Қоғам • 07 Қараша, 2022

Нельсонның немересі

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауға Оңтүстік Африка Республикасының президенті болған, саналы ғұмырын адам құқығын қорғауға арнап, Нобель сыйлығын иеленген Нельсон Манделаның немересі келді. G-Global халықаралық бағдарламасының Оңтүстік Африкадағы өкілдігіне жетекшілік ететін Ндилека Мандела С.Өтебаев атындағы Атырау мұ­най және газ университетінде ашылған «Энергетика са­ласындағы әйелдер көшбасшылығы» білім беру бағ­дарламасына қатысты.

Нельсонның немересі

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, әр деңгейдегі мәслихаттарда әйел­дер­дің үлесі 27-30, мемлекеттік қыз­метте – 80, квазимемлекеттік сек­торда – 22, білім беруде – 92, ме­ди­цинада 60 пайыздан астамды құрап отыр. Әр буындағы басшылық лауа­зымдардың шамамен 40 па­йы­зын әйелдер атқарады.

Еліміздің энергетика саласында түрлі лауазымды атқа­рып отырған әйелдер қа­тары аз емес. Мәселен, нә­зік жандардың үлесі Аты­рау мұнай өңдеу зауыты мен NCOC компаниясында – 30, «Теңізшевройл» ЖШС-да 35 пайызға жеткен.

– Қазақстанда әйел­дер құқы­ғын қорғауда ­ай­тар­лықтай жетістік бар. Қазір әйелдер экономиканың әр саласында, оның ішінде энергетика секторында да көшбасшылық позицияға ие болып отыр. Түрлі жобаларды жүзеге асыруға әйелдер неғұрлым көбірек қатысса, соғұрлым оң нәтиже болады. Көптеген елде гендерлік тепе-теңдік әйелдер денсаулығы мен құқығын дамыту бағы­тын­дағы тақырып аясында талқыланып келеді. Осы мәсе­лелерді талқылаудан кейін әйелдерге өз ісімен айналысу үшін гранттар мен несиелер бөлінді. Әлемнің көптеген мемлекетінде әйелдер елдің дамуына белсенді қатыса бас­тады. Біз әйелдердің энер­­гетика секторындағы бар­лық жобаға қатысуына мүм­кін­дік беруіміз керек, – дейді Ндилека Мандела.

 

Атырау облысы