Парламент • 03 Қараша, 2022

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң қабылданды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң қабылданды

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Қанат Мусин атап өткендей, заң жобасының мақсаты адам және азамат құқықтарын жүзеге асырудың кепілі ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін қамтамасыз ету бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру болып табылады.

«Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларымен Уәкілдің қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді. Бұдан былай Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады», деді Қанат Мусин.

Заң жобасы Уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттерін, оның құқықтық мәртебесі мен құзыретін ашады. Уәкілдің, оның өңірлердегі өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыруға қатысты ережелер бар.

«Қолданыстағы заңда қарастырылмаған негізгі ережелер бар. Біріншісі – Уәкілдің құзыретін күшейту. Заң жобасында Конституция нормаларын іске асыру мақсатында уәкілетті тұлғаның адам мен азаматтың бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі туралы мәселе бойынша Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы көзделген. Сондай-ақ олардың шақыруы бойынша басқа мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына бақылаушы ретінде қатысу құқығын беру ұсынылды», деп түсіндірді Қ.Мусин.

Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітілген.

Екіншіден, уәкілетті тұлғаның қызметін ұйымдастыру тиімділігін арттыру бөлігінде заң жобасында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функцияларын енгізу ұсынылады.