Экономика • 07 Қараша, 2022

Иранмен арада жүк айналымы артады

99 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Иран арасында тауарлардың жүк айналымын жылына 1-ден 4 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы меморандумға қол қойылды. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Иран Ислам Республикасына екі күндік жұмыс сапарымен барған еді. Аталған келісім осы сапар аясында жасалып отыр.

Иранмен арада жүк айналымы артады

Делегация құрамында қазақ­стандық ұн өндіру, астық және ет одақтарының, Қазақстанның аг­рарлық және өнеркәсіптік сая­сатын дамытуға жауапты мем­лекеттік органдардың, «ҚТЖ» ҰК АҚ, Азық-түлік корпорациясының өкілдері мен басқа да мүдделі қатысушылар бар.

Тараптар қазақстандық аграр­лық және өнеркәсіптік өнімдер үшін жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктерін, қолда­ныс­тағы солтүстік-оңтүстік бағыт­тағы кедергілерді жою мәселе­лерін талқылады. С.Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан мен Иран арасында өзара сыйластық, сенімді қарым-қатынас орнаған. Елдер арасындағы сауда-эко­но­микалық әріптестікті ілгерілетуге 2022 жылғы маусым, қыркүйек-қазан айларында өткен ең жоғары деңгейдегі бірқатар кездесулер елеулі серпін берді. Мемлекет басшылары сапарлары қорытындысы бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді және Қазақстан-Иран өзара іс-қимылын жандандыруға бағытталған тапсырмалар берілді.

– Қазақстан бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн өнімдерін, ет, өсімдік майларын және басқа да өнімдерді экспорттауға да­йын. Біз Иранмен агроөнеркәсіптік өнімдердің өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға және Қазақстан үшін Пәкістан, Үн­дістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шы­ғыс Африка сынды жаңа на­рықтарға шығуға қызығу­шы­­лық танытудамыз. Ирандық әріп­­тес­тердің саладағы тәжіри­бесі біздің бизнес үшін өте пайдалы болары сөзсіз, – деді С.Жұманғарин Иранның ауыл ша­руа­шылығы министрі Сейед Джавад Садатинеджадпен кездесуде.

Иранның Көлік және қаланы дамыту министрі Ростам Қасе­мимен кездесу барысында С.Жұ­манғарин қазақстандық тараптың тауарлар ағынының көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін ұлғайту ниетін айтты. Ол үшін кездесуге қатысушылар 2022 жылдың соңына дейін «тар» инфрақұрылымдық орындарды жою және 2022-2025 жылдарға арналған Солтүстік-Оңтүстік бағытының әлеуетін дамыту бо­йынша үшжақты жол картасын қабылдауға келісті.

Жол картасына енгізу үшін алда мына қадамдар пысықталмақ: Жүк көлігінің жүргізушілері, халық­аралық тасымалдарға қаты­сушылар үшін арнайы визалық режім құру. Бизнес өкілдеріне осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қосымша қарас­тыру; Бірыңғай тарифті, бірың­ғай көлік құжатын және бірың­ғай ақпараттық жүйені енгі­зуді қоса алғанда, екі елдің кеден­дік ресімдеу процестерін оңтай­ландыру; «Қырғызстан – Қазақ­стан – Ресей» үлгісі бойынша нави­гациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан – Түрік­менстан – Иран» бағыты бойын­ша жүктерді автокөлікпен тасы­малдау бойынша қанатқақты жобаны іске қосу.

Сондай-ақ логистикалық процестер мен екіжақты сау­даның тиімділігін арттыру мақса­тында тарап­тар бірлескен экспорт-
тық-импорт­тық компания құру мүмкін­дігін пысықтауға келісті. Кезде­сулер барысында айтылған барлық тараптар сауда, көлік және логистиканы дамыту сала­сын­дағы өзара іс-қимыл жөніндегі мемо­рандумға қол қоюмен бекітілді.

Биыл қаңтар-тамыз аралы­ғында екі ел арасындағы тауар айналымы 9,3 пайызға өсіп, 350,2 млн долларға жеткен. Былтыр 8 айда 320,4 млн доллар болған еді. Бұл ретте экспорт көлемі өткен жылдың 8 айының көрсеткіштері деңгейінде сақталып отыр (0,1 пайызға төмендеді, 215,3 млн доллар). Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 440,9 млн долларды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 85,1 пайызға ілгерілеу бар екенін көрсеткен.