Көрмеге талантты суретшінің кейінгі жылдары салған 100-ден аса туындысы қойылды. Оның ішінде графика, кескіндеме жанрындағы еңбектері мен өзгеше бейнедегі мүсіндері бар. Қылқалам шеберінің кез келген туындысы ұлттық бояуға бай. Әсіресе көне дәуір пен бүгінгі күнді байланыстыра бедерлеген картиналарынан тарихымыздағы өз орны бар тұлғалардың асқақ рухы мен ержүрек бейнесін көріп, кеудеңізді мақтаныш сезімі кернейді. Суретшінің монументалды жанрдағы қолтаңбасын да айрықша атап өткен жөн.
Мәдени іс-шара барысында Әскери-тарихи музей директоры Ләззат Әлжан қайта жаңғырған Республика күнімен қатар өтіп отырған көрменің маңызын атап өтіп, суретшіге жылы лебізін жеткізді. Одан кейін көрмеге Алматыдан арнайы келген көрнекті қылқалам шебері Амандос Ақанаев қазіргі бейнелеу өнерінде өнімді еңбек етіп жүрген суреткердің шығармашылығына жоғары баға беріп, оған Қазақстан көркем өнер академиясының алтын медалін табыс етті. Сондай-ақ өнертанушы Лидия Дроздова көрме иесінің еңбектеріндегі ерекшеліктеріне тоқталып, қылқалам шеберіне Франциядағы халықаралық Мондиаль арт академиясының сертификатын тапсырды.
«Мен Аманат Назарқұлдың шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Ол И.В.Суриков атындағы Мәскеу көркем сурет институтын бітірген. Қәсіби қылқалам шебері. Әсіресе суретшінің «Скифтер – Кентаврлар», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Қорқыттың үш бұлағы» атты туындыларын ұлттық бейнелеу өнерінің қазынасына айналды деп айта аламын. Бүгінгі көрмеге ұсынып отырған жұмыстары да ерекше, табиғилығымен баурап алады», деді Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев.
Көрме соңында суретші Аманат Назарқұл шығармашылығы туралы қысқаша сөз қозғап, келген қауымға ризашылығын білдірді.