Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте бизнестің проблемалық мәселелерін шешу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын негізсіз талаптарды қайта қарау және қысқарту жөніндегі жұмыс барысы қаралды.
«Тездету керек. «Атамекен» ҰКП тарапынан қолдау тапқан және мақұлданған талаптар бойынша заңнаманы «тазарту» қажет: бұл нормаларды бұйрықтар мен қаулылардан алып тастау керек. Талдау жұмысы аяқталғанша күтпеңіздер. Қажетсіз талаптар анықталды ма? Жұмысын тоқтату үшін оларды жою бойынша дереу шаралар қабылдау қажет», деді Әлихан Смайылов.
Мемлекеттік органдар бұрын талданған 18 сала, соның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай өндіру, көлік және сауда салаларында заңға тәуелді актілерге және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсімін бастады.
Билік жұмысты 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.
«Бизнес үкіметке проблемалық мәселелер айтады, біз оларға өз ұстанымымызды білдіреміз. Үкімет барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып шешім қабылдайтындықтан, бізде әрқашан ортақ пікір бола бермеуі мүмкін. Бірақ кәсіпкерлердің әрқашан бір нәрсемен келіспейтінін айтуға мүмкіндігі бар. Біз диалогқа ашықпыз, осы тақырыптарды талқылап, келісілген шешімдер қабылдаймыз», деді Премьер-Министр.