Елорда • 05 Қараша, 2022

Астанада тағы бір автомобиль көпірі ашылады

506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жаңа көпірдің құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада тағы бір автомобиль көпірі ашылады

«Жыл сайын қала тұрғындарының қатары көбейіп, көлік нөпірінің артуына байланысты жол-көлік желісін дамытуға тиісті көңіл бөліп келеміз. Трафикті жеңілдету және аудандар арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз ету үшін көпірлер, көшелер саламыз. Сол сияқты жолдарды кеңейту жұмысын жүргіземіз», деп жазды әкім.

л

Қала әкімі Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысының барысымен танысты. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

«Бұл көпірді 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың тамыз айында Ұлы дала даңғылындағы жаңа көпір үстіндегі қозғалысты аштық. Көпір Мәңгілік ел даңғылына, А. Байтұрсынов, Р. Қошқарбаев, Ж. Нәжімеденов көшелеріне, Nova City ауданына, «Мыңжылдық» аллеясында көлік ағынын сейілтуге, «Нұрлы жол» жаңа вокзалына, Тельман және Промышленный елді мекендеріне, Метро гипермаркетіне, Жұмабаев даңғылына, Жүргенов көшесіне және т.б. қолжетімділікті арттырады.

Сол сияқты осы айда А62 көшесінде (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі аралық) қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл көше Қарағанды тас жолы, «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы және қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді», деді Алтай Көлгінов.

л

Сонымен қатар ол соңғы жылдары 400-ден астам көше жөнделгенін және олардың жартысы елді мекендерде орналасқанын атап өтті.

«Осыған дейін біз кешенді көлік схемасы (ККС) тұжырымдамасын бекіттік. ККС тұрғындардың жыл сайынғы өсімін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді», деп жазды елорда әкімі.