Мұстафа Шоқайдың өткен ғасырдың 20-30-жылдары Ұлыбританияға сапары
Осыдан 80 жылдай бұрын Еуропа елдерінің астаналарында таза француз тілінде баяндамалар жасап, білімдарлығымен де, ділмарлығымен де талай ғұламаларды таңғалдырған Мұстафа Шоқай бұл жолы Лондонда қазақтың қандай халық екендігі туралы ағылшын ақсүйектеріне әңгімелеп берді...
Ол алғаш рет Лондонда 20-жылдардың орта кезінде болғанға ұқсайды. 1925 жылдың 19 мамырында “Матэн” газетінің басшыларымен жазысқан хатына қарағанда, ол сол шамада ағылшындардың астанасында болып, беделді басылымдармен, мемлекет, қоғам қайраткерлерімен танысады. Дәлірек айтсақ, Мұстафаның Лондонға бірінші сапары сәуір айының аяғы мен мамыр айының бас кезіне тура келеді. Себебі оның “Дни” (Париж) газетінде жарық көрген бір мақаласының соңында мұның 1925 жылғы 2 мамырда Лондонда жазылғаны жөнінде белгі соғылыпты.
1929 жылдың жазында Мұстафа Лондонға Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының мүшесі, саяхатшы, кавказтанушы В.Д. Алленнің шақыртуымен барады. Бұл жағдай жай ағылшын депутатының бастамасына орай ғана емес, Мұстафаның ірі қайраткер, халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде мойындалуына да байланысты еді. Әлемдік сахнада іргелі өз орны бар азулы елдің билеуші топтары оның халықаралық өмірдің кейбір өзекті мәселелері, олардың ішінде, әсіресе, Шығыс Түркістандағы ахуал, Кеңес өкіметінің Орталық Азиядағы саясаты туралы пікірін білгісі келеді.
1928 жылы ағылшындар М.Шоқайдың “Эйшатик Ревю” журналында жарияланған “Түркістандағы басмашылық қозғалыс” деген мақаласымен танысады. Журнал редакциясының мақалаға берген кіріспе сөзінде: “Батыс Еуропадағы бұрынғы орыс империясы мұсылмандарының Кеңес Одағына қарсы ұзақ уақыт бойғы күресіне байланысты маңызды проблема жөнінде ақпарат аз; қазір біз М. Шоқайдың Түркістандағы басмашылар қозғалысы туралы жұмысын жариялауға бақыттымыз. Ол 1917 жылы қарашада Түркістан мұсылмандарының төртінші съезінде автономды Түркістанның Уақытша үкіметінің президенті болып сайланған, сол себепті тақырыпты жақсы біледі”, – делінеді.
М. Шоқай Лондонда шілде айында екі жұма болады. “Осы уақыт ішінде көптеген адамдармен кездестім және олармен өзім мүдделі тақырыптар жөнінде әңгімелестім... Маған, шын мәнінде, біздің ұлттық қозғалысымыздың мүмкіндіктері мен өңірдегі шиеленісті жағдай туралы сұрақтарды жаудырды”, – дейді.
Лондонға келер қарсаңында Мұстафаның “Эйшатик Ревю” журналында “Большевиктер және Ауғанстан” деген мақаласы жарияланып, оған В.Д. Аллен кіріспе сөз жазады.
М.Шоқай осы сапары барысында Лондон университетінің Шығыс тілдері институтының директоры, әйгілі ғалым профессор Дениссон Росспен кездесіп, сұхбаттасады. “Морнинг Пост” газетіндегі журналистерімен сұхбаты ағылшын-кеңес қатынастарына арналады.
Мұстафаның Лондондағы баяндамалары мен сұхбаттары Кеңес өкіметін дүрліктіріп, оған қоқан-лоққы ұйымдастырылады. Орыс эмиграциясының басылымдарында оны ағылшындардың “тыңшысы” деп көрсетуге әрекеттер ұйымдастырылады. Алайда мұның барлығы мұсылман халықтары орыс отаршылдарына қарсы бой көтерсе, олардың “шетел империализмімен” байланыстылылығы туралы ертегіге бой ұратын шовинистік идеологияның ежелден бергі дағдысы болатын.
М.Шоқай осыдан кейін 1933 жылы ақпан айында Корольдік Халықаралық қатынастар институтында (Лондон) Шығыс Түркістандағы соңғы кездегі саяси оқиғалар жөнінде баяндама жасауға шақыртылады. Бұл істің сәтті өтуіне Англияның билік орындары да мүдделілік танытады, оны В.Аллен қадағалауға алады.
Халықаралық қатынастар институтына басқа ұлт өкілдері түгілі, ағылшындардың танымал ғалымдарының кез келгені шақырылмайтын, оның мінбесінен сөйлеу аса жоғары құрмет белгісі ретінде саналатын. 1933 жылдың 1 наурызында Мұстафаға Алленнің хатшысы нақтылы келетін уақытына байланысты виза мәселесінің ойластырылатыны, ал Алленнің Австрияда іссапарда жүргені туралы жеделхат жолдайды.
Бір жұмадан кейін Мұстафа Австриядан да хат алады. Онда досы Лондонда қайда тоқтайтыны, қандай іс-шаралардың жоспарланғаны жөнінде айтады.
14 наурызда Корольдік Орталық Азия қоғамынан да хат келеді. Онда: “Құрметті мырза! Перси Сайкс мырза және Қоғамның кеңесі Лондонда болған кезіңізде наурыз айының аяғына қарай, Орталық Азия тақырыптарының бірі бойынша бізде баяндама жасасаңыз аса риза болар едік. Мұнымен Сіз біздің Кеңесімізге үлкен құрмет көрсетер едіңіз”, – делінеді. Есімі аталып отырған П.Сайкс – әйгілі ғалым, шығыстанушы, Ұлыбританияның Персия мен Қашғарияда ұзақ уақыт жұмыс істеген Бас консулы, бригада генералы, “Ауғанстан тарихы”, “Персия тарихы” секілді екі томдық еңбектердің авторы. П. Сайкстің және Орталық Азия қоғамының атынан хат жолдап отырған М.Н. Кеннедидің “менің түсінігім бойынша Сіз ағылшын тілінен гөрі француз тілінде сөйлегенді жөн көретін секілдісіз” деуіне және оған жолданған хаттардың ағылшын, француз тілдерінде жазылуларына қарағанда М. Шоқайдың ағылшын тілін де біршама білгендігі байқалады. Ал, француз тілін оның Ташкент гимназиясы қабырғасында, Санкт-Петербург университетінде оқып, кейін жетік меңгергендігі аян. М. Шоқай М.Н. Кеннедиге Орталық Азия қоғамында “Түркістандағы Кеңес саясатының он бес жылдығы” деген тақырыпта 29 наурызда баяндама жасауға болатындығы жөнінде француз тілінде мәлімдейді.
Іле-шала В. Алленнен де хат жетеді. Онда: “Құрметті Шоқаев мырза! Хатшы арқылы жеткен хатыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіз Лондонға 20-ларына қарай, келесі дүйсенбіде келетін сияқтысыз. Нақтылы келетін уақытыңызды айтпапсыз, мүмкін, Сіз сол мерзімде келсеңіз, анамның үйінде (Маунт Роу көшесі, үй №14, Беркли алаңы) кешкі сағат 8-де менімен бірге тамақтансаңыз риза болар едім. Шақыруымды қарсы алады деп сенемін”, – делінеді.
