Қазақстан • 04 Қараша, 2022

Қазақстанның дінаралық диалогтың жаһандық процесіне қосқан үлесі

2075 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі өтті.

Қазақстанның дінаралық диалогтың жаһандық процесіне қосқан үлесі

Съезді қорытындылай келе, әлемде туындайтын этносаралық және конфессияаралық қақтығыстардың алдын алуда қазақстандық тәжірибенің жаһандық деңгейде сұранысқа ие болып отырғанын атап өту аса маңызды деп ойлаймыз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі Қазақстан үшін аса маңызды уақытпен тұспа тұс келді. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды демократиялық, әділ Қазақстан құру жолында келелі реформаларды бастап,   негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қараша айының соңында Қазақстанда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауы - саяси жүйені трансформациялаудың, оң өзгерістің дәлелі іспетті. 

Соңғы жылдарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформатор ретіндегі негізгі жетістіктерінің бірі - бұл жаңа экономикалық саясат, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін біріздендіру, адам құқықтарын саяси жаңғырту және қорғау болып табылды. Бұл өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп санаймын.

Президент Тоқаевқа халық сенімінің берік те ізгі екені белгілі. Бұл, менің ойымша, 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Президент сайлауы барысында расталады.

Сонымен қатар «қаралы қаңтар» оқиғасы барлығымыз үшін маңызды сынақ болғанын атап өткім келеді. Осы оқиғадан кейінгі жасалып жатқан тұжырымдама мен реформалар - ел дамуының жаңа кезеңіне әлеуметтік, экономикалық және саяси серпін берді.

Бүгінгі таңда Президент жүргізіп отырған саясаттың алдыңғы шебінде -  халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және экономиканы жандандыру тұр.

Бұл бастамалар «Жаңа Қазақстан» идеясының негізін және ел дамуының жаңа кезеңін білдіреді. Президент өзінің Жолдауында атап өткендей, Қазақстан халқы әрқашан бейбітшілік пен тұрақтылықты бірінші орынға қойып, осындай қиын кезеңде ел бірлігіне берік болуымыз керек.

Биылғы күз Қазақстанда бүкіл ел үшін тағы бір маңызды күн болып белгіленді.

Жақында ғана Қазақстан ұлттық мереке - Республика күнін атап өтті.  Бұл ел үшін аса маңызды күн, өйткені дәл осы күні 1990 жылы Қазақстанның Мемлекеттік Егемендік туралы Декларациясы қабылданды. Бұл - Қазақстанның Тәуелсіздік жолындағы алғашқы тарихи қадамдарының бірі.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстан бейбіт сүйгіш ел ретінде танылды. Оған дәлел, Астана - Сирия мәселелерін реттеу бойынша келіссөздер жүргізудің бастамашысы, Иран энергетикалық бағдарламасы мен оның ядролық қарудан бас тартуының жақтаушысы болды.

Бүгінгі таңда Қазақстан бүкіл әлем жұртшылығының назарында. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі, АӨСШК саммиті, ТМД  мемлекеттер басшыларының кеңесі, «Орталық Азия – Ресей»  саммиті, Мемлекет басшыларының екіжақты кездесулері – бұл тарихи оқиғалардың барлығы дерлік  Астанамыздың бірегей диалог алаң ретінде халықаралық имиджін қалыптастыруда.

Еліміздің халықаралық имиджін қалыптастыруда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі ерекше рөл атқарады.

Өзінің 20 жылға жуық тарихында ол конфессияаралық және өрениетаралық диалогтың жаһандық процесіне елеулі үлес қосты. Өзінің табысты ісімен ел ішінде және халықаралық аренада келісім мен толеранттылық, түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайту бойынша әлемдік қоғамдастықта ерекше орын алды. Айта кету керек, бірінші Съезд 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін өтті. Бүкіл әлем бөліне бастаған кезде қоғамдағы радикалдану деңгейі көтерілді. Дәл осы сәтте рухани көшбасшылардың қатысуымен осындай ауқымды іс-шара өткізу идеясы пайда болды, оны сол кезеңдегі көптеген саяси қайраткерлер қолдады.

2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезін ұйымдастыру мен өткізу және оған жоғары деңгейдегі қонақтардың келуі, Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы беделін, ҚР Президенті мен Қазақстан халқына деген үлкен сенім мен қолдаудың айқын дәлелі.

