Президент • 07 Қараша, 2022

Маңғыстау облысы әрдайым менің ерекше назарымда - Президент

598 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында облыстағы халық саны 2,5 есеге өскенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстау облысы әрдайым менің ерекше назарымда - Президент

«Тәуелсіздік жылдарында облыстағы халық саны 2,5 есеге өсті. Өңірде халық санының күрт көбеюіне байланысты бірқатар мәселелер бар. Оны біз жақсы білеміз. Мүмкіндікке қарай бәрін біртіндеп шешіп жатырмыз. Жалпы, Маңғыстау облысы әрдайым менің ерекше назарымда. Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен кезде ең алдымен киелі Түркістан мен Маңғыстауға барғанымды білесіздер», деді Президент.

Мемлекет басшысы былтыр Үкімет пен әкімдікке Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырғанын еске салды.

«Былтыр осында арнайы келіп, облысты дамыту туралы ауқымды жиын өткіздім. Үкімет пен әкімдікке Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырдым. Құжат қабылданып, оны жүзеге асыруға тиісті қаражат бөлінді. Өңірдің бәріне бірдей арнайы жоспар қабылданып жатқан жоқ. Осының өзі Маңғыстау жұртының тыныс-тіршілігін жақсартуға айрықша мән беретінімізді көрсетеді. Ендігі міндет – бұл жоспарды мүлтіксіз орындап, өңірді көркейту. Тоғыз жолдың торабында тұрған қазыналы өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар. Маңғыстау облысы қай тұрғыдан алып қарасақ та, ерекше аймақ», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.