Экология • 03 Қараша, 2022

Көрікті мекен көрінісі

388 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жұмыр жердің бетіндегі жұмақ кейіптес «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі таулы, орманды, күміс көлдердің эко жүйесін қамти отырып, тарихи-археологиялық және ұлттық-мәдени ескерткіштерді сақтау мақсатында 1996 жылдың сәуір айында құрылған болатын. Қазір өз міндетін мінсіз атқарып, қайталанбас табиғи бітім-болмысты сақтап отыр.

Көрікті мекен көрінісі

Көз ұшында көгілдір сағымға оран­ған, егіз жаратылған қос шоқы қылаң береді. Сырлы сымбаты арудай әсем, етегінен ұшар басына дейін мәңгі жасыл қарағайлармен көмкерілген, ара-тұра кезігетін қолдың саласындай ақ қайыңдармен ажарланған Айыртау шо­қысы. Біз ат басын іріккен Айыртау ауы­лынан батысқа қарай беттесеңіз, қалың жынысты қақ жарып өтетін жол осы шоқының іргесіне жетектеп алып келеді. Жеткенше қос қапталыңыздағы кілкіген ғажайып көркемдікке көз суа­расыз. Жіліктің майындай ауасы қан­дай таза, мөлдір. Көкірегіңді керіп, жұта бергің келеді. Шоқы шаншыла біткен­діктен ұшар басына шығу қиын. Сәл-пәл тәкаппарлау тәрізді ме, қалай? Қойындаса жаралғандықтан егіз шоқы бір-бірінен айнымайтын тәрізді. Зер салып қарасаңыз, оң иығы, біресе сол иығы биіктеу болып көрінеді. Қозыкөш жерден жатағандау болып көрінгенімен, дәл жанына келіп жоғарыға көз салсаңыз, тақияң жерге түсердей биік. Ел ішінде Айыртау шоқысы туралы әдемі аңыз да көп. Соның бірін айта кетелік.

Есте жоқ ескі заман. Масатыдай құл­пырған, қойнына құт-береке дарыған, топырағына кие байланған, табиғаты тамылжыған Алаш даласына кімдер қы­зықпаған. Көк темірді құрсанған сың­сыған қалың қол төніп келеді. Мына жерді, осынау ғажайып өлкені бауырына баспақ. Әйтсе де, ел болған соң ерлері болмақ. Ер болған соң елі мен жерін қорғамақ. Осы төңіректе жайлаған қалың елдің ішінде ағайынды жаужүрек екі батыр бар екен. Қара бұлттай тұтасып келген қалың жауға қарсы ат жалын тартып мінуге жарайтын азаматтың басын құрап, қарсы шығады. Күн соғысады, түн соғысады. Әйтсе де, туған жердің топырағын зұлым жаудың табанына таптатпаймыз деп шыбын жанын шүберекке түйіп, ел қорғаған ағайынды екі жігіт садақ оғынан мерт болады. Әлде періште көңілдегі елге деген, жерге деген пейілдің әсері ме екен, жай ғана жоғалып кетпей ағасы үлкен, інісі кішкентай шоқыға айналып кетеді. Міне, бір-бірін құшақтап, бауырына басып тұрған қос шоқы осы Айыртау шоқысы. Оңынан қарасаң бірі, солынан қарасаң екіншісі биік көрінетіндігі екеуі де теңдес, күш-қуаты бір-біріне пара-пар, мақсат-мұраты да, асыл арманы да ортақ батырлар. Жай тұрған жоқ, биік-биік қарағайлармен ұшар басын меңзеп, аппақ қайыңдарының жасыл жапырағымен сыбдырлатып сыр шертіп, қойнында өскен, өркен жайған қалың елге өз еліңді, өз жеріңді дәл біздердей сүйе біл, қорғай біл деген терең ойды меңзеп тұрғандай. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Айыртаудың қос қапталына тырбиып тал өсіпті. Баяғы қара ниетті жау қолының қара қаны судай шашылған топырақта өскен өскін дейді. Ал бергі бет қырық күн шілдеде қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта жидекке тұнып тұрады. Салт атпен ағаш араласаңыз, ат тұяғы жидектің сөліне қып-қызыл болып боялып қалар еді. Нәрлі, тәтті жеміс. Ел қорғаған қыршын жастардың опат болған алқабына өсіп шыққан, сондықтан нарттай қызарып тұрады дейді білетіндер.

