар тұнып тұр.
Бұл орайда кесе-көлденең тұратын қиындық та жоқ. Елді мекендердің ежелгі тарихи атаулары мұрағат құжаттарында, тарихи еңбектерде тұнып тұр. Рас, кейбір жағдайда ауылдардың тарихи атаулары ауызға ілікпеуі де мүмкін. Қалай болған күнде де қайта жаңғырту кезінде ғылыми зерттеулерді басшылыққа алған жөн. Бұл бағытта бірқатар іс атқарылды. «Ақмола облысының топонимикасын зерттеу мәселелері» атты арнайы жоба арқылы өңірдегі елді мекендердің тарихи атаулары мұқият зерделеніп, терең зерттелді. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен қомақты қаржы да қарастырылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің белгілі ғалымдарымен бірлесе отырып, ауқымды жұмыс атқару арқылы облыс аумағындағы ұзын-ырғасы 120-ға жуық елді мекеннің тарихи атауы табылды. Бұл бір сүйінішті жайт еді. Айтылған ұсыныс-пікірге тиянақ болатын деректердің болғаны қандай жақсы. Уақыт шымылдығы көлегейлеген тарихи атаулар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып, халық құлақтандырылды. Осы жұмыстың нәтижесінде өңірдегі әлденеше елді мекеннің тарихи атаулары топтастырылған төрт кітап пен бейнефильмдер шығарылды. Нәтижелі іс негізінде әділеттілікке қол жеткізуге болады. Мәселен, осы күнге дейін тұрған Лозовое – Қосағалы, Васильковка – Шоққарағай, Макинка – Аютөбе, Златополье – Құмдыкөл деген ежелгі атауын тапса дейсің.
– Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы былтыр «2022-2025 жылдарға арналған идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендерді және олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі Жол картасын» мақұлдаған болатын, – дейді бөлім басшысы Айгүл Талпақова, – қазіргі уақытта өңірде ономастика саласына арналған жұмыс Жол картасына негізделіп жүргізілуде. Идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендерді қайта атау кезінде берілген жаңа атау жан-жақты зерделеніп, ғылыми тұрғыдан дәлелденген болуы керек. Себебі сол елді мекеннің тұрғындары көп уақыттан бері құлаққа сіңісті болған бұрынғы атауды өзгертуге келісе қоймайды. Түсіністікпен қарайтындар да бар. Шынтуайтында, олар тіпті көп. Мәселен, Ақкөл ауданына қарасты Гусарка елді мекені тұрғындарының 85 пайызы өзге ұлт өкілдері болса да 1884 жылғы көне картада сақталған Домбыралы атауына еш қарсылық білдірген жоқ. Қазір бұл елді мекен Домбыралы ауылы болып аталады. Тарихи атаулары табылмаған елді мекендерді географиялық ерекшеліктеріне орай жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, Ақбұлақ, Ақадыр, Теректі, Қарағайлы, Арнасай секілді атаулар беру тәжірибеде бар.
Көше атауларын қазақыландыру бағытында да толымды іс атқарылуда. Облыс орталығының 21 көшесіне Алаштың ардақты тұлғалары Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Әлкей Марғұлан, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Шәмші Қалдаяқов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тұрсынбек Кәкішұлы сынды тұлғалардың есімдері берілді. Алдағы уақытта отыздан астам мемлекеттік мекемелердің атауын өзгерту жоспарлануда. Тарихты зерделеу ең алдымен елдіктің белгісі. Әділдіктің айшықты аспаны осылайша нұрлана берсе, Көкшетаудан Қорғалжынға дейінгі кең көсілген жалпақ даланың бар тарабындағы бабалардың белгісі ел мен жердің иесі кім екендігін айғақтап тұрар еді.
Ақмола облысы