Қазақстан • 03 Қараша, 2022

HR студенттерінің алғашқы форумы

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ заң университетінде «Дарындарды басқару – HR студенттерінің бірінші форумы» өтті. Форумға еліміздің 12 университетінен 70-ке жуық болашақ HR мамандары қатысты. Аталған іс-шара Қазақстанның HR қауымдастығымен бірлесе отырып, еліміздің жоғары оқу орындарындағы HR студенттеріне ерекше назар аудару, оларға беріліп жатқан білім сапасын саралау мақсатында ұйымдастырылды.

HR студенттерінің алғашқы форумы

Форумға Президент Әкімші­лігінің Мем­лекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Ахметов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, HR ме­неджерлері қауымдастығының Жалпы жиналысының төрағасы Әлихан Байменов, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Орда­баев, уни­вер­ситеттің басқарма төрағасы Тал­ғат Нәрікбаев және басқа да таны­мал қоғам қайраткерлері, HR ме­нед­жерлер мен инфлюенсерлер қа­тысты.

«Шешімнің жолы – маманда. Джин Коллинз өзінің «Жақсыдан ұлыға» атты еңбегінде барлық мәсе­лені мықты кадр шешетінін атап өткен болатын. Біздің уни­верситеттің басты мақсаты – халыққа қызмет ету. Сол себепті қоғамға керек тұлғаларды даярлаймыз. Өйткені әрбір диплом алған түлекке жауаптымыз», деді Т.Нәрікбаев.

Маман даярлауға қатысты ма­ңызды мәслихатта HR-дың жоға­ры оқу орындарындағы оң өзге­рістерді басқарудағы рөлі, қазіргі HR студенттердің еліміздегі кор­пора­тивтік басқару мәдениетін дамы­ту­дағы әлеуеті төңірегіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

«Адами капиталдың даму деңгейі – әлеуметтің даму индикаторы. XXI ғасыр – түрлі биотехнология, инфокоммуникация заманы. Бірақ осының бәрі адам үшін, адам жасайды. Адам­зат технологиялық даму сатысы жоғарылаған сайын адами капитал құндылығы да нығая түседі. Сол себептен ортамызға келіп отырған студенттер – болашақ HR мамандардың сапасы маңызды. Форумға қатысып отырған білім алушыларға 500-ден астам кәсіби маман кіретін HR менеджерлері қауымдастығына бір жылдық мүшелігін тегін ұсынуды құп көріп отырмыз», деді Ә.Байменов.

Барлық оң өзгерістің негізі – адам капиталы. Ал сол активтi құнды ететін, үздіксіз дамытатын қазақстандық жоғары білім оша­қ­тарында HR мамандарының дайын­дығы, HR оқу бағдарламалары сапасы, заманауи үдерiс-талаптарға сәйкестігі, өндiрiс-әлеуеттi жұмыс берушілермен байланыс тетіктері, университеттердің окытушы-қыз­меткерлерін кәсіби дамуға ынталандыратын HR стратегиясы өте өзекті.

«Университеттердің HR командалары оң өзгерістерді қамтамасыз етуде маңызды тетік екенін бәріміз мойындаймыз. Оқытушылар, ға­лымдар, әкімшілік қызметкерлер – барлығы университет миссиясы мен стратегиясын, мемлекеттік саясат тұрғысынан жоғары білім мен ғылым алдындағы басты мақсаттарды жетік түсініп, сапалы білім беру үшін де HR менеджменті ынталандырудың, мотивациялаудың заманауи ерек­ше­ліктері мен үдерістерінен хабардар болуы уақыт талабы. Мықты HR-ы бар ұйым қай кезде де алдыңғы шепте болмақ. Осы форумның қоры­тындылары міндетті түрде бұқараға жеткізіліп, мамандардың күнделікті жұмысында қолданылады. Осындай уақтылы әрі өзекті бастаманы алға тартып, HR студенттерінің бірінші форумын ұйымдастырған оқу орнына алғыс айтамын», деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.