Көкшетау қаласынан алпыс шақырым әрірек, оңтүстік батысқа қарай кілемдей құлпырған құйқалы өңірді алып жатқан саябақтың жалпы көлемі – 182 076 гектар. Ұлттық парктің құрамына Зеренді, Шалқар, Имантау, Айыртау атырабының таулы, орманды алқаптары мен күміс көлдері кіреді. Сөз арасында парктің негізгі міндеттерін бір ауыз сөзбен айта кетелік. Алдымен осы атадан балаға мұра болып қалатын таңғажайып табиғат кешендері мен мөлдір сыры мелтектеген мәдени мұралардың ғажайып ансамбль құрап тұрған бірлігін сақтау, ғылыми әдістемелік негіздерді енгізу, тарихи-мәдени кешендерді мейлінше қорғау. Бұл өлкеде сирек кездесетін, тіпті мүлде азайып бара жатқан табиғи ағза­лар бар. Қымбат қазына. Тағы бір айта кетер жайт, табиғат ескерткіштеріне бай. Туристерді де тартатыны сондықтан. Қа­зіргі заманның туристері күміс көлге шо­мылып, майда құмға аунағаннан гөрі ежелгі замандағы ел тарихын білмекке құмар. Ал олардың сұранысын өтеп, көкі­ректеріне рухани қазынаны толайым қота­рып беруге дәл осы парктің мүмкіндігі мол.

Міне, 300 метр биіктікке барып екіге айырылатын, бірақ етегі ортақ, негізі бір жымдасқан Айыртау шоқысы дәл осындай табиғаттың өз қолымен бар мүмкіндігін сарп етіп тудырған ажарлы ескерткіші.

– Тасаралды көрдің бе? – дейді парктің бас директоры Ербол Сағдиев, – дарқан табиғаттың ғажайып ескерткіші емес пе? Біз осындай жерімізді қадірлей білуіміз керек. Жалғыз өзіміз емес, өс­келең ұр­пақты да туған жерін құрметтей білуге баулып, олардың көкіректеріне сүйіс­пен­шілік сезімін ұялатсақ, ілкіден келе жатқан әр нәрсенің қадірін білер қасиет сабақтастығын табар еді.

Міне, мынау Тасарал сұлулығын си­паттауға тіл жетпейтін табиғаттың ға­жайып бір мүйісі. Ғалымдардың пайым­дауына қарағанда, жаңбыр мен желдің әсерінен пайда болған. Экзотикалық жартастар, әртүрлі пішіндегі тастардың суретін адам сала алмас еді. Сондықтан да, табиғат атты дананың, табиғаты атты шебердің құдіретіне бас иесің. Арал­да итмұрын, таңқурай, қарақат тәрізді өсімдіктер өседі. Ту сонау етегінен ұшар биігіне дейін қылқан жапырақты орман көмкеріп, сұлулық сипатын елден ерек әрлен­діре түскен. Қолсозым жерден кә­дімгі қарағай бұтақтарын иіп, сәлем бер­гендей болады. Міне, мынау сақалды қайың, ұйыса біткен шие ағашы. Әшейінде тұқы­мын қара жер­дің қойнауына сіңіріп, баладай мәпелеп күтсең үйдің жанында өсер-өспесі белгісіз таңқурай. Күміс көлде сужылан бар дегенде, ішімізді тартып қалдық. Естігеніміз болмаса көрмеппіз. Әрі кәдімгі сұржылан деген әсірелеп айт­қанда қадам басқан сайы­н кездесетін сияқты.

вс

– «Көкшетау» дендропаркінің негізі 1904 жылы қаланған, – дейді Ербол Болатұлы, – одан бері қанша заман?.. Осы бір қамқорлықтың арқасында көркем табиғатымыздың сұлу жүзіне сызат түс­пей сақталып қалған. Айыртау филиалы Сырымбет-Түкті орманшылығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ден­­дропарктің жалпы аумағы – 28,9 гектар. Жүз жылдық тарихы бар парктің екпе ағаштарына үнемі бақылау жүргізіліп отырады. Табиғи қайың шоқтар негізінде әртүрлі бұта тұқымдас ағаш егу де қолға алынған. Алғашқы отыр­ғызу жұмыстары 1904-1905 жылдары жүр­гізіліпті. Қазір мұнда қарағай, шырша, балқарағай, қайың, көктерек, ұсақ жапы­рақты жөке, терек, татар үйеңкісі, үшкіл жапырақты үйеңкі, алма және майқарағай өседі. Бұта тұқымдастардан сары акация, жұпаргүл, күнжара, таңқурай, қара және алтын түстес қарақат, аюбадам, тошала және басқа да түрлері бар. Тағы бір айта кетерлігі, дендропарктің оңтүстік-батыс жақ аумағында 1962-1963 жылдары отыр­ғызылған жеміс бағы бар екен.