Аталған Съезге Ватикан басшысы Рим Папасы Франциск, «Әл-Азхар» ислам университетінің жоғарғы имамы Шейх Ахмед Әл-Тайеб, Кавказ мұсылмандары Басқармасының Төрағасы Шейх-уль-Ислам Аллахшукюр Пашазаде, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы доктор Мұхаммед бен Абдулкарим әл-Иса, III Иерусалим Патриархы Теофил, Мәскеу Патриархатының сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы митрополит Волоколамский Антоний, Қазан және Татарстан митрополиті Кирилл, Израильдің Бас Ашкенази раввині Дэвид Лау, Израильдің Бас сефардиялық раввині Ицхак Иосиф, «Акшардам» Қоғамдық келісім саласындағы қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Джайотиндра Мукундрай Даве, Қытай буддистер қауымдастығы төрағасының орынбасары Цзун Син, сондай-ақ АҚШ, Еуропа және Азиядан келген жетекші діни және халықаралық ұйымдардың басқа да делегациялары қатысты. Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне әлемнің 50-ге жуық елінен 100-ден астам шетелдік делегаттар қатысты. Олардың арасында ислам, христиан, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм, буддизм, бахаи, джайнизм өкілдері бар.

VII Съездің ашылуы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрлерін, толеранттылық пен ашықтық рухын бойына сіңірді. Сондықтан ол айтқан «әртүрліліктегі бірлік» қағидаты Қазақстан үшін негіз болды.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 100-ден астам этностың өкілдері рухани келісімде өмір сүруде. 18 конфессиядан 4000-ға жуық діни бірлестіктер еркін жұмыс істейді. Бұл баға жетпес байлық және Қазақстанның басты  артықшылығы деп санаймыз. Съезді өткізу біздің елімізде де, бүкіл әлемде де диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Барлық алдыңғы форумдарда қабылданған декларациялар радикализмді, зорлық-зомбылықты және қақтығыстарды қандай идеяларды қамтыса да үнемі айыптады. Қазіргі күрделі заманда діни лидерлер бір үстелде отырып, бүкіл әлемге кез-келген келіспеушіліктерді жеңетін ізгі ниеттің үлгісін көрсетуі өте маңызды. Бұл, менің ойымша, Съездің басты миссиясы мен ерекшелігі», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елдер арасындағы қақтығыстарды ескере отырып, әлемнің барлық елдеріне ортақ  пандемиядан кейінгі дағдарыс – қақтығыстарды шешуде және бейбіт диалогқа шақыруда діни көшбасшылардың рөлі бұрынғыдан да өзекті.

VII Съезд барысында рухани көшбасшылар, саяси және мемлекет қайраткерлері, халықаралық және қазақстандық сарапшылар қазіргі әлемдегі рухани-моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлін, бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы дін көшбасшыларының  үлесін жан-жақты талқылай алды. Сонымен қатар Съезд барысында әлемдік дінаралық диалог пен бейбітшілік, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері, әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ діни қауымдастықтардың әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы рөлі талқыланды.

Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі жылдың басты халықаралық оқиғаларының біріне айналды.

Айта кету керек, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII Съезі халықаралық сарапшылардан, саяси шолушылардан көптеген оң баға алып, отандық және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары – Associated Press, Reuters, France Press, Euronews және т. б. әлемнің 33 елінен келген журналист өкілдері  айтарлықтай қызығушылық танытты. 

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары VII Съезінің қорытындысы бойынша Декларация қабылданды. Онда VII Съезге қатысушылар әлемнің кез келген бұрышындағы қақтығыстар мен қантөгістерді тоқтатуға шақырып, әлемдік көшбасшыларға жүгінді.

Сондай-ақ Съезге қатысушылар Қазақстанның гуманитарлық бастамаларына қолдау білдірді.

«Біз Қазақстан Республикасының өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың беделді және жаһандық орталығы ретіндегі рөлін растаймыз», Декларация мәтінінде.

Қазіргі уақытта шетелдік саясаткерлерді, сарапшылар мен журналистерді диалогқа тарта отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын және халықаралық ақпараттық күн тәртібіндегі Декларацияны белсенді және дәйекті ілгерілету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Съездің қорытынды құжатында Қазақстанның халықаралық бастамалары көрініс тапты. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықаралық аренада бейбітшілікті жақтайтын ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істердегі сенімді әріптес ретіндегі өз ұстанымын тұрақты түрде нығайтып келеді.

 

Б.Сәрсенбаев,

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы