28 Мамыр, 2014

Мүдделер толық ескеріледі

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
0001-234Бейсенбі күні Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады деп күтіліп отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде Сыртқы істер вице-министрі Самат Ордабаев пен Әділет вице-министрі Эльвира Азимова өткізген брифингте осы шарт жобасына қатысты мәселелер сөз болды. Брифинг барысында атап өтіл­гендей, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасы екі бөлімнен – Одақты құрудың негіздік жағдайлары мен қағидалары бекітілген институттық және эко­номиканың нақты салаларын интеграциялау бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің келісімдері көрсетілген функциялық бөлім­дерден тұрады. Алдымен сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаев шарттың инсти­туттық бөлігін әзірлеудегі жұмыс­тарға тоқталды. «Еуразиялық эко­но­микалық одақ бірден қалып­таса салған жоқ, – деді ол осы жөнінде. – Оған мүше болатын мем­лекеттер ТМД-дан бастап, ЕурАзЭҚ арқылы Елбасымыздың Еуразиялық одақ туралы идеясына дейінгі үлкен эволюциялық жолдан өтті. Бұл мәселеде ТМД мен ЕурАзЭҚ ерекше тарихи рөл атқарды. Интеграциялық байланыстар жасай отырып, тәжірибе жинадық. ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағы құрылды, одан кейін Біртұтас экономикалық кеңістікке өту басталды. Ал 2011 жылдың қарашасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шешім қабылданды». Бұдан соң ол шартты әзірлеу барысында жүргізілген келіссөздер жайын атап өтті. Вице-министрдің хабардар етуінше, Еуразиялық экономикалық комиссиясы бастапқыда көлемі екі мыңға жуық беттен тұратын шарттың жобасын ұсынған. Оған Одаққа қатысушы елдер өмірінің барлық жақтарын регламенттейтін қағидаларды енгізуге тырысыпты. «Біз ол жобаны дәл сол күйінде қарастырмадық және талқыламадық, – деді Самат Ордабаев. – Өйткені, құжатта саяси мәселелер де көрсетілген екен. Қазақстанның бірізді ұстанымының нәтижесінде шарт жобасынан ортақ азаматтық, сыртқы саясат, парламентаралық ынтымақтастық, шекаралардың жалпы күзеті және басқа да мәселелер алынып тасталды». Вице-министрдің атап өтуін­ше, Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ туралы шарттың қазіргі жобасында еліміздің барлық ұлттық мүддесі ескерілген. Олар көпжақты құжаттар бойынша реттеледі. Онда тек экономикалық мәселелер болады. Қандайда бір саясат жоқ. «Одаққа мүше мемлекеттермен саяси және гуманитарлық ынтымақтастық бұрынғысынша жалғаса береді, – деді Самат Ордабаев. – Де­генмен, осы салалардағы біздің қатынастарымыз өзге алаңдарда да дамитын болады. Нақтырақ айтқанда, өзара қарым-қатынастар ТМД және ҰҚШҰ шеңберінде жүргізілмек. Сонымен қатар, бүгінде әлеуметтік мәселелердің блогы ескерілген ЕурАзЭҚ жұмыс істеп келеді. Мысалы, елімізде Ресеймен түрлі салалардағы ау­қымды келісімдер базасы бар. Ол 500-ден астам құжатты қамтиды. Сондықтан құқықтық вакуум пай­да болады деген күдік болмауы тиіс». Шарт жобасында Одаққа жаңа мүшелердің кіруіне байланысты бөлек бап бар. Одақтың мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін барлық мемлекеттердің тараптар келіскен жағдайда Одаққа кіруі үшін есігі ашық. Ал Одақ органдарының қызметін қаржыландыру тарап­тардың үлестік жарналары есебінен қалыптасатын бюджет қаржылары есебінен жүзеге асырылады. Бюджеттің қаржылық-шаруашылық қызметіне екі жылда бір рет тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, бюджет қаржы­ларының басқарылуы мен жұм­салуын және тиімділігінің қалып­тастырылуын анықтау үшін аудит жүргізу тетігі де қарастырылған. Әділет вице-министрі Эльвира Азимованың сөзіне қарағанда, құжат Одақтың ресми сайтында Комиссия шешімінің Одақ аясындағы халықаралық аудармалары мен тараптардың мемлекеттік тілдегі жариялануының міндетті қағидаты белгіленіп отыр. «Еуразиялық экономикалық одақ шартында мемлекеттік тілге үлкен мәртебе берілген, – деді вице-министр. – Қатысушы елдердің мемлекеттік тілін құрметтеу арқылы ұлттық мүддені сақтау айқындалған. Осыған байланыс­ты кез келген азамат Комиссия шешімдерінің жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін, ескертпелерін мемлекеттік тілде де жолдай ала­ды. Ал Комиссия оған сол ел­дің мемлекеттік тілінде жауап қай­таруға міндетті. Шарт үш тіл­де – қазақ, беларусь және орыс тіл­дерінде дайындалған». Эльвира Азимова, сондай-ақ, соңғы кезде айтылып жүрген кейбір күдіктерді де сейілткендей болды. «Одақтың құрылуы елі­міздің тәуелсіздіктен айырылуына ешқандай әсер етпейді, – деді ол осы жөнінде. – Бұған шарттағы бірқатар баптар кепілдік береді. Құжат 120 баптан тұрады. Оның ішінде 68 халықаралық келісімдердің ережелері дәреже­ленген. Қазақстан тарапы шарт­қа өзімізге нағыз қажетті маңыз­ды мәселелерді ғана енгізді. Одақ­тың барлық органдарының шешім­дері тек консенсус бойынша қабылданады». Әділет министрі орын­ба­сарының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ БҰҰ қағида­ларын орындауға міндетті. Себебі, жаңадан құрылған кез келген ха­лықаралық ұйым БҰҰ-ның тізі­лімінде тіркелуі тиіс. Құжатта Одақтың халықаралық ұйым екені негізделген. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. «Егемен Қазақстан».