Қазақстан • 03 Қараша, 2022

Қазақстан-Франция арасындағы тауар айналымы 12,2%-ға өскен

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы министр-делегат, Қазақ-француз Үкіметаралық комиссиясының төрағасы Оливье Бештпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан-Франция арасындағы тауар айналымы 12,2%-ға өскен

Кездесу барысында өнеркәсіптік газ және энергетика саласындағы, жаңартылатын энергия көздері, көлік, авиация өнеркәсібі және ғарыш салаларындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланған.

Іс-шараға Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, ЦДИАӨМ, ТЖМ, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК, «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана», «Қазавиаспас» және «КАЭС» ЖШС өкілдері қатысқан. Француз тарапынан онлайн форматта қазақ-француз іскерлік кеңесінің төрағалары және Total, Alstom, Orano, Air liquide, Airbus, CSFN, EDF және Idemia компанияларының басшылары қатысты.

Әңгіме барысында ҚР ИИДМ басшысы Франция Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

«Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде мемлекеттердің қарым-қатынасы барлық негізгі бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 8 айында тауар айналымы 12,2%-ға, яғни $2,3 млрд-қа дейін өсті», деді Қ.Өскенбаев.

Өз кезегінде О.Бешт Қазақстан Францияның маңызды серіктесі екенін растады.

«Қазақ-француз Үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары деңгейіндегі тұрақты байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды өзекті бағыттарын талқылауға және өзекті мәселелер бойынша шешімдер табуға мүмкіндік береді», деді О.Бешт.

Кездесу қорытындысы ретінде Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды.