Саясат • 03 Қараша, 2022

Ұрпақ тәрбиесі – аналардың қолында

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қарақат Әбден Ақтөбе қаласының сайлаушыларымен кездесу өткізді. Сайлауалды жиында үміткер жергілікті тұрғындармен, іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой бөлісті.

Ұрпақ тәрбиесі – аналардың қолында

Ол жиын барысында өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік сала, әйелдің қоғамдағы рөлі мен көпбалалы әйелдердің жағдайы туралы сөз қозғады. «Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен көпбалалы аналар қоғамға, жастарға  үлгі болуы керек. Көпбалалы ана болу – нағыз ерлік. Бүгінгі кездесуге келген ақтөбелік әйелдер қауымы соның жарқын үлгісі. Олардың белсенділік танытып жүргені қуантады. Ел игілігі үшін әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дұрыс бағытта дамыту, ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтау маңызды», деді Қарақат Әбден.

Жиынға қатысқан әйелдер қауымы бала тәрбиесіндегі тіл мәселесінің өзектілігін де атап өтті. «Әйел отбасында да, іскерлік бағытта да жетістікке жету үшін жан-жақты болып, іздену, өзін дамыту керек екендігін түсіндім. Қарақат Әбден бізге үлкен мотивация берді», деді Ақтөбе қаласының іскер әйелдер кеңесінің жастар қанаты төрағасы Майра Сауырбаева.

Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар, Есік қалаларының тұрғындарымен кездескенін атап өткен жөн.