Сөз арасында парктің жануарлар мен өсімдіктер әлеміне өте бай екенін айта кетелік. Бір ғана омыртқалы жануарлардың фаунасы 293 түрді құрайды. Сібір тайгасына жататын жануарлар түрлері де мол. Мәселен, бұлан, сілеусін, орман сусары, ақкіс. Сондай-ақ мұнда құр, борсық, елік жиі кездеседі. Ал суы мөлдір көлдерде су егеуқұйрығы, су ондатры мекендейді.

Солтүстіктің қатал екендігі белгілі. Парктегі қыруар аңның қыстан қысылмай шығуы өз алдына бір міндет. Сондықтан, ағаш арасын қар қалың басқан кезде қажет болатын аң азығы да ерте дайындала­ды. Биыл 267,3 тонна шөп, 253 мың дана азықтық бұта буындысы дайындалыпты. Минералды қоректендіру жайы да ойластырылған. Диқандардан астық қалдығын сатып алмақ. Ит тұмсығы өтпей­тін қалың ормандардағы бұлан, бұғы, қабан, қоян сақылдаған сары аязда та­биғат жанашырлары жинаған азық­пен қоректеніп, қатал қыстың қыры­нан жү­демей шығады. Негізінде парк қара­шаның 15-інен бастап жабайы жануарларды қоректендіруді бастайды. Парк аумағында жабайы жануарларға арналған 200-ден астам астау, 243 сортаң, 34 арнайы жаб­дықталған қоректендіру алаңқайлары бар.

Ұлттық табиғат паркінің аумағында қарағайлы орман флорасының 36 түрі бар. Бір айта кетерлігі, оның көбі сирек кездесетін, қорғауды қажет ететін өсім­діктер. Атап айтатын болсақ, қырық­жа­пырақтылар, сүйсін тұқымдастар, алмұрт шөптері, терістік жалманағы. Оған Имантау көлінің аралында өсетін қазақ аршасын қоссаңыз, өсімдіктер әлемі­нің қаншалықты бай екендігін аңға­руға болады. Дәл осы жерден алмұрт шөп пен еуропа жылқы шөбін кездес­тіресіз. Көкшетауда ғана емес, елімізде сирек кездесетін су шырмауық, тас қарақат, алтай ұшқаты, мойыл, шәңгіш те бар. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген көктем жанаргүлі, сазқазанағы, кәдімді шолпан кебіс, ірі гүлді шолпан кебіс, қырғыз қайыңы, бұғы кладо­ниясы, ақтұңғиық, сарғылт жуа, дөңгелек жапырақты шықшөп тәрізді өсімдіктер бар. Осы бір сирек дүниеге жатаған жебір­ді, кәдімгі мыңжапырақты, түймеше­тенді қоссаңыз, парк аумағының қаншалықты бай екендігін түйсінер едіңіз.

Табиғи ескерткіштер туралы көп айтуға болады. Соның бірі – Зеренді көліндегі Көкарал. Ғалымдардың болжауына қарағанда, Зеренді көлінің суының азаюына байланысты ІХ ғасырда түбекке айналса керек. Көкарал туралы көркем аңыз өте көп. Бір-біріне ғашық болған қос ғашық қосыла алмапты. Себеп, ата-аналарының тіл табыса алмауы. Енді қайтпек, жалғыз амал – қашу. Қашқанда қай жерге барып паналамақ. Әрі-бері ойласа келе, құстың ұясындай жып-жылы, жастардың көкіректеріндегі әдемі сезім тәрізді салтанатты Көкаралға бет алулары керек. Осылай ұйғарған екі жас Көкаралды мекен етеді. Арал да өзінен пана іздеп келген жастарды бауырына тартыпты. Өсіп-өнсе керек. Екі жастың ыстық махаббатынан нәр алды ма екен, көгілдір мұнарға бөленген Көкарал одан сайын әдеміленіп, ажарлана түскен деседі. Осы бір әдемі аңыздың астарынан табиғат пен адамның ажырамас бірлігін көруге болады.

Уақыт шаңқай түске таяп қалған. Нарттай қып-қызыл күннің көзі Тасқа­занның иығына ілініп тұр. Төңіректің бәрі күннің қызыл шалқын шапағына бөленіп, мамыражай күй кешкен. Сәулелі салтанат арайланып тұр. Құтты еліміздің болашағы тәрізді!

 

Ақмола облысы