М.Шоқай 17 наурызда Халықаралық қатынастар институты кездесулер департаментінің басшысынан осы институтта өтетін баяндамасының реті жөнінде жеделхат алады. Онда баяндаманың 27 наурызда өтетіні, ол жөнінде Перси Сайкс мырзаның хабардар екендігі, баяндаманың “КСРО және Қытай Түркістаны” деген тақырыпқа арналатындығы сөз болады. Департамент басшысы: “Біздің Кеңес мүшелеріміз үшін бұл кездесу өте қызықты болатынына сенімдімін және көрсеткелі отырған қызметіңізге Кеңестің атынан алғысымды білдіремін”, – дейді.
М.Шоқайдың құрметіне 20 наурызда ағылшын қайраткерлері шақырылып түскі ас ұйымдастыру жоспарланады. Сырқаттанып қалуына байланысты Мұстафа Лондонға 22 наурызда ғана ұшып келеді, досы В.Алленнің анасының үйіне де, 20 наурызға белгіленген шараларға да бара алмайды, бірақ 27 наурызда П. Сайкстің басшылығымен Атенеум клубында ұйымдастырылған қабылдауға қатысады. Конференция да осы клубта өтеді. Институтта қалыптасқан дәстүр бойынша, түскі ас кезінде баяндама тақырыбына байланысты мәселелер, жиынның регламенті талқыланады. П. Сайкс Халықаралық қатынастар институтының – жабық мекеме екендігін, онда оқылған баяндаманың жариялауға болмайтындығын, баяндамаға тек ағылшын азаматтары ғана шақырылатынын ескертеді. Ақырында Сайкс: “Өз пікіріңізді, сұрақтарға жауаптарыңызды еркін айтуыңызға болады”, – дейді. М.Шоқайдың Атенеум клубында екі сағатқа созылған француз тіліндегі баяндамасына жиналғандар тарапынан үлкен қызығушылық туып, қызу қол соғылады. Ағылшындар Шығыс Түркістан, Кеңес Одағының осы өңірдегі саясаты, Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы қарым-қатынас, Орта Азия республикаларындағы жағдай туралы сұрақтарды жаудыртады.
Кейін Халықаралық қатынастар институты Кеңесінің төрағасы Н. Мальколм М. Шоқайға: “Құрметті Шоқаев мырза! Сіздің “КСРО және Қытай Түркістаны” атты тақырыпта жасаған баяндамаңыз үшін Корольдік Халықаралық қатынастар институты Кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. Институтқа көрсеткен қызметіңіз Сіздің тарапыңыздан үлкен ізгілікті іс болды. Сөйлеген сөзіңізге тыңдағандар шын ықылас қойып, риза болды”, – деп жазды.
М.Шоқайдың 29 наурызда Орталық Азия қоғамында “Түркістандағы пролетариат диктатурасының он бес жылдығы” деген тақырыпта өткен баяндамасына да үлкен ықылас танытылады. Бұл жиынға да П.Сайкс төрағалық етеді. Баяндамадан кейін жарыссөзге қатысқандар патша өкіметі мен большевиктердің Түркістандағы саясаты жөнінде мүлдем жаңа мағлұматтар алғандығын айтады, біразы Түркістан жастарының көңіл-күйі, Түркістан – Сібір темір жолы, Қызыл Армия құрамындағы Түркістан ұлттық әскери бөлімдері жөнінде сұрақтар береді.
Баяндаманы тыңдауға “Таймс” газетінің саяси мәселелер бойынша редакторы Филипп Грейвс қатысып, М. Шоқаймен сұхбаттасады.
Осыдан кейін ағылшын қайраткерлері, баспасөз майталмандары, шығыстанушылар мен дипломаттар М. Шоқаймен жақын танысып, онымен тілдесуге ұмтылады. Алайда ол, қаржысының жетіспеуіне байланысты кейін қайтуға мәжбүр болады да, 30 наурызда Парижге ұшып кетеді.
Халықаралық қатынастар институты мен Орталық Азия қоғамы, ең болмаса, бес күнге кідіре тұруды ұсынады, бірақ ол қаржысының таусылғанын ешкімге айтпайды (оның табиғаты сондай еді – ешкімнен қарыз алмайтын!). Оның бар қаржысы әрлі-берлі жол шығындарын, сегіз күнгі Лондондағы жүріс-тұрысын өтеуге әзер жетеді.
Мұның өзі Лондоннан келген бойда Париждегі “Возрождение” (Париж), басқа да орыс басылымдарында көтерілген “М. Шоқайдың ағылшындарға жұмыс істейтіндігі”, “олардан ақша алып тұратындығы” туралы өсек-аяңдарының “шындықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын” көрсетеді. Ағылшындармен қандай да болсын құпия байланысының жоқтығы туралы Варшавадағы таныстарының біріне жазған хатында Мұстафаның өзі де айтады.
М.Шоқайдың екінші баяндамасы “Орталық Азия қоғамының журналында” (“Journal of the Royal Central Asіan Socіety” Vol XX. July 1933) жарияланады.
М.Шоқай кейін осы соңғы сапарында бітіре алмаған біраз шаруалары болғандығын айтып, өкініш білдірген де. Алайда келесі жылы оған Англияға барудың тағы бір сәті түседі. Бұл жолы да ол маусым айының бірінші жартысында Лондонға Шығыс Түркістан туралы, ондағы соңғы оқиғалар жөнінде баяндама жасауға шақыртылады. Өз тарапында ол сапар барысында ағылшындардың көңіл-күйімен танысуға ұмтылады.
1934 жылдың басында ұлттық күштердің жеңіске жетіп, Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы әлем назарын аударып, Кеңес Одағының, Англия мен Жапонияның баспасөз беттерінде ол жөнінде сан-саққа жүгіртілген болжамдар жасалып жатқан. Мұңдағы оқиғалар жөнінде М.Шоқай іле-шала “Яш Түркістанда” (Берлин) мақала жариялайды. Дипломаттар, ғалымдар, халықаралық сарапшылар арасынан Шығыс Түркістандағы жағдайды сол кезде М.Шоқайдан артық білетін адам табу қиын еді. Себебі онда Түркістан Ұлттық Бірлігінің өкілі қызмет істеді. Махмуд Мұхиттидан, ұлттық күштер жетекшілерінен өлкедегі саяси ахуал жөнінде жиі-жиі хабар алып отырады.
1934 жылы 8 қаңтарда ол Шығыс Түркістан Республикасының төтенше өкілі Мұстафа Алиден республиканың үкімет құрамы, ішкі, сыртқы саясаттағы ұстанымдары жөнінде хат алады. Ол Мұстафа Шоқайға “Сіздің ұйымдастырушылық қабілетіңіз бүкіл түрік әлеміне мәлім”, сол себепті Шығыс Түркістанға маман түрік кадрларымен, әсіресе, Батыс Еуропа мен Түркиядағы әскери мамандармен, мұғалімдер, дәрігерлер, баспаханашылар, техниктермен көмектесуіңізді сұраймын деп өтініш білдіреді. (РГВА. Ф. 461к. Оп 1. Д. 431. Л. 36).
Бұл құжаттарға қарағанда М. Шоқайдың Лондонға сапары жалғыз ғана Орталық Азия Қоғамының шақыруынан ғана емес, Шығыс Түркістан Республикасының мемлекеттік ұйымдасуына моральдық қолдау көрсету ниетінен де туындаған секілді. Қалай болғанда да ағылшындардың Шығыс Түркістандағы ахуалымен жете танысуы үшін Мұстафаның шақыртылуы заңды еді.
М.Шоқай Лондонда болған кезінде Шығыс Түркістан төңірегінде әңгіме-сұхбатпен шектеліп қана қоймайды, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысты мәселелермен де шұғылданады. Өзінің осы сапарынан алған әсерлері жөнінде кейін ол былай дейді: “Бірнеше ағылшын қайраткерлерімен, саясат мәселелеріне қызығушылық танытатын жай адамдармен кездесу, сұхбаттасу барысында алған түсінігімді барлығы бірдей, немесе ағылшын саяси топтарының көпшілігі бөліседі деп айта алмаймын. Олар тек кейбір топтардың ғана көңіл-күйін білдіретін секілді”.
Шығыс Түркістан тарихы мен мәдениетін, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайымен көптен бері айналысып жүрген Мұстафаға ағылшындардың бұл өңір жөніндегі түсінік-пайымын анықтау онша қиынға соқпайды. Оның үстіне М. Шоқайға туған топырағы бала жасынан кәнігі дипломаттарға тән байқағыштық қабілет берген болатын. Ол ағылшындардың Орталық Азияда не болып жатқанының бәрінен хабардар екендігі туралы түсініктің шындықтан алшақ екендігін аңғарады.
13 маусымда Орталық Азия қоғамында өткен баяндамасына дейін де, одан кейін де М. Шоқай түрлі саяси партияларға жататын парламент мүшелерімен, журналистермен, басқа да лауазым иелерімен кездеседі. Ең соңында ол консервативтік партиядан сайланған парламент мүшесі, парламенттегі Қытай мәселесі жөніндегі арнайы комиссияның төрағасы Уильям Наннмен (Wіllіam Nunn) ұзақ әңгімелеседі. Бір жарым сағат сұхбат барысында М. Шоқай ағылшын қайраткерлеріне Шығыс Түркістандағы оқиғаларға, Кеңес Одағы мен Жапонияның жаңа мемлекеттік құрылым жөніндегі ұстанымдарына сипаттама береді. Отырыс аяқталар кезінде У. Нанн М. Шоқайдан екеуінің арасында өткен әңгімені қағаз бетіне түсіріп, өзіне тапсыруды сұрайды, оны кейін консервативтік партия фракциясында баяндайтынын айтады. М. Шоқай бұл өтінішті Парижге оралғаннан кейін, сол жылдың 7 шілдесінде орындап, құжатты У.Наннға жібереді. 17 шілдеде У.Нанн дайын меморандум түрінде жазылған француз тіліндегі мәтінді алғандығын, колынан келген көмекті аямайтынын айтып Мұстафаға жауап хат жолдайды. М. Шоқай Лондонда болған сапарлары барысында Англияның Кеңес Одағына көзқарасын білуге де әрекеттенеді, ол жөнінде консервативтік партия ұстанымының екіұшты екендігін анықтайды. Партияның бір тобы елдің Кеңес Одағымен қарым-қатынастарын дамытуды жақтаса, келесі тобы Кеңес Одағына сенімсіздік танытып, ондағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, ұлттық қайшылықтарға мән береді дейді. Соңғы топтағылар консервативтік партияның көрнекті қайраткерлері, парламент мүшесі герцогиня Атольскаяның салонында бас қосады. М. Шоқай да ағылшын саяси элитасының өкілдерімен бірге атақты осы салонда болып, олардың пікірлерін тыңдайды. М.Шоқайдың айтуынша “ақылды да аса білімді” герцогиня Кеңес Одағындағы ашаршылық туралы әңгімеге ден қойды. Бұл тақырып төңірегіндегі пікір алысудың бел ортасында Мұстафаның болғаны күмән тудырмайды. М.Шоқайдың бұған дейін қазақтар мен Орта Азия халықтарының арасында Қазан революциясынан кейін орын алып отырған ашаршылық туралы А.Байтұрсыновтың В.Ленинге хаты туралы, “Кеңес қоластындағы қазақтар”(1921), “Ашаршылық және большевиктердің Түркістандағы ашаршылық саясаты” (1923), “Түркістандағы ашаршылық” (1923), “Ферғанадағы ашаршылық және оны ұйымдастыруға Кеңес өкіметінің қатысы” (1923), “Ашаршылық” (1924), “Қазақтар арасындағы ашаршылық” (1926), “Большевиктердің Түркістандағы ашаршылық саясаты” (1927) және тағы басқа мақалалары “Дни”, “Последние новости”, “Yenі Turkіstan” секілді басылымдарда жарық көрген-ді. Кеңес Одағындағы осы зұлмат туралы материалдар жинастырып жүрген герцогиня Атольскаяның назарынан бұл мақалалар тыс қалмаған болуы керек және бұл мәселеге байланысты М. Шоқайдың өз аузынан тың мағлұматтар алады. Қазақтардың жаппай ашаршылыққа ұшырап жатқандығы, оның себептері де ұзақ әңгіме болады. “Ашаршылық туралы және Түркістандағы кеңес саясатының ерекшеліктері туралы сөйлестік”, – дейді М. Шоқай. Мұның өзі ағылшын герцогинясын түрік – мұсылман халықтарының жеріне ашаршылық Қазан ревалюциясы мен азамат соғысына іле-шала келгендігі, оның көп жағдайда Кеңес өкіметі тарапынан арнайы ұйымдастырылғаны, 20-30-жылдардағы нәубеттен қазақ халқының жартысынан астамының құрбан болғандығы, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов секілді алаш қайраткерлері туралы әңгімеден үлкен әсер алғандығында еш күмән жоқ. Сол жылдары қазақтардың “иттің етін жеуге дейін барғандығын” да М. Шоқай айтпай қалмаған болар.
М.Шоқай 30-жылдардағы алапат ашаршылық туралы батыс баспасөздеріне де хабарлайды. Лондонда тұрып жатқан орыс қайраткері А.Байкалов 1934 жылдың 15 шілдесінде М.Шоқайға: “Ашаршылық туралы мәліметтеріңіз үшін үлкен рахмет, мен оларды тиісті жерлерге тапсырдым”, – деп жазады.
Бұл жағдайлар М. Шоқайдың қазақтардың жартысынан астамын қырғынға ұшыратқан 30-жылдардағы ашаршылықты құпия ұстауға тырысқан Кеңес өкіметінің зұлымдылықтарын әлем жұртшылығы алдында алғаш әшкере еткендігін көрсетеді. 1933-1934 жылдары “Таймс”, “Геральд Трибюн”, “Морнинг пост” т.б. басылымдарда кейін “қазақтардың қасіреті” атанған алапат ашаршылық туралы мақалалардың жарық көруі М. Шоқайдың Англияға сапарлары барысындағы сұхбаттарынан, герцогиня Атольскаяның салонындағы әңгімеден бастау алды деуге толық негіз бар. Тек осыдан кейін ғана әлем жұртшылығының пікірінен мазасызданған Кремль қазақтарға жеңіл-желпі көмек көрсетуге шырай танытады. Бұл да бүгінгі ұрпаққа мәлім бола бермес. Ащы да болса шындықты айтудың орнына, күнкөріс көзі болып отырған бар малын тартып алып, халықты қырғынға ұшыратқан Кремльдің сол бір “жақсылығына” әлі де тарихшылар ағыл-тегіл алғысын айтуды қоймай келеді...
Иә, Мұстафа Лондон мен Париждің, Ыстамбұл мен Берлиннің, Варшава мен Женеваның мінбелерінен бүгінгі күннің де өзекті мәселелері жөнінде тіл қатады:
– Біз тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің барлық елдерімен, оның ішінде Ресеймен де тең құқылы қарым-қатынаста болуымыз керек;
– Бір жақты достық аса қауіпті;
– Тәуелсіз мемлекетте “мәңгілік дос та”, “мәңгілік жау да” жоқ, тек мемлекеттік мүдде бар;
– Тәуелсіз мемлекет халқы өзін-өзі қорғауы керек;
– Ұлттық мәдениет ұлттық мемлекетте ғана өсіп-өрбиді;
– Тек елін сүйген адам ғана оны қорғай алады;
– Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін экономикалық тиімділік өзін-өзі ақтамайды;
– Тәуелсіздікке балама жоқ, оны көздің қарашығындай сақтау – жастарға аманат...